Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифинг барысында Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев мәлімдеді.
Спикердің айтуынша 2022 жылы Түпқараған ауданының Баутин ауылында 100 орындық спорт кешен пайдалануға беріледі. Қазір құрылысы жүріп жатыр. Маңғыстау ауданының Жыңғылды ауылында 140 орынды спорт залдың құрылысын бастау жоспарланып отыр. Ал Боранқұл ауылында 120 орынды спорт зал қолданысқа беріледі. Жаңаөзен қаласында ангар типтегі 2 әмбебап спорт зал мен мүгедектерге арналған ангар типтес көп функционалды спорт зал салынып қолданысқа беріледі. Тағы қала-аудандарда 25 спорттық алаң пайдалануға беріледі.
-Маңғыстау облысында 2022-2025 жылдар аралығында бірқатар спорттық мекемелер, нысандар ашу жоспарланып отыр . «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында Жаңаөзен қаласының Рахат, Теңге ауылдарында 150 орындық спорт зал құрылысы басталады. Ақтау қаласында «Жақсы» спорт кешені 2022-2023 жылға жоспарланса, ал Маңғыстау ауданының Жыңғылды ауылында спорт зал салу көзделіп отыр. Сонымен қатар, ауылдық жерлерде балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және спорт клубтарын дамыту, олимпиадалық резервті нығайту мақсатында 2022-2025 аралығында Таушық балалар жасөспірімдер дене даярлығы клубы және спортта дарынды балаларға арналған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжін ашу жоспарланып отыр, - деді Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев.