Жаңаөзен қаласының Рауан шағынауданында бес қабатты 160 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Аталған үй 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасының «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша салынуда.
Тұрғын үй осы жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беріледі. Көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы былтыр тамызда басталған. Мердігер мекеме - «АС Құрылыс» компаниясы.
- «Рауан» шағынауданында бой көтеріп жатқан кешен екі корпустан тұрады. Оның әр қайсысында 80 пәтер орналасқан. Аталған үй Жаңаөзен қаласы әкімдігінің тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтарға «Отбасы банкі» арқылы ипотекалық несиеге беріледі, - деді Жаңаөзен қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Қанатбек Гафаров.