Күнделікті тұтынатын жеміс-жидектердің, көкөністердің құрамы ағзамызға пайдалы дәрумендерге бай болуы, нитраттардың шамадан тыс артық болмауы маңызды. Сондықтан да тағам сапасының қауіпсіздігін қадағалау жауапты мамандар назарынан тыс қалған емес.
Ақтау қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және Қазақстан Республикасы ДСМ ҚДСК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Маңғыстау облысы бойынша филиалы мамандарымен бірлесе жеміс-жидектер мен көкөністердің сапасын анықтау, жіті-ішек ауруларының және тағамнан уланудың алдын-алу мақсатында шаһардағы бірқатар сауда-саттық орындарына акция ұйымдастырды. Акция аясында 49 тұрғын ақысыз «Нитротестер» құрылғысының көмегімен бақша өнімдерінің сапалық құрамын тексертті.
-Науқан жұмыстары биылғы жылдың 12-20 шілде аралығында «Мағаш» базарында, 11а шағынауданындағы «Жігер» сауда үйінде орналасқан «Дана» супермаркетінде, 26 шағынаудандағы «Достық» сауда үйінде орналасқан «Good Market» супермаркетінде, 30 шағынаудандағы «Олжа» сауда үйінде орналасқан «Нұр-ғалым» супермаркетінде, 5 шағынауданда орналасқан «Волна» базарында жүргізіліп, экспресс-әдіс арқылы жеміс-жидектердің құрамы тексерілді. Акция кезінде 49 тұрғын ақысыз «Нитротестер» құрылғысының көмегімен 206 бақша өнімдеріне нитрат мөлшерін тексертті. Олардың құрамынан артық нитраттар анықталған жоқ. Көп жағдайда бақша өнімдерінің пісуін жеделдету үшін құрамында нитраттары бар тыңайтқыштар қолданылады. Сондықтан да уақытынан бұрын піскен көкөністер мен жемістерді тұтыну аса қауіпті. Егер де көкөністер құрамында нитрат шамадан артық болса, соңы улануға әкеліп соғатынын тұрғындар қаперіне беремін,-дейді Ақтау қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы санитарлық-гигиеналық бөлімінің басшысы Әсима Тұрдиева.
Науқан барысында тұрғындарға тағам өнімдерінің қауіпсіздігі мен салауатты тамақтануды насихаттау мақсатында ақпараттық парақшалар таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Венера МИРЛАН