Қайырымдылық – мұқтаж жандарға көрсетілер көмек, ізгіліктің анық көрінісі, адамның асыл қасиетінің бірі. Кісінің айналасындағы адамдарға танылатын тамаша қыры да қаншалықты қайырымды екендігінен байқалады. Жүрегінде иманы бар пенде қолынан келгенше Алла алдындағы қасиетті парыздың бірін қайырымдылық деп біледі. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бар арман-тілегі мен мақсат-мұраты адамзат атаулыдан өзіне көрсетілген қызмет емес, керісінше, өзінің адамзатқа тигізер жәрдемі мен қызметі болатын. Сондықтан да болар, қолына не нәрсе түссе де, соны мұқтаж жандарға таратып беріп, өзі кимесе де өзгені киіндіріп, өзі ішпесе де өзгеге ішкізіп, қарамағындағы адамдардың сәл де болса қуанғанын көруді өзіне зор қуаныш, үлкен бақыт деп есептейді екен. Көмекке мұқтаж жандарға сәл де болса қуаныш сыйлау мақсатында Маңғыстау облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының «Бейнеу ауданының мемлекеттік архиві» ұжымы мен «Рауан» редакциясы ұжымының бірлесіп ұйымдастыруымен ауданымыздағы көп балалы отбасының бірі - Тілектес Баймановаға күнделікті тұтынатын азық-түлік әперіп, көмек көрсетті. - «Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көрсетілер көмектер алдағы уақытта да қолымыздан келгенінше жалғасын табатын болады», - дейді Бейнеу ауданының мемлекеттік архивінің басшысы Сүлеймен Абдижамиев.
Үміт ҚАЗДАЕВА