Ақтауда бір топ тұрғын 11 шағынаудан 8-15 үй арасынан сауна ашылуына қарсы, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тұрғындардың айтуынша, құрылыс иесі бұған дейін "спорт мектебін салып, балаларға секция ашамын" деп уәде берген. Алайда сөзден тайып, лото клубы мен бар салып алған. Енді ол тағы жаңа коммерциялық ғимарат салып, сауна ашуды жоспарлап отыр.
Ал 11 шағынаудан тұрғындары бұл жайтқа қарсылығын білдіріп отыр. Қала әкімдігіне қаншама хат жолдаған, десе де баяғы жартас - сол жартас.
Тұрғындар өз ауласында ойын алаңы мен көлік тұрағы болғанын қалайды.
– Үш қабатты ғимарат салынып жатқан аумақ спорт залына арналған болатын. Қазір ол жерде бар мен лото клубы бар. Ал енді үшінші қабатта сауна болады деп отыр. Енді құрылыс иесі жақын жерде тағы бір ғимарат салғысы келеді. Бұл аумақ қазірдің өзінде қоршалған. Бірақ біз бұл құрылысқа қарсымыз. Күнде қатты музыка, демалушылардың айқайы, мұның бәрі бізге кедергі келтіреді. Мұнда әлі демалыс аймағы, балалар алаңы, көлік қоятын орын жоқ. Аумақты абаттандыру және салынған ғимаратты мақсатты пайдалану бойынша барлық уәде әлі орындалған жоқ. Ішкі істер органдарына, қала, облыс әкімдіктеріне, прокуратураға қайта-қайта өтініш жолдадық. Бірақ бәрі бекер, – дейді 8-үйдің тұрғыны Наталья Филипова.