©
Би қанатындағы ғұмыр. Би әлемінде қанат қаққан өнер иесінің қанаты әлі талмақ емес. Себебі ол, әр қимыл мен қозғалыстан қанаттанып, шаттана шабыттанып би өнеріне жаңа бір туындысын толғата әкеледі. Би – қимыл, би-қозғалыс, би - өнер, би – эстетика, би ол үшін бәрі... Шара Жиенқұлова салған сара жолда Гүлнәр да өзінше жол салып, өзінше қолтаңба қойып келеді.
Өнер адамы өзгеден дараланып тұрады емес пе?! Ол өзінің өнер жолы туралы сөз еткенде әңгімені алдымен Астанада елбасы қолдауымен былтыр ашылған Қазақ ұлттық хареография академиясының ашылғандығы рухани жаңғыру бағытындағы басты қадам екенін, өнерге деген елбасы жанашырлығы мен би өнеріне деген ерекше көзқарас үшін қуанатындығын жеткізді. Дәл осы балет студиясына да іріктеуден Гүлнәр тәрбиелеген шәкірттерден іріктеуге өтіп қуантқан. Алайда, қатаң сынмен, жауапкершілігі жоғары талаптан өткен ол шәкірттің болашғын бимен байланыстыруды шешу ата-анасының қолында көрінеді.
«Көктемде жерге түскен бір дән, күзді күні мың дән болады» деп сөзін жалғаған Түпқараған ауданындағы «Қызғалдақтар» үлггілі би ұжымының балетмейстері Гүлнәр Ыдырысқызы қырда жайқалған қызғалдақтарын осыдан отыз жыл бұрын аялап отырғызған еді. Қырда ғана құлпыратын қызғалдақ гүлдері бүгін Гүлнәрдің би әлеміндегі өнер бағында жәйнап өсіп, жайқалып тұр.
Осыдан тура отыз жыл бұрын... «...Мен алғаш Түпқараған аудандық атқару комитетінің әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары болып қызметке кіріскенімде бізде өнер ұжымдарының бәрі – оркестр де, сазды аспапты ансамбль де, драма тобы да, үгіт бригадасы да - бәрі де бар еді. Тек бір саладан кемшілігіміз көзге ұрып тұратын. Ол – би өнерінің кенжелеп қалғаны еді. Ақкетікке Гүлнәр Ыдырысқызының қызметке келуі - осы кемшіліктің орнын толтырды...» деп еске алады Түпқараған аудандық мәслихатының хатшысы, депутат Айкүміс Сәрсенғалиқызы сол бір бәрі басталған кездерді өз естелігінде келтіріп. Расында өнер десе ішкен асын жерге қояр белсенді ауданның би өнеріне бірі келіп, бірі кетіп жатқан тұрақсыздықтан ақсап тұрған тұсы еді.
[caption id="attachment_31019" align="aligncenter" width="640"] Суретте Камшат Жолдыбаева[/caption]1987 жылы арман асуын арқалап келген қаршадай қыз алғашында ән-би тобын құрып, көптің көңілін аулап, аудан мәдениетін бір серпілтті. Ән-би тобы ретінде «Қыз Жібек» операсынан аккомпониятор Ибатулла Әбілхайыровтың нотаны кіші оркестрге лайықтап түсіруімен «Шашу» биінен шашу шашып сахналаған-ды. Гүлнәр алғаш биден Ақкетікке шашқан шашуынан ауданның би өнеріне ғашық жандары қуаныш пен шаттықты әлі теріп келеді. 1989 жыл - ән-би ансамблінің құрамынан «Қызғалдақтар» би ұжымы болып бөлек отау тігеді. Сол жылы құрылған «Қызғалдақтар» би ұжымының берер қуанышы әлі де тарқаған емес, тарқамайды да...Оны осы аралықтағы отыз жыл айқындай түсті.
