19 жастағы ақтаулық Жәнібек Жарасұлы Африкадағы бір ауылдың су мәселесін шешуге көмектесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жәнібек Жомарт Стамбулда діни білім алып жатқан студент.
Оның айтуынша, игі бастамаға өзі оқитын медресе алдында ілінген тақтайшалар мен инстаграм желісінде шығатын хабарландырулар түрткі болған.
— Бір аптадай қатты ойланып, ақша жинаймын(сбор) деген шешімге келдім. Сол сәттен бастап мені көп сұрақ мазалады. Егер ертең сомасы шықпай қалса, адамдар дұрыс түсінбесе, жиналған ақша тиісті жерге жетпей қалса не болады деген сұрақтар ойымда жүрді. Бірақ Алланың қалауымен бәрі жоғары деңгейде өтті, - деді Жәнібек Жомарт.
Жәнібек 10 күнде бір миллион теңгеден аса қаржы жинаған. Оған достары мен желі қолданушылары көмектескен. Осылайша, қаражат жіберіліп, африкалық балалар білім алатын медресе жанынан құдық қазылған. Ал балалар ізгі тілектерін айтып, қазақ бауырларына алғысын жеткізді.
— Бұл — Жәнібек Жарасұлының әзірше алғашқы волонтерлік ісі. Бұған дейін ол арнайы волонтер болмағанын және жақсылықты жасырын жасайтынын айтты. Жомарт жанның ендігі үлкен мақсаты — Құран жаттап хафиз атану. Қазақ балаларына құран үйрету, — деді Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметі.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА