Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында аталған ХХІ ғасырдағы еліміздегі қоғамдық сананы жаңғырту жобаларының бірі – «Туған жер» бағдарламасы». Осы бағдарламада айтылғандай жас ұрпақ білуі тиіс есімі ел есінде сақталған қайраткерлердің бірі, қарапайым жұмысшыдан мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін көтерілген тұлға – Жалау Мыңбаев. [caption id="attachment_73399" align="aligncenter" width="640"] Сурет tarlan.kz сайтынан[/caption] Жалау Мыңбаев 1892 жылы Адай уезінде дүниеге келген. Ол әжесі мен әкесі Мыңбайдың ықпалымен Форт-Александровск қаласындағы екі сатылы орыс-қазақ мектебінде оқиды. Алайда отбасылық жағдайы көтермей, мектепті толық аяқтай алмайды. Жалау Мыңбаев ҚР Президенті Архивінің қорларында сақталған 1923 жылы 19 қазанда толтырған қырғыз (қазақ) коммунистерін есепке тіркеудің жеке қағазында «білімім – бір жылдық» деп жазған. Осылайша ол 1917 жылға дейін жүкші болып, балық, тұз кәсіпшіліктерінде жалдамалы жұмыс істеп, жұмысшы мектебінен өтеді. Ж.Мыңбаевтың қоғамдық-саяси қызметке араласуы 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін басталады. Патша билігі құлатылып, елде басталған демократиялық өзгерістер Маңғыстау жеріне де жетеді. Осы кезеңде халық арасына өз белсенділігімен таныла бастаған Ж.Мыңбаев Уақытша үкімет органдарының бірі – уездік Азық-түлік басқармасы бастығының орынбасары болып, ал күзде кеңес өкіметі орнағанда Форт-Александровскіде құрылған Жұмысшылар мен солдат депутаттарының кеңесінің (совдеп) құрамына Қатық-Бұлақ тұзшыларының атынан мүше болып сайланады. Осы кеңестің өкілі ретінде эпидемия, ашаршылық қаупі төнген өлке тұрғындарын жабдықтау үшін Петровск, Астрахань қалаларынан дәрі-дәрмек, азық-түлік әкелуді ұйымдастырған. Қаратау бойындағы жатақтардың жағдайын жақсарту үшін көмек ұйымдастырып, оларға бөлінген астықты үлестіру комиссиясының мүшесі болды. Жалау Мыңбаев депутаттар Кеңесінің 1918 ж. 5 наурыздағы шешімімен Форт-Александровскідегі кеңес үкіметін қорғау мақсатында өлкеде құрылған Қызыл ротаның шаруашылық бөлімін басқарады. Маңғыстауда кеңес өкіметін нығайтуға барынша күш салады. 1918 жылы басталып, билікке біресе ақтар, біресе қызылдар келген Азамат соғысының қайнаған кезі 1919 жылдың көктемінде Форт-Александровскіге Еділ-Каспий (Астрахань) қызыл флоты келіп, екінші рет кеңес билігін орнатады. Осы кезеңде Жалау Мыңбаев флот большевиктері құрған «Бірлік» жастар ұйымының төрағасы болып сайланады. ҚР Президенті Архивінде сақталған «Ж.Мыңбаевтың өмірбаяны» құжатында 1919 ж. өзінің Астрахань ұйымы большевиктер тобына мүшелікке өткендігі туралы, бірақ ол жөніндегі құжаттардың кейін ақтар тұтқындаған кезде жойылғандығы туралы жазған. Азамат соғысының аумалы төкпелі заманында Форт-Александровскіде жазда қайтадан ақтар үкіметі орнағанда Жалау Мыңбаев губерниялық орталық Асхабадқа (Полторацк қаласы, Адай уезі Түркістан республикасына қарайтын) бара жатқан жолда ақ гвардияшыларға ұсталып, тұтқындалады. Алайда одан жергілікті тұрғындардың көмегімен құтылып Асхабадқа келгенде, мұнда оны қаланы алған ағылшындар тұтқындап, екі апта большевиктік агент ретінде түрмеде отырады. Ол өзін азық-түлік жөніндегі халық өкілі ретінде көрсете алып, түрмеден құтылады. Белгілі журналист Ә.Спанның «Жалау Мыңбайұлы» атты кітабындағы мәліметтерде көрсетілгендей, Ж.Мыңбаев Алаш қайраткері, Кеңес үкіметі талқандаған Түркістан автономиясының басшысы М.Шоқаймен таныс болған, осы кезеңде оның Каспий арқылы Әзірбайжан, Түркия, Германияға кетуіне көмектескен. 