27 сәуірде аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев «Маңғыстау индустриалды паркі»-нің жұмысымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімдгінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Маңғыстау индустриалды паркі» ЖШС Ақтау қаласынан шығысқа қарай 12 шақырым жерде орналасқан. Индустриалды парк аумағындағы зауытты француз мамандары толық импорттық құрал-жабдықтар негізінде 1976-1980 жылдары салған.
Зауыт бұрынғы Кеңес Одағы кезінде әртүрлі маркалы полистирол өндіретін ең ірі кешен болған. Қазіргі уақытта негізгі өндірістік жабдықтары істен шыққан.
Серіктестіктің акционерлері – «Каспий» ӘКК» АҚ(97,8%) және «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ(2,2%).
Бүгінгі таңда аталған кәсіпорыннан 16 мың шаршы метр жер кәсіпкерлерге жалға берілген.
Индустриалды парк аумағында ауданы 141 000 шаршы метр болатын 32 өндіріс орны бар. Қазір 13 кәсіпкер сол аймақта жұмыс істейді. Олар жалпы сомасы 103,5 млн теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр.
Жұмыс сапарында Нұрлан Ноғаев индустриалды парктің әлеуеті жаңа жобаларға жол ашатынын айта келе, кәсіпорынға кәсіпкерлерді көбірек тартуды жауапты мамандарға тапсырды.