Биыл 25 таңбалы Кіші жүз ішіндегі тіл таңбалы Адай тайпасының аса көрнекті тұлғасы, елді жаудан сақтаған батыр, жерді даудан сақтаған ақыл, дәулеті тасқан Сақи – Жарыұлы Дәулеталы бабамызға 380 жыл толды. Осынау күні Атырау облысының Құлсары ауданындағы Кең Жылой жерінде баба әруағы разы болғай деген ниетпен үлкен рухани іс-шара өтті. Дәулеталы бабадан тараған ұрпақтары ата кесенесін жаңғыртып, баба рухына тағзым етіп, Құран бағыштады.
Кең Жылой төсінде республикамыздың бүкіл өңірінен жиылған жұртшылық ата кесенесінің ашылу салтанатына куә болды. Баба рухына бағышталған аста Маңғыстау облыстық «Дәулеталы Ата» қоғамдық қоры бір рулы елдің бабасы, кезінде елінің жел жағындағы панасы - Жарыұлы Дәулеталынының құрметіне жарияланған республикалық ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары жария болды. Мүшәйра бабамыздың аты жаңғырған ақжолтай күнді абыроймен өткізу мақсатымен ұйымдастырылды. Сондай-ақ есімі ұрпақтарының ауызында құрметпен айтылатын Дәулеталы бабамыздың жырдағы, өлеңдегі тұлғасын қалыптастыру, қазіргі қазақ ақындарының поэзиясы арқылы баба бейнесін жырдан сомдау, Дәулеталы руынан шыққан елге белгілі, ұрпаққа аңыз болған Досан батыр, Қоштай сақи сынды тарихи тұлғалардың есімдерін, елдік, ерлік істерін жырға қосу, Маңғыстаудың абзал азаматы Сақып Керелбаевтың бастамасымен 2021 жылы Ата бейіті басында көтерілген кесенеге жырдан шашу шашу, кесенені тұрғызу идеясын қолдаған, бірліктің, батулықтың туын көтерген іргелі ел – Дәулеталы ауылының азаматтарының ортақ іске деген алғаусыз ниеттеріне алғыс айту жыр бәйгесінің негізгі нысанына айналды.
«Жарының бір ауылы – Дәулеталы» атты республикалық жазба ақындар мүшәйрасына белгілі журналист, жазушы Қожа-Ахмет Демеубергенұлы, ақын-жазушы Ерекен Қорабаев, Маңғыстау облыстық мәслихат депутаты Нұрпейіс Сәрсенбай, айтыскер ақын Нұрлан Мұсаев қазылық жасап, әділ шешімін шығарды.
«Жарының бір ауылы – Дәулеталы» республикалық жазба ақындар мүшәйрасы 21 наурыз бен 22 сәуір аралығында өтіп, байқауға 23 ақынның өлеңдері жинақталған. Қазылар алқасы ақындардың арасынан жүлдеге лайық 9 ақынды анықтады. Жыр бәйгесінің бас жүлдесі (1 млн теңге сыйақы) «Дәулеталы ұрпақтары» өлеңін жазған көкшетаулық ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреты, Президент стипендиясының үш мәрте иегері, Қазақстан Жазушылар одағының, Журналистер одағының мүшесі Алмас Темірбайға берілді. Бірінші орын (500 мың теңге сыйақы) «Дәулеталы батыр» деп жырлаған маңғыстаулық ақын, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, ХІХ «Шабыт» халықаралық шығармашылық жастар фестивалінің «Поэзия» аталымы бойынша І орын жүлдегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Асылбек Жаңбырбайға табысталды. Екінші орынға (300 мың теңге сыйақы) облыстық, республикалық жазба ақындар мүшәйраларының жүлдегері, маңғыстаулық ақын Тілеген Әли «Мен, Дәулеталы бабаңмын!» атты монологы үшін лайық деп танылды. Мүшәйраның үшінші орнына (150 мың теңге сыйақы) халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінің лауреаты, Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданынан қатысқан ақын Айдана Сегізбаева «Сегіздің семсерлісі – Дәулеталы» өлеңі, республикалық, аймақтық айтыстарда топ жарып жүрген маңғыстаулық ақын Райымбек Түзелов «Дәулеталы ауылына арнау» атты өлеңі үшін ие болды. Жыр додасының төртінші орнын төрт ақын бөлісті. Маңғыстау облысы Ақшұқыр ауылынан келген ақын Жандос Демесін «Сақып Бүркітбайұлы рухына», Атырау облысы Жылыой ауданы, Құлсары қаласынан қатысқан ақын-журналист Ербол Қошақанов «Ақ дулығалы Дәулеталы батыр!», Маңғыстау облысы Бейнеу ауданынан келген облыстық мүшәйралардың жеңімпазы Гүлсім Шабай «Тәрбие үлгісі», Жаңаөзен қаласы «Мұнайшы» мәдениет үйінің режиссері Ләззат Ерубаева «Даланың ұлы» атты өлеңімен өрелі ой өрнектеп, жеңімпаздар 50 мың теңге сыйақымен марапатталды.
