Өңірде жыл басынан бері 247,7 мың шаршы метр тұрғын үй аяқталды. Бірнеше үйдің құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Бұл туралы Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқарма басшысының міндетін атқарушы Айнұр Манкешова мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, Форт-Шевченко қаласындағы 3,9 мың шаршы метрді құрайтын 72 пәтерлік тұрғын үй осы жылдың 3-тоқсанында бітеді.
— Биыл 1 млн. 50 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Атап айтсақ, мемлекеттік тапсырыс бойынша — 45 000 шаршы метр, коммерциялық тұрғын үйлер — 602 000 шаршы метр, жеке тұрғын үйлер 403 000 шаршы метр болмақ. Несиелік тұрғын үй бойынша 65,3 мың шаршы метрді құрайтын 1035 пәтерлік тұрғын үй салу жоспарланған. 2022 жылы қаражат толығымен қарастырылса, оның 819 пәтерін (50,4 мың ш.м.) аяқтау жоспары бар және жобаның ЖСҚ-сы өзгеруіне байланысты 216 пәтерлік тұрғын үй құрылысы 2023 жылға ұласады. 19"а" шағынауданында 22,434 мың шаршы метр болатын 432 пәтерлік тұрғын үйлер құрылысы жүріп жатыр, — деді Айнұр Манкешова.
Сондай-ақ, «АҚҚУ» шағынауданының 3-бөлігі салынып жатыр. 227 пәтерлік тұрғын үй 17,056 мың шаршы метрді құрайды. Жаңаөзен қаласында 160 пәтерлік 5 қабатты тұрғын үй салынуда. Ақтау қаласының 18-шағынауданында 216 пәтерлік 9 қабатты 4 тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Жобаның ЖСҚ өзгеруіне байланысты 2023 жылға жалғасады.
Бұдан бөлек, басқарма өкілі инженерлік желілер бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Спикердің айтуынша, биыл инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысындағы 16 жобаны орталық мемлекеттік органдар мақұлдап, 10 жобаның мердігері анықталып, құрылыс монтаждау жұмыстары (СМР) жүргізілуде.
— Мысалы, Мұнайлы ауданына қарасты Баянды ауылындағы жаңа тұрғын үйлерге тоқ тарту; Мұнайлы ауданының Батыр ауылдық округінде жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерді газ тарту желілерін салу; Түпқараған ауданының Сайын ауылында жаңа тұрғын үйлерге газ тарту (973 телім); Ақшұқыр аулының тұрғын үйлеріне (1241 телім) тоқ тарту; Маңғыстау ауданының Қызан ауылында тоқ және газ желілерінің құрылысы; Ақшұқұр ауылындағы Кезбаев, Қазиев, Бекжанова, Әбілқайыр көшелеріне (1, 2, 5 кварталдар) газ тарту жұмыстары бар, — деді Айнұр Манкешова.