1996 жыл «Қызғалдақтар» атымен құрылған би ұжымының белді бишілері Жанар Жолдыбаева мен Гүлсара Әбілхайырова облыс бишілерімен іріктеліп алынып, Түрік елінде өнер көрсетті. Бұл «Қызғалдақтар» ұжымының бишілері үшін алғаш халықаралық дәрежедегі тәжірибе болатын. Содан бастап өнердегі өрісі кеңейе түсіп, түрлі халықаралық байқауларға да жол ашылды.
[caption id="attachment_31022" align="aligncenter" width="640"] "Қызғалдақтар" би ұжымының алғашқы түлектері[/caption]2007 жыл – қыр гүліндей құлпырған қызғалдақтарын би бағында жайқалтқан ұстаз өзі құрған би ұжымының 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Елбасының сындарлы саясатын қолдайтын «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткен мерейлі мереке көп жадында көпке дейін сақталды.
2008 жыл- Шетелдік өндірістік «НКОК» компаниясының әлеуметтік жобалары аясында би ұжымының дерліктей би костьюмдері жаңартылды. Енді ұжымның биін ашқан ажарлы сұлулардың киімдері олардың көркін көркемдей түскен болса, Гүлнәр кәсіби деңгейін көтеруге білек сыбана кірісе түскен болатын.
Осы жылы V Бүкілресейлік шығармашыл балалар және жасөспірімдер арасында өткен «Европа+Азия» өнер фестивалінде ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталған би ұжымы өзінің беделін тағы да шетелде айқындай түсті.
Жетістіктер мен жеңіс, шабыт пен тынымсыз еңбек нәтижесін көрсете білетін «Қызғалдақтар» би ұжымының қатары күн санап көбейіп, би өнерімен қанаттанғысы келген бүлдіршіндермен қатары толыға тоқсанға жетті. Бұл 2011 жыл болатын. Осы жылдың он жетінші қарашасында 90 биші қатысумен ұжым сынақтан өте ҚР Мәдениет министрлігінің №153 бұйрығы бойынша «Үлгілі» атағын алады.
Үкілеген үміттері ақталып, «Үлгілі» атағын алған алыс аудандағы өнерге ғашық жүректер, би әлемінің құс қанаттары осы жылы қуаныштарын еселей түседі. Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген Нұрсұлу Тапалова құрметіне Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған «Назерке» атты республикалық байқауында жеңіспен оралады.
2012 жыл – Үлкен атақ пен абыройды арқалап, өнер жолындағы 25 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтеді. Толассыз құттықтаулар мен құшақ гүлдерден бұрын халықтың ерекше жақсы көретін өнерінен сахнада сан түрлі нөмірлер ұсынылып, репертуарлар байи түседі. Бұл кеште Гүлнәр Ыдырысқызының артынан ерген шәкірттері мен тәлімін алған тәлімгерлері, өнер жанашырлары мен демеушілері, өнердегі үзеңгілестері мен замандастары бәрі ...бәрі ...Ақкетік халқы бірге болып, ұзақ қол соға қошеметпен ықылас білдіргені есімізде... Әріптестік пен серіктестікті серт еткен «Құрық» балалар өнер мектебінің «Балауса» бишілер тобы да осы мерейлі мерекеде сахнадан табылып, өнерлерін паш еткенді.
Бидегі қимыл – өмірдің ыстығы мен суығы, кермегі мен тәттісі – қымқуырт араласып, астасып жатқан өмір шындығы мен шеберліктің ұштасуынан, үн мен ұғымның үйлесуінен туындайтынын байқауға болады. Әр қозғалыс, әр қимыл, адым мен қадам бәрінің өз өлшемі барын, әр бидің өз теориясы мен тәжірибесі барын біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Бұның бәрі жүректегі өнерге деген махаббат пен фантазияға идеяның айқын көрінісі. Ол ұсынған мәдени – көпшілік би қойылымдары мен композициялардағы әр элемент, әр қозғалыс, деталь мен дәлдік ұқыпты ұйымдастырылып, сауатты сценарий түзіледі. Тақырыпты ашар туындыларында шалыс кеткен қателікті жібермей, әсер мен сауатты сабақтайды. Халықтар достығы, Қазақстан Ассамблеясы, «Тәуелсіздік-25 жыл» сынды би қойылымдарының өзі бір шоу бағдарлама сынды.