Жыр мүшәйрасында қазылық еткен жазушы Қожа-Ахмет Демеубергенұлы бүгінгі астың рухани мән-маңызы жөнінде баяндады. Атап өтер жайт, жазушының Жарыұлы Дәулеталы бабаның 380 жылдық мерейтойына әзірлеген «Дәулеталы ата» атты деректі фильмі қалың қауымды тарих қойнауына апарып, баба рухымен етене таныстырды.
– Мына маң далаға жиылып, осындай ауқымды ас өткізу оңай шаруа емес. Баба рухына бағышталған ас өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Дәулеталы ұрпақтарының ұйымшылдығын танытты. Еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар келді. Атаның асында менің екі ұсынысым болды. Бабамыздың 380 жылына орай алғаш рет ас өткізілді. Осы күн ұмытылмас үшін кесене маңына бүгінгі өткен ас туралы деректер жазылған обелиск қойылса кейінгі ұрпаққа үлгі болар еді деп ойлаймын. Биыл Дәулеталы атамызға 380 жыл ғой, жер шалғай, ендігіде ұрпақтары жыл сайын келе алмас, сол себепті әр бес жыл сайын атаның басында бас қосып тұрсақ деген де ұсынысым бар. «Тірі адам өлі адамның көзін жабады, өлі адам тірі адамның көзін ашады» дегендей, біздің көзіміз ашылып жатыр. Ата ұрпақтары осы ас ұйымдастырылады дегеннен асқан ұйымшылдығын көрсетіп жатыр. Мәселен, Боранқұл ауылының мектеп жасындағы балалары осы асқа қатты атсалысты. Олар бірнеше рет қой кезекке шығып, біреудің көлігін жуып беріп, біреудің қорасын бұзып, салып беріп, содан тапқан табысын осы атаның қорына қосты. Мұндағы мақсат – ақша жинауда емес, жас ұрпақтың үлкен іске үлес қосуы.
«Жарының бір ауылы – Дәулеталы» республикалық жазба ақындар мүшәйрасында бізге ақындардың өлеңдері авторы көрсетілместен келді. Сонау Көкшетауда тұратын Алмас Темірбай бүкіл Дәулеталының белгілі адамдарын жырға қосып, баба жайында өте маңызды, тағылымды дүние жазған екен. Сол үшін де бас жүлдеге лайық екен деп ақсақалдар да ризашылығын білдірді. Қасиетті Рамазан айында өтіп жатқан мүшәйрада ешкімге қиянат болмасын деген мақсат болды.
Мен кезінде Бекет ата туралы 20 фильм шығарған едім. Дәулеталы ата туралы деректі фильм әзірлегім келді, ұсынысымды ағайын-жұрт қолдады. Фильмнің басында ата туралы қысқаша мәлімет келтіріледі. Себебі, ол кісі туралы мәлімет онша көп емес. Сонымен қатар белгілі тұлғаларымыздың күні бүгінге дейін қай жерде жатқаны белгісіз болып келді. Олар жайлы да тапқан деректеріміз бар. Елі үшін туған асыл азамат Сақып Керелбаев ағамыз кезінде Қаратөбеде үлкен ас өткізген еді. Осы жөнінде де деректі фильмге қостым. Одан кейін «Есте қалған есімдер» деп Дәулеталының белгілі тұлғаларын көрсеттім. Олардың бәрі «Маңғыстау энциклопедиясына» енген адамдар. Фильмге осындай белгілі, елге қадірлі болған он бір адамның есімін енгіздім. Екінші бөлімінде ата кесенесінің табылуы туралы баяндадым. Аян берген Ерлан деген баланың, көріпкел Оразгүлдің, ата ұрпақтарының сөзін бердім. Бұл деректі фильмнің ұрпаққа берер өнеге-тәлімі зор деп білемін, - дейді фильм авторы Қожа-Ахмет Демеубергенұлы.
