Облыстық денсаулық сақтау басқармасының, «Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» мен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаменттің қолдауымен «Ақтау» ойын-сауық кешенінде иммундау апталығы аясында флешмоб өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Шараның мақсаты - тұрғындарды вакцина алуға шақыру. Флешмобқа «Мейірбике» медициналық колледжінің студенттері қатысты. Алдымен студенттер би билеп, аспанға шар ұшырды. Содан соң, вакцина туралы ақпарат жазылған қағаздарды таратып, оның маңыздылығын түсіндірді.
- Облыста дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен өтіп жатқан иммундау апталығының ұраны – «Барлығына ұзақ өмір». Яғни, осы шара арқылы вакцинаның адамдарға тигізетін пайдасын, оның көптеген жұқпалы аурудан сақтайтынын жеткізгіміз келеді. Соңғы екі жылда коронавирустық инфекция салдарынан халықтың басқа да ауруға қарсы вакцина алу деңгейі төмендеп кетті. Осы төмен көрсеткішті ақпараттық-түсіндіру жұмыстары арқылы қайта жоғары көтергіміз келеді, - деді Маңғыстау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Гүлфара Каримова.
Шара барысында мамандар иммунизация көптеген инфекциялардан, соның ішінде қызылша, полиомиелит, тұмау және тағы да басқа аурулардан қорғайтынын айтты.