Гүлнәр Жолдыбаева алғаш өткізген «Біз біргеміз» үлкен жобасы алақандай ауданда өтсе де облыстық масштабты қамтыды. Гүлнәр өзінің тынымсыз еңбегімен талантын қос қанатында алып, тағы да, тағы да би әлеміндегі қиыншылықтарды жеңіп, бағындыра берді.
Би әлемінде биіктей түскен Гүлнәрдың отбасында ардақты ана, аяулы жар, досқа адал, туғанға бауыр, танысқа біліс ғана емес, үлкен азаматтық қырын да аңғаруға болады. Аудан өмірінің қоғамдық-саяси дамуы мен жас ұрпақтың азаматтық, тұрақты даму позициясын да мақсат етіп, мықты менеджер де бола білді. 2009-2012 жылдары аралығында аудандағы Мұрын Жырау атындағы өнер мектебін басқарды. Бұл тұста да өнер мектебі өзінің тек есептік концертін ғана беріп, шектелмей, «бұлақ көрсең көзін аш» демекші талай талантты балалардың талантын танытты. Талапшыл да, өнерге шын жанашыр басшының нәзік жүрегі мына әлемге мейірімін төгіп, адамдарға шаттық сыйлауға құмар. Сол ықыласты жүрегімен өнер мектебінің ұжымын ұйымдастыра «Жүректен жүрекке» жобасын жүзеге асырды. Жаңаөзен қаласындағы жетім балалар үйіне арнайы барып, концерттік бағдарламасын ұсына, өздерін өздері азғана ақшаға қамтып отырған коммуналдық кәсіпорынның қызметкерлерін ұйымдастыра жинаған қаражатына балалар үйі қажет ететін материалдық–техникалық жабдықтан сыйлық жасады. «Жасасаң жақсылықты балаға жаса», соның ішінде жетімін жылатпай, өксікпен өз туғандарынан алыста өгейлеп өскен бүлдіршіндердің басынан сипау – түсінгенге үлкен сауапты іс еді. Түрлі қайырымдылық акциялар мен шаралар бәрінде, бәрінде Гүлнәр мен оның қызғалдақтары міндетті түрде бірге.
Түптегі түбектің түкпір-түкпірдегі өзі сияқты мәдени ошақтар мен би ұжымдарымен серктестік құру да екінің бірінің қолынан келе бермейді. Серіктестікті серт ете, өнерді өрлету лозунгын көтерген ұжымдармен тығыз қарым-қатынас орнатты. Облыстағы Серік Сариев басқаратын «Жорға» би ансамблі, «Шадвал» би ансамбльдері, республикалық «Салтанат» би ансамбльдерімен бүгінге дейін шығармашылық байланыста.
Ақтөбе қаласының мәдениет басқармасының басшылық қызметін атқарған, бүгінде мәдениет саласының кәсіподақ ұйымын басқаратын Назира Сәрсенбайқызы мен Гүлнәр Ыдырысқызы арасындағы достық қарым-қатыныс, өнердегі жүректес, үзеңгілестік олардың Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарының арасында алтын көпір орнатуына себеп болды. Сол көпірден сан шәкірттің шырағы жағылды. Ақтөбе қаласындағы «Әлия гүлі» халықтық би ансамблінің «Қызғалдақтар» сыйлы қонағы болып, әр фестивальде төрінен табылады. «Әлия гүлі» халықтық би ансамблінің көркемдік жетекшісі және балетмейстері Шолпан Кәрімқызын ауданымызға арнайы шақыртып, ортақ мақсат тоғыстырған шығармашылықта облыстық деңгейде «Би ырғағында біргеміз!» атты үлкен жоба жүзеге асты. Облыстағы бишілердің бағын сынайтын үлкен байқау біздің алақандай ауданда өтіп, дүбірлі той болып өткені көптің әлі есінде болар. Дәл сол өміршең жоба екінші жыл да жалғасын тапты. Өңіріміздегі өнер жолындағы балаларға қолдау білдіру мен достық қарым-қатынасты нығайтуды көздеген дәстүрлі байқауды Түпқараған ауданының әкімдігі, облыстың мәдениет басқармасы да қолдады.