Кең Жылойдың төсін жылға жуық дүбірге толтырған Дәулеталы атамызға арналған іс-шара барша ағайынның басы қосылған ұлан-асыр аспен түйінделді.
Қазақтың бірлігі айшықтала көрінетін үлкен жиынның бірі ас беру екені белгілі. «Өлі жебемей тірі байымайды» деп сөз қалдырған қазақ үшін ас беру – зор міндет. Осы міндеттің үдесінен күллі Дәулеталы ұрпақтары абыроймен шыға білді.
Ата асының ашылу салтанатында алғашқы сөз Атамыздың кең жайлаған қонысы болған аймақтың, яғни қазіргі Жылой ауданы әкімінің орынбасары Әнуар Шакиров пен асты ұйымдастыру алқасының төрағасы Нұрпейіс Сәрсенбайға берілді.
– Дәулеталы Жарыұлы атамыздың рухына арнап ас беріп кесенесін жаңғыртып жатқан ағайынға айтар алғысымыз шексіз. Бүгін рухани тағылымы зор іс-шаралар өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бұл өз кезегінде келешек ұрпақ үшін үлгі-өнеге деп білемін. Атамыздың асына алыс-жақын аймақтардан ат арылтып, ағылып келіп жатқан қалың қауымды көріп көз қуанып, көңіл жұбанады. Қазақ халқының, ағайынның ауызбіршілігі, ынтымақ-берекесі арта берсін, - деді Әнуар Шакиров.
– Ассалаумағалейкүм, ағайын! Армысыздар, қадірлі туыс-туған, ағайын-бауыр! Жер бетіндегі Жары, Дәулеталы ұрпағы үшін ең атаулы, ең ақжолтай күнде сіз бен бізді жүздестірген мырза Құдайға мың тәубә!
Ата Қазақта «кезеңі келмей, кезегі келмейді» деген тәуір сөз бар. Бүгінгі жиын, бүгінгі ас, бүгінгі құрма – кезеңі мен кезегі қатар келген, кәрі тарихтың бір қатпарында жатып, бізді күткен, біздің заманымызға тап келген, тарих үшін – ақтаңдақ, бүгін үшін – міндет пен абырой, болашақ үшін – жауапкершілік болатын салмағы батпан, ауыр болса ләззаты зор іс еді.
Құдай қолдап қуат берді, ісіміздің басында қадамымызды оңдап, жолымызға шуақ берді, көпшілік, қалың Дәулеталы – сіздер демеп, кең Жылойдың төсіне атамыздың ақ күмбезі орнады!
Тағдырдың жазуымен, қазір алдарыңызда мен сөйлеп тұрмын ғой. Алайда, дәл қазір мені емес, сайрап тұрған бір сүлейді тыңдап отыруларыңыз керек еді. Дәл осы жерде Адайдың биі Дәулеталы атамыздың жатқан жерін өмір бойы іздеп, дегеніне жетіп, тауып, осы кесененің осында орнауына мұрындық болған, алғашқы іргетасын қалап, құрылысын бастаған, кесененің ғана емес тұтас Дәулеталы ұрпағының бірлігіне қазық қаққан қайраткер ағамыз, елдің ағасы – Сақып Керелбаев тұруы керек еді күркіреп...
Дәм тартпады, дем жетпеді, ағайын. Ағадан оқыс көз жазып қалдық. Алайда, аға армандаған, ел көксеген ақ жолтай күнді, ғажап сәтті бастан кешіп тұрмыз. Атамыздың ақ күмбезі айбарланып, Ұлы даланың – кең Жылойдың сәулеті келіскен ескерткіштерінің ансамбліне лайықты қосылды.
Қадірлі ағайын, «елге қызмет – ерге міндет» дейді. Біз сол міндетімізді атқардық. Қолдан келгенді аянып қалмадық, шама жетер жерге дейін шаптық. Ұлы Бабамыздың әруағы, үлкен ағамыздың арманы, болашақ ұрпағымыздың жарқын таңдары үшін тер төктік, мынау айбарлы ақ кесенеге бір-бір кірпішімізді қаладық.
Қасиетті ақ кесене енді жер бетіндегі Дәулеталы баласының елжіресіп келіп, айқұшақ қабар қасиетті нүктесіне айналады. Кесене ғана емес, келешек ұрпақты бірлік пен татулыққа, елдардық пен дегдарлыққа шақыратын маңызы үлкен ұстын.
