Ақтауда ерлер мен әйелдер арасында шахматтан Қазақстан чемпионатының жартылай финалы өтіп жатыр. Жарысқа барлық өңірден келген шахматшылар қатысуда. Олардың ең кішісі 8 жаста болса, ең үлкені – 60 жаста, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО сілтеме жасап.
Чемпионатқа 67 ер адам, 26 қыз қатысып жатыр. Дода шахматтың классикалық түрі бойынша 9 турға бөлінген. Маңғыстау облысының намысын он спортшы қорғап жатыр. Олардың арасында 12 жасқа дейінгі шахматшылар арасында ҚР абсолютті чемпионы Эдгар Мамедов та бар.
Үшінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан чемпионатты ҚР шахмат федерациясы мен «Дебют» шахмат мектебі ұйымдастырды. Мектеп басшысы Анвар Шайхымовтың айтуынша, ел біріншілігінің Ақтауда өтуі өңірдің зияткер спортшылары үшін тәжірибе алмасуға, жаңа деңгейге шығуына үлкен мүмкіндік.
- Күзде өтетін финалды Ақтау қаласына жоспарлауымыздың басты себебі өңір спортшыларына финалдың атмосферасын көруге мүмкіндік тудыру. Мықты шахматшылардың деңгейін көрсетіп, оларды алға жетелеу, - деді «Дебют» шахмат мектебінің басшысы Анвар Шайхымов.
Дода 21 мамыр күні аяқталады.