Бұл жетістіктермен толдым, болдым демей, заман ағынына ілесе жүрекпен қалаған кәсібін жеке кәсіп ретінде дамытуды да ұмытқан жоқ. 2014 жылы ашылған «Гүлнәр Жолдыбаеваның би студиясы» бүгінде «Қызғалдақтар» үлгілі би ұжымына іріктелетін алғашқы баспалдақ. Дәл осы студиядан тәлім алған үздік шәкірттер ғана үлгілі ұжымда, би әлемінде қанаттарын қомдайды, самғайды. Бүгінде 70 тен аса шәкірт тәлім алатын би студиясы 3 сыныптан тұрады. Онда би әлеміне ботадайын көздері мөлдіреп, сахнаны сескене келген бүлдіршіндер бірінші тәлімін алып, гимнастика, ритмика, қимылдар мен адымдардан сабақ алады. Олардың тек озықтары ғана атағы қалыптасқан «Қызғалдақтар» би ұжымына үлкен сындардан өтіп, мүше болады. Олар да өнерді сүйген кішкентай жүректерімен бүгін 30 жыл өнер жолын жүріп өткен беделді би ұжымының мүшесі болсам деп армандайды. Заман талабына сай 3 жылдан бері жеке кәсіпті бойдағы өнермен ұштап, оны балалардың болашағы үшін байланыстыра білген Гүлнәр Ыдырысқызы ауданда алғаш рет өнермен жеке бизнесті бір арнаға тоғыстыра білді. Бірақ, бұл жолдар мен жасалынған жұмыстар оңайлықпен келмеген болатын..
Гүлнәр жүріп өткен жолда түрлі қиындықтар мен белестер, құлай тұра, қайта тұру сынды сынақтар болды. Алға мақсат қойған арманшыл да, талапшыл талант иесі соның бәріне де бір сәт аялдамады. Тек талпынды, талаптанды, талмай еңбек етті.
Өнер айдынындағы Гүлнәр Ыдырысқызының талмас, қажымас еңбегі елеусіз қалмасы анық. Ол баптаған сан өнер иесі бүгінде аудандық, облыстық білім, өнер, мәдениет салаларында жемісті еңбек етуде. Би ырғағымен тәрбиеленіп, қимылмен сөйлейтін өнердің шәкірттерін баулыған оның қанатының астында қомдалған бүгінде арамызда бірнеше хореограф мамандар бар. Бірі үлкен өнер ұжымында қызмет істесе, бірі балабақшадан бастап би әлеміне өнерпаздарды бойлатады. Енді бірі қазақ эстрадасында жарық жұлдыз. Кәмшат Жолдыбаева, Алтынай Жолдыбаева үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүрсе, Жанар,Гүлсара, Жеміс, Айнұр,Құралай,Гүлзия шәкірт тәрбиелеуде. Анар, Ақмарал, Кәмшат сынды шәкірттері Серік Сариевтің республикаға танымал «Жорға» би ансамблінің белді мүшелері. Алғаш бойларына Гүлнәр ұстазы жаққан шырақты алаулатып келеді.