1919 ж. аяғына қарай Форт-Александровскіге келген Жалау Мыңбаев тұтқындалып, атаман Толстов армиясының әскери-далалық сотының үкімімен Кеңес үкіметіне еңбек еткендердің қатарында ату жазасына кесіледі. Алайда көтерілген қала халқының қысымымен өлім жазасы қайтып алынып, жазадан құтылады. Бұдан кейін оның қырға кетуіне тура келеді. Азамат соғысы аяқталғаннан кейін Ж.Мыңбаев кеңес үкіметінде бірқатар қызметтерді атқарады: 1920 жылы маусымда құрылған Адай уездік революциялық комитетінің мүшесі және атқару комитетінің азық-түлік бөлімі бастығының орынбасары, 1921-1922 жж. – уездік милиция бастығы, 1922-1924 жж. – Адай уездік ревком төрағасының орынбасары және төрағасы. 1922 ж. Кеңестердің Бүкілқазақстандық ІІІ съезінде Ж.Мыңбаев Қазақ Кеңестік Орталық Атқару Комитетінің мүшелігіне сайланады. Осы қызметтерде жүрген кезінде Ж.Мыңбаев өзінің тұрмыс тәлімі, өмір тәжірибесі мол басшысы екендігін, ел тағдырына үлкен жауапкершілікпен қарап, халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған басшы екендігін көрсетті. Ол Форт-Александровск қаласының, бүкіл уездің мәдениет, оқу-ағарту ісін, жалпы шаруашылығын жақсартуды, тұрғындарды азық-түлікпен, өнеркәсіп тауарларымен жабдықтауға, көшпелі елді тұрақтандыруға, балықшы жұмысшы кәсібіне жатақ шаруаларды көбірек тартуға көңіл бөледі. Мал шаруашылығымен айналысқан қазақ балаларының үздіксіз оқуына қолайлы жағдай жасап интернет ашты. Сол жылдары екі балалар коммунасын ашып, уезд көлеміндегі мектептерді көбейту, оларды мұғалімдермен қамтамасыз ету үшін екі жылдық мұғалімдер даярлайтын курс ашу сияқты шаралар көзделді. Ол барлық уақытта жастарды сауаттандыруға көп көңіл бөлген. Өзінің осы мәселелер жөніндегі ойларын «Степная правда», «Советская степь» газеттері беттерінде жариялап отырған. 1926 – 1929 жылдары оның редакторлығымен қазақ шаруаларының үні болған «Ауыл тілі» газеті шығып тұрған. 1920-жылдар– жоғары партиялық және кеңестік қызметтерге жұмысшы ортадан шыққан адамдарды ұсыну кезі еді. Өзінің іскерлігімен көзге түскен Ж.Мыңбаев 1924 ж. Орал губерниялық атқару комитетінің төрағасының орынбасарлығына және Орта Азия және Қазақстанның әкімшілік-аумақтық жағынан межелеу жөніндегі комиссиясының мүшелігіне тағайындалады. Қазақ-өзбек, қазақ-түркмен шекараларын белгілеуге басшылық жасайды. 1925 ж. сәуірде Кеңестердің Бүкілқазақстандық V съезі Ж.Мыңбаевты С.Меңдешовтен кейін Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы етіп сайлайды. Жоғары мемлекеттік қызметті атқарған Ж.Мыңбаев мәдениеттің, ғылым, білім, денсаулық сақтау ісінің дамуына үлкен көңіл бөлген. Елімізде оның ықпалымен тұңғыш ғылыми-зерттеу институты, 1927 ж. «Бурабай» шипажайы, 1926 ж. қазақтың ұлттық театры ашылды, баспахана ісі мен баспа өнімдерін дамыту қаулыларына қол қойған. 1927 ж. Қазақстан мұғалімдерінің І съезіне қатысып, ауыл мектебі мәселесіне қатысты сөз сөйлеген. Сонымен бірге Жалау Мыңбаевтың азаматтық позициясы, халқына қалтықсыз қызмет еткен басшы екендігі осы ҚазОАК төрағасы болған кезінде айрықша көрінді. Қазақстанда кеңес өкіметі орнағаннан кейін бірінші кезекті шешімін табуға тиісті маңызды мәселелер тұрды: жерді пайдаланудағы бұрынғы әділетсіздікті жою, жергілікті халыққа жақын, түсінікті және оған қызмет ететін мемлекеттік аппаратты құру, жаңа қоғамды құрудың әдістері мен жолдары (экспроприация, ұжымдастыру, индустрияландыру, мәдени революция т.б.). Бұл міндеттерді шешуде қазақ зиялыларының өз көзқарастары үшін «ұлтшыл-ауытқушылар», «ұсақ буржуазиялық-ұлтшылдар», «оңшылдар» деп аталған тобы бірінші кезекке большевиктер ұстанған таптық приницпті емес, жалпы ұлттық демократиялық принциптерді қойды. Өзінің саяси күрестегі серіктестері Смағұл Садуақасов, Сұлтанбек Қожановпен бірге осындай «ұлтшыл-ауытқушылдарға» жатқызылған Жалау Мыңбаев 1925 – 1933 жылдары Қазақ Өлкелік партия комитетін басқарған Ф.