Осы астың хабары шыққаннан бері үлкен істің жолында кіші мәселенің бәрін құрбан етіп жүгірген, ауызбірліктің қандай екенін әйгілеген әр тумаласымыздың, Дәулеталының әр азаматының жеке-жеке қолын алып, құшақтап құттықтадым деп есептеңіздер. Мен сіздерге ризамын, бауырларым!
Қарға тамырлы қазақтың бөтені жоқ, Асқа тілектестік білдіріп, ықылас-пейілін, көмегін ұсынған басқа да ағайынға бас ием, шексіз разы екенімді білдіремін.
Құрметті ағайын! Қадірлі халайық! Қазақ бірлігі бекем кезде ұтылған емес. Алтау ала болған кезде ұтқан кезі де сирек! Атамыздың ақ кесенесі бірлікке үндейтін ақжолтай нышан! Әруаққа, Бабамызға осылай қызмет көрсету арқылы бірлігі бекем ел екенімізді сездіреміз. Құдайым осы бүгінгідей тұтастықтан, бүгінгідей бірліктен айырмағай! Алла тағала Алашқа пана болсын, Қазақия аман тұрсын, аман болыңыздар, ағайын! – деп жүрекжарды тілегін білдірді Нұрпейіс Мизанбайұлы.
Ата әруағын құрмет тұтқан жиында салтанаты аламан бәйгеден кем түспейтін тойбастар деген ежелгі дәстүрмен атамыздың асына маңғыстаулық белгілі жыршы Жеткізген Сейітов арнау айтты. Дәулеталы ата асының дүбірі кең байтақ қазақ сахарасына тегіс жетті. Ат бәйгесіне Қазақстанның түкпір түкпірінен, ақындар мүшәйрасына шетелдегі қандастарымыздан да жыр жолдары келіп жатты. Бұның бәрі мерейді өсірмей, көңілді тасытпай қоймады. Дәулеталы атамыздың ұрпақтары бүгінде әлемнің әр түкпірінде өмір сүріп жатыр. Ендігі жерде ақ кесене кең Жылойға тартып тұратын алып магнит іспетті болды. Асқа сонау Алатау бөктеріндегі арайлы Алматыдан арнайы келген делегация да болды. Бұл қатарда Дәулеталы атамыздың ұрпағы, тарих ғылымдарының докторы профессоры Жұмат Тілепов, Мадрид университетінің профессоры, доктор Самат Өтенияз, Адайдың аяулы перзенті, Жылойдың тумасы, Ақбота Жеменей, Қабиболла Сыдиықұлының асыл жары Гүлшат Омарқызы және Атырау облысындағы Адай Ата қауымдастығының төрағасы Ерқұл Дәулетбаев болды. Дәулеталы кесенесі – көптеген тылсым жағдайлар мен біраз ғылыми зерттеулерден соң дүниеге келген қасиетті нысан. Осы кесененің тарихын, жер тарихын, осы маңайдағы жер-су атауларының этимологиясын зерделеген Жылой ауданы, Құлсары кентінің тұрғыны, ата ұрпағы Кеңберік Тілеубаев ғылыми баяндамасын оқыды. Ата кесенесін жаңғыртып, жаңа келбетте тұрғызған бригаданың бас шебері Жандос Демесін игілікті іске Дәулеталы ұрпақтары үлкен ұйымшылдықпен атсалысқанын атап өтті.