Биге әуес, өнер деп соққан жүрегі бала қиялды елес ертегіге емес, ғажайып ертегілер еліндегідей би әлемінің сиқыршысына айналдырды. Гүлнәр өзі аялдаған алақандай ауданның мәдениеті мен өнерін өзінің би әлемінің сиқырымын сиқырлап алатын тылсым күштің иесі екенін көрсетті. Алғашында бір-екі, бесеу, алтау болып биге ынтазар бүлдіршіндерді баулудан бастаған оның би әлемі өнер өресінде өрісін кеңейте берді, кеңейте берді. Бүгінде көп дегенде алпыстан аса, аз дегенде алтаудан көп би топтары Гүлнәр 30 жыл бұрын дәнін сепкен алқапта жайқалып, жайнап өсіп тұр. Оның сахнада сырықтай, талдырмаш тәлімгерлері әр қимылымен сұлулыққа, сауаттылық пен сезімталдыққа тәрбиелейді.
Оның шәкірттері:«Біз жеңілу дегенді білмейміз! Жеңуді де мақсат етпейміз, біз тек билейміз, билейміз! Сіз бізге айналамыздағы әлемді ұмытып билеуді үйреттіңіз! Шабыт пен сезім, төзім мен еңбек деген ең қымбат құндылықтарды біз осы би әлемінде сізбен өткерген жылдарда үйрендік! Сіздің би әлеміңіз жасасын, би өнері жасасын! Біз сізбен, сіз бізбен мақтаныңыз, Гүлнәр Ыдырысқызы!» дейді өнер жолындағы шәкірттері!!!
Талай өнер тарландарын түлеткен, өнер бесігінде тербеген Түпқараған түбектің 25 жылдық меркесі қарсаңында күні кеше аудан орталығы Ақкетік халқымен Гүлнәр Жолдыбаева өмірде өнерді сүйген жүректің соққанына 55 жыл, яғни 55 жасын, өзі құрған «Қызғалдақтар» үлгілі би ұжымының 30 жылдық мерей тойын атап өтті.
Сол қызғалдақтарының жетістігімен қанаттанып, мараптаымен мақтанатын ұстаз өмірінің 30 жылы «Қызғалдақтар» үлгілі би ұжымымен тығыз байланысты. Бұл жылдарда «Қызғалдақтар» үлгілі би ұжымы мен оның жетекшісі Гүлнәр Жолдыбаеваның қатысуынсыз ауданда бірден – бір шара өткен емес. Ол Ақкетіктегі өнерлі отбасы Жолдыбаевтар шаңырағына келін, әншілігімен әртістікті қатар алып жүрген Кәмшат Жолдыбаева, сіңлісі Алтынай Жолдыбаева, Руслан Нұрберген сынды өнерлі балаларының анасы. Би әлемінде биікте самғаған сан шәкірттің ұстазы.
Кәмшат, Алтынай, Руслан да күнінде осы «Қызғалдақтар» үлгілі би ұжымында өнерлерін ұштады. Талапшыл ұстаз, өмірде анасы Гүлнәр Жолдыбаева оларға бәрінен де бағалы уақыттың қадірі мен тынымсыз еңбектің не екенін үйретті. 3 жасынан саханға баулыған Кәмшәттің Ақкетік сахнасында әр шығуы үлкен мереке болатын. Жаңа би немесе ән. Әр ән мен биге сай Гүлнәрдің өз қолынан шыққан сахналық костюм көрерменді өнер әлемінің әдемі қиялына саяхатқа шақыратын. Өнер деп тәрбиені тасада қалдырмаған ұстаз Алтынайды да аяғы ауыр жүріп, «Алтынай» биін билеп байқаудан бас жүлдені жеңіп алып, сол жылы дүниеге келген екінші қызына өзі билеген бидің атымен атайды. Өнер өміршең әрі оны жүрегімен сүйген жанның тынымсыз еңбегі ғана нәтиже беретінін осы бір өмірлік мысалдан алуға болады.
Милана ЕЛЕУСІНОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="31023,31026,31031,31032,31025,31024,31033"]