Кеше Каспий теңізіне қызғылт-сары түсті белгісіз сұйықтықтың төгілгені туралы видео тарады. Облыстық экология департаменті төгілген сұйықтықты анықтап, аталған мекемеге шара қолданатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Экологтардың айтуынша, Маңғыстау облысы экология департаментінің экологиялық бақылау және зертханалық-талдамалы бөлімінің мамандары оперативті шығу ұйымдастырды.
"Нәтижесінде №13 Өрт сөндіру бекетінің техникалық цистернасы тесіліп, ішіндегі өрт сөндіру гидранттарынан алынған 500 л су теңізге төгілгендігін анықтады. Шолу жүргізу барысында теңіз суының сынамалары алынды. Сондай-ақ №13 Өрт сөндіру бекетінің өкілдері аталған мәселе бойынша түсініктеме берді. Алдағы уақытта экология департаменті қолданыстағы заңнама сәйкес тиісті шаралар қабылдайды", - деді Маңғыстау облысы экология департаментінің баспасөз қызметі.