Бүгінгі таңда «hand made», яғни қолдан әшекей бұйым жасауға көп адамдардың қызығушылық танытатыны қуантады. Өйткені, бұл тек шеберлікті шыңдау, үйрену ғана емес, сондай-ақ, табыс көзі. Жаңаөзен қаласының тұрғыны Раушан Әкімова моншақтардан қыз-келіншектердің сырға, мойыналқа, білезік сияқты ерекше сәндік әшекейлерін жасайды. Көрер көзге қарапайым көрінгенімен, оның астарынан ұқыпты талғам мен тағылымды ойды көруге болады.
- Бала кезімнен зергерлік дүниелерге, әшкейлерге қатты қызығатынмын. Мен бұл өнер түрін өз бетімнен YouTubе каналындағы бейнесабақтар арқылы үйрендім. Басында маған қиын сияқты болып көрінген еді. Бірақ үйрене келе оп-оңай екенін түсіндім. Ешқандай жарнама жасамасам да, көбіне қыз-келіншектер менің әшекей бұйымдарымды әлеуметтік желідегі аккаунтымнан көріп сатып алады. Жылдың әр маусымына, соңғы сәнмен лайықталып жасалған әшекейлерімді жарастықпен үйлестіріп дресс-код қатаң сақталмайтын жұмыс орнында, қонаққа барғанда тағуға әбден болады. Бұл өнер түрі шыдамдылыққа, ұқыптылыққа, нәзіктікке тәрбиелейді -, деді Раушан Әкімова.
Раушан 7 жыл бұрын моншақтардан әшекейлер жасауға әуестене бастаған. Мамандығы маркетолог болғанымен, бүгінгі күнде үй шаруасындағы асыл жар, аяулы ана, ардақты әже. Оның айтуынша, қымбат бағалы тастармен салыстырғанда моншақтан жасалған бұйымдар әлдеқайда жеңіл және арзан. Дегенмен, олар әдемі көрінеді және беріктігі бойынша асыл тастардан кем емес. Моншақты әдемі әшекейге айналдырып жүрген Раушанның өнері кімді болсын қайран қалдырары анық.