«ҚазМұнайГазға» қарасты кәсіпорынның көбі Маңғыстау облысында орналасқан. Бұл ретте компанияның басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев өңірдегі жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
««ҚазМұнайГазға» елдегі үш мұнай өңдеу зауыты қарасты. Олар – Павлодар, Атырау, Шымкент зауыттары және Ақтау қаласында битум зауыты бар. 2002-2021 жылдары аралығында мұнай өңдеу көлемі 18,8 млн тоннаға дейін ұлғайды. Яғни, 8,2 есеге өсті», - деді Мағзұм Мырзағалиев «2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы» кешенді жоспарын жүзеге асыру жөніндегі кеңес барысында.
Оның айтуынша, бүгінде «ҚазМұнайГаз» Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын өндірудің 25 пайызын және көмірсутектерді өңдеудің 81 пайызын қамтамасыз етеді. Осы кезеңде мұнай өндіру көлемі 3 есеге өсті. Егер 2002 жылы бұл көрсеткіш 7,4 млн тонна болса, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 21,6 млн тоннаны құрады. Нәтижесінде компанияның мұнай өндіру көлемі 300 млн тоннадан асты.
Қазіргі таңда «ҚазМұнайГаз» қарамағында 73 мыңнан астам қызметкер бар. Сонымен қатар ірі мердігерлік ұйымдар мамандарының саны 27 мыңды құрайды.