Тағдырдың жазуымен қазақ жеріне келіп, қоныстанып қалған өзге ұлттар өкілдері аз емес. Кеңестік идеология саясатымен жер аударылған шешен, Қырым татарлары сияқты халықтардан басқа да себептермен Қазақстанды мекендеуге мәжбүр болған түрлі ұлттар өкілдері елімізде еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, жапырақ жайып келеді. Ең бастысы — олардың барлығы дерлік ана сүтімен бойына дарыған өз ана тілін ұмытпаған. Жақында Қазақстан Халық Ассамблеясының Ақтау қаласындағы ғимаратында «Тіл– тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз» тақырыбында байқау өтті. Сахна шымылдығын армян бала Армен Саакян «Алға, Қазақстан» әнімен түріп, көрермендердің зор қошаметіне бөленді. Көркемсөз додасына қатысушыларға сәттілік тілеген Маңғыстау облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина байқаудың шарты — Маңғыстау өңірінде тұратын өзге ұлттар өкілдерінің өз елінің ақын жазушыларының шығармаларын ана тілдерінде және шығарманың аудармасын мемлекеттік тілде мәнерлеп оқу екендігін айтты. - 23 этнос өкілдерінің басын қосқан осынау байқауды ұйымдастырудағы мақсат—әркімнің өз ана тілінің көркемдігін сезінуі, басқа тілді құрметтей білуге шақыру және тілдік, мәдени әртүрлілікті, тілдік ерекшелікті сақтау, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту, - деді ол. Жас айырмашылығына қарай, 15-25 жастағы қыз-жігіттер көшін бауырлас қырғыз қызы Жазира Таласбекқызы бастаса, қарақалпақ қызы Гулбахар Айтжанова жалғастырып әкетті. Орыс, шешен, лезгин, әзербайжан, беларусь, ұйғыр, грузин ұлттарының ұл-қыздары да қос тілдегі шығармаларды нақышына келтіре оқыды. 25-тен 42 жасқа дейінгі сайыскерлер тартысын орыс қызы Венера Суровцева ашып, ағылшын жігіті Камс Камуабо өзінің ана тілі мен қазақ тіліндегі әсем жырымен түйіндеді. Екі тілде жаттаған жырларын көркемсөз сүйер қауымға барынша әсерлі жеткізе білген дарындарды бағалау қазылар алқасына да оңай тимесе керек. Дегенмен, жүйріктен жүйрік озар сайыс болған соң оның жеңімпаздары да анықталып, жүлделі 1-орын ағылшын Камс Камуабо мен қарақалпақ қызы Дильназ Жұбайшаеваға бұйырды. Ал 2-орын орыс қыздары Венера Суровцева мен Ева Вельичконың еншісіне тисе, 3-орындарды орыс қызы Валерия Галушко мен қырғыз жігіті Таалайбек Бегейбай иемденді. Оза шауып, бәйге алған жеңімпаздар арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ана тілінің қадірін арттырған осынау шараға белсенді қатысқан өңіріміздің этномәдени бірлестіктерінің өнерпаз мүшелері ән-билерімен шашу шашып, кеш ажарын аша түсті. Сайысқа қатысып, көрермендердің ықыласына бөленген шешен қызы, Ақтау қаласындағы №11 мектептің 10-сынып оқушысы Имани Дурдишева бізбен әңгімелескенде туыстарымен бірге қазақ халқына алғысы шексіз екенін айтты. - Кеңес дәуірі қандай болғанын көргенім жоқ, - деді Имани. - Бірақ сол заманда көптеген жандар жазықсыз жазаланып, бірқатар ұлттар туған елдерінен қуылғанын білемін. Біздің аталарымыз да жер аударылып қазақ даласына келген екен. Сол қиын кезеңдерде қазақтар өз жағдайының мәз еместігіне қарамастан, жер ауып келген шешендерді құшақ жая қарсы алыпты. Солардың бір үзім нанын бөліп жеген аталарымыз аман қалыпты. Олардың өмірінің жалғасы болып, біз де өсіп келеміз. Ана тілімізді сақтап қалуға да жергілікті халықтың көмегі тиген еекн. Ал ана тілі әр ұлттың тарихының барлық кезеңдерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын асыл қазына екендігі белгілі. Ұлтымызға осындай теңдессіз жақсылықтар, туған тілімізге қамқорлық жасап келе жатқан қазақ халқына айтар алғысымыз шексіз. Көптеген ұлттар өкілдерін бауырына басып, сая бола білген еліміз өркендей берсін.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="73249,73244,73245,73248,73243,73250,73247"]