Жаңаөзен қаласының әкімдігінің мәліметінше мұнайлы шаһарда барлығы 59 газ құю бекеті болса, бүгін соның 12-сі ғана жұмыс істеп тұр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жаңаөзен халқы бір айдан бері сұйытылған газдың әлегіне түскендерін айтады. Бір ай бойы сұйытылған газ алу үшін сағаттап кезекке тұрып шаршаған жаңаөзендіктер дайын өнімді қиындықсыз алғысы келеді. Шенділер мәселені шешіп жатырмыз, жағдай тұрақты дегенмен әлі де кезек күтіп тұрған көлік көп.
Газ құю бекеттері кешкісін жабылып қалады. Екі-үш сағат кезекте тұрамыз, - дейді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Мақсат.
Қаламызда газ өңдейтін зауыт бар. Бірақ газ тапшылығы жиі болып тұрады. Дәл қазіргі уақытта газ болмай жатыр. Осы уақытқа дейін де шешілуі тиіс мәселе еді, - дейді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Қуаныш Мұңалов.
«Бір айдан бері өзіміз өндірген сұйық отыннан таршылық көріп келеміз» деген тұрғындар газ мәселесінің осы күнге дейін шешілмеуі мұнайлы қаланың тұрғындарын мазақ қылумен тең деп санайды. Ал Жаңаөзен қаласының әкімдігінде бүгінгі күнге 149 тонна газ бөлінгенін айтты. Зауыттан берілген газ 11 бекетке таратылыпты.
Жаңаөзен қаласына наурыз айына 3700 тонна газ бөлінген еді. Бірақ ол өзгеріп жатыр. Бекеттердегі кезектілікке байланысты қосымша газ қоры бөлініп жатыр, - деді Жаңаөзен қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Совет.
Ал Жаңаөзеннің газ сатумен айналысатын кәсіпкерлері берілетін лимит соңғы жылда күрт төмендеп кетті дейді. Мысалы 2019 жылы әр кәсіпкерге ай сайын 52 тонна газ берілсе, қазір 30 тоннадан сәл-ақ асады екен. Кәсіпкерлердің айтуынша, айдың басында берілетін он тоннадай сұйық отын бір күннің ішінде сатылып кететіндіктен келесі кезек жеткенше газ бекеттері жабық тұрады.
Махаббат Нұржанқызы