Голощекинмен ұлт, жер мәселелерінде, қазақ ауылын социалистік негізде қайта құру, мемлекеттік және партиялық аппаратты жергіліктендіру, отырықшылыққа өту сияқты маңызды мәселелерде келіспей, өз ойларын батыл айтты, қазақ халқының мүддесіне қайшы келетін кеңес үкіметінің саясатын сынап, өз балама жолдарын ұсынды. Олардың ұлттық мүддені қорғауға бағытталған бұл әрекеттері «ұлтшылдық» деп бағаланды. Белгілі тарихшы М.Қойгелдиевтің «Тарих тағылымы не дейді?» кітабында келтірілген деректерге сай, осы кезеңде Өлкелік комитет рөлінің шектен тыс күшейе түсуіне Жалау Мыңбаев алғашқылардың бірі болып қарсылық көрсеткен. Ол республика өмірінде кеңестердің рөлін төмендетуге, күнделікті әлеуметтік-саяси мәселелерді шешуде Орталық Атқару Комитетінің беделін әлсірете түсуге қарсылық білдіріп, Голощекин жұмыстан босатып, туған жері Адай уезіне қайтарғанға дейін өзі ұстанған бағыттан тайған жоқ. Ол 1926 жылы қыркүйектегі Бюро мәжілісінде Голощекиннің шексіз билігін сынға алып былай дейді: «Соңғы уақытта Мыңбаев ҚОАК-де отырып көп жұмыс тындырып жатыр деген пікір бар. Мүмкін солай да шығар... бірақ біз Голощекин жолдастың келісімін алмай ешқандай да мәселені шешкен емеспіз...» Сонымен бірге Голощекиннің қазақ коммунистеріне сенімсіздікпен қарайтынын, ал кадр мәселесін Өлкелік комитетте, Бюрода кеңесу арқылы емес, керек адамдарды жеке өзіне шақырып алып сөйлесу арқылы шеше бастағанын айтып: «Сонда қалай, бізден еңбекші бұқараға көрсетіп қою үшін қажет қуыршақ жасағыңыз келе ме?» – дейді. Голощекин аппараттық диктатқа қарсы шыққан ҚОАК төрағасына «... Мыңбаев жолдастың жұмыс бөлмесі ұйымдық орналастыру бөліміне айналып, бірқатар жолдастар Өлкелік комитетке жазуды қойып, Мыңбаев жолдасқа жазатын болды, сөйтіп ол өзін Өлкелік комитетке қарсы қоятынды шығарды», «Қожановпен бірге августік блок құрды» деген жала жапты. Бұдан кейін 1927 жылы 28 сәуірде Ж.Мыңбаев Қазақ Орталық Атқару комитетінің төрағасы қызметінен босатылып, өзінің туған жеріне Адай уездік атқару комитетінің төрағасы қызметіне жіберіледі. Сонымен бірге 1926 – 1927 жылдары құрылып жатқан Түрксибтің Оңтүстік бөлімінің өкілі етіп қояды. 1928 жылы Гурьев округінің атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалады. Ал 1929 жылы Казгоссельскладтың төрағасының орынбасары және Союзхлебтің басқарушысының орынбасары болып қызмет атқарады. «Адай контрреволюциялық ұйымының» басшысы деген жала жабылып, үстінен қылмыстық іс қозғалады. 1929 ж. 26 қыркүйекте ауыр науқасқа шалдығуына байланысты қызметінен босатылады. Осы науқастан 1929 жылы 16 қарашада қайтыс болады. 1930 жылы Ж.Мыңбаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс қайтыс болуына байланысты тоқтатылады. КОКП ОК Саяси бюросының комиссиясы 1990 ж. мамырда «Ұлттық-ауытқушылық» туралы мәселені арнайы қарап 1920-1930-жылдары көптеген партия, кеңес қайраткерлеріне идеялық «ауытқушылық» пен «ұлтшылдық» айыбының негізсіз тағылғандығы туралы ресми құжат қабылдады. Осылайша Ж.Мыңбаев сол кездің өзінде ұлттық мәселелерді батыл қойған қайраткерлердің бірі болды. Қарапайым халықтан шығып, ірі саяси қайраткер дәрежесіне дейін жеткен Ж. Мыңбаев өз сөзінде айтқандай: «Біз қазақ елі алдында, тарих алдында әшкере болғымыз келмейді. Біздің мақсатымыз түрлі декреттер мен нұсқауларға қол қоюшылар ғана болу емес, іс бітіріп, болашақ ұрпақ «иә, олар шынымен де тырысып еді дейтіндей дәрежеге жеткен» қайраткер болды. Оның өмірі мен қайраткерлігі дәріптеліп, жас ұрпақ білуі тиіс және әлі де зерделенуі тиіс. Елім деп еңіреп өткен ер, жерлесіміз, көрнекті мемлекет қайраткері Жалау Мыңбаевтың есімі халық жадында мәңгі сақталады.
Исаева Ләззат Нығметқызы, Ш.Есенов атындағы КМТИУ аға оқытушысы