– Өткен жылдың басында Дәулеталы ата ұрпағы Нұрпейіс Мизамбайұлы атамыздың жатқан жері табылғанын айтып, басына кесене тұрғызу жөнінде ойларын ортаға тастаған еді. Осылайша Дәулеталы атамыздың басына арнайы сапарлап барып қайттық. Бұл кезінде Адай руының жайлауы болған жер. Кесененің қасында 500 метр жерде Дәулеталы құдығы бар, сол маңда Дәулеталы көлі болған. Бұрынғы ескі кесенесі болған екен. Көлемі үлкендеу, саз балшықтан салынған. Бірақ кесененің тең жарымы құлаған. Бұрынғы кесене алты қырлы болды. Сол себепті алты қырлы қылып жоба дайындадық. Ол жоба Сақып Керелбаев ағамыз бастаған Дәулеталының ақсақалдарына, ұйымдастыру алқасына ұнады. Сақып ағамыз кесенінің екі қапталынан терезе жасауды өтінді. Мұндағы мақсат – осы терезелер арқылы ескі кесене көрініп тұрса деген ниеттен туды. Сақып ағамыз ұйытқы болып, ағайынның басын біріктіріп, жеделдетіп қаражат жинауды бастадық. Әрине, Дәулеталы ұрпақтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, үлкен ұйымшылдықпен істі аяғына жеткізгеніне куә болып отырмыз. Кесененің биіктігі – 13 метр, диаметрі – 6,5 метр. Кесенені 3 ай ішінде салдық. Қасында қонақүйі қоса салынды. Әрине, кесенені тұрғызу оңай болған жоқ. Орталықтан құрылыс материалдарын сатып алып, жеткізу қазіргі нарық заманында қиындау болды. Дегенмен, «көп түкірсе көл» дегендей, ағайынның ауызбіршілігінің, құрылысты жүргізген бригада жұмысшыларының табандылығының арқасында қыр төсінде осындай әдемі күмбез орнады, - дейді ол.
Адай жұртының ардақты тұлғасы болған, күні бүгін ордалы елдің Атасына айналған Жарыұлы Дәулеталы бабаның 380 жылдық мерейтойына орай берілген аста «Аламан» және «Ошақ» бәйгесі, балуан күресі өтті.
Ошақ бәйгеде 1 орын (кілем жабылған атан) Маңғыстау облысынан «Димаш торы» атымен Ибрайым Темірлан шабандоз, 2 орынды (мотоцикл) Атырау облысы Жылыой ауданы Шоқпартоғай ауылының азаматы Айдар Ерболатов, 3 орын (теледидар) Маңғыстау облысынан «Нұршах» атымен Мұқасан Мықырбаев шабандоз, 4 орынды (тоңазытқыш) Қызылқоға ауданынан «Қарақұс» атымен Әли Жанболат шабандоз иеленді.
Аламен бәйгеде топ жарып шыққан Маңғыстау облысынан «Мұзбел» атымен Ақжан Жамансарин бірінші орынға ие болып, автокөлік кілтін қанжығаға байлады. 2 орынды маңғыстаулық шабандоз Әділқажы «Тұлпархан» атымен (1 500 000 теңге), 3 орынды маңғыстаулық шабандоз Бекарыс Қайдолла «Нар қасқа» тұлпарымен (мотоцикл), 4 орынды Маңғыстау облысынан Мирас шабандоз «Жұмбақтас» жүйрігімен, 5 орынды тағы да маңғыстаулық шабандоз Мейіржан Бисенбі «Ерке торымен» қанжығаға байлап, теледидар, тоңазытқыш секілді бағалы сый-сияпаттар алды.
Түйе палуан жарысында додаға 22 палуан қатысты. Жарысты Қазақстан барысы турнирінің 3 дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаевтың жеке бапкері Елдос Далабай бастаған төрешілер тобы өте жоғары деңгейде өткізгенін ерекше атап өту керек. Түйе балуан сайысының 4 орыны Қызылордалық атақты палуан, Қазақстан барысы турнирінің жүлдегері, Қазақ күресінен әлем чемпионы Нұрым Сәлімгереевке бұйырса, 3 орын Батыс Қазақстандық, Қазақстан барысы турнирінің тұрақты қатысушысы Темірлан Көлбайдың еншісіне бұйырды. Ақтық сайыс Қызылордалық қос балуан Қазақстан барысы Еламан Ерғали мен Қазақ күресінен әлем чемпионы Мақсат Исағабыловтың арасында өтіп, тартысты бәсекеде Еламан Ерғали топ жарып 1,5 млн тенге жүлдені иеленді. Мақсат Исағабыловқа 1 млн теңге екінші жүлде табысталды. 3 орын алған Темірлан Көлбайға 500 000 теңнге, Нұрым Сәлімгереевке 150 000 теңгенің жүлде табысталды.
Күллі қазақ жұртының рухын шаттандырған салтанатты жиында Дәулеталы атаның ұрпағы, Маңғыстау облысы, Қызан ауылынан келген әнші, сазгер Хами Молдаев жаңа туындысы «Дәулеталы Ата» әнін шырқады. Жарыұлы Дәулеталы атамызға арналып Құран Қатым түсіріліп, соңынан аят оқылып, дұға бағышталды.
Жайық НАҒЫМАШ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН