Жаңаөзен қаласы тұрғындарының денсаулығы мен өмірін сақтаудағы ең маңызды қажеттілік – заманауи көпбейінді қалалық аурухана пайдалануға берілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аурухана 360 адамды қабылдауға қауқарлы. Озық үлгідегі медициналық-диагностикалық құралдармен жабдықталған.
Заманауи аурухананың салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған қала әкімі дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтады.
- «Бүгін баршамыз үшін үлкен мереке, қуанышты күн! Өйткені, дәл қазір қала тұрғындарына дәрігерлік қызмет көрсететін жаңа көпбейінді қалалық аурухана пайдалануға берілді. Бұл – медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай жасалған үлкен тарту десек те болады. Құрметті дәрігерлер, осы сәтті пайдалана отырып, халық денсаулығын жақсарту жолындағы еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіргім келеді. Сөзсіз, толассыз қызметтеріңіздің өлшемінде қуанышымен қауышқан талай адамның тағдыры тұр. Жаңа заманауи аурухана халық игілігіне қызмет етсін!»,- қала әкімі деді Айбек Қосуақов.
Аурухананың лентасын қию құрметі Медицина ғылымдарының кандидаты, ҚР денсаулық саласының үздігі, Қазақстан эндоскопиялық хирургтар ассосациясының мүшесі, Жаңаөзен қаласының Құрметті Азаматы, Жаңаөзен қаласында 40 жыл еңбек еткен медицина саласының ардагері Бердаулетов Сүлейменге берілді.
Салтанатты шараға Жаңаөзен қаласының әкімі А.Қосуақов, «ӨзенМұнайГаз» АҚ бас директоры М.Ибағаров, дәрігерлер мен қала тұрғындары қатысты.