Мен жастарды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауынан
Ақтың кезеңнің ашылуы
Қоғамның әрбір саласында ұйымдастырылатын сайыстар үздіктерді анықтап, бір салада жұмыс істейтін әріптестердің бір- бірімен тәжірибе алмасуына, шеберлігін шыңдауына, еңбек ұжымдары арасында тығыз байланыс орнауына жол ашып, еңбекке деген құлшынысын арттыра түседі. Мұнайлы мекендегі алпауыт компания «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ транспорттық қызмет көрсететін «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес компаниялары арасында жұмысшы мамандықтар бойынша дәстүрлі өткізілетін «Үздік маман» байқауының биылғы жарысына іріктеудің ақтық кезеңін өткізді. Жұмысшылардың теориялық және тәжірибелік білімін сараптайтын сайыс серіктестіктің өндірістік базасының аумағында ұйымдастырылды.
Ақтық кезеңнің ашылу салтанатында әсем безендірілген өндірістік алаң аумағы мерекелік шараның шырайын келтіріп тұр. Жарысқа сақадай сай тұрған түрлі техникалар қаз-қатар сап түзеген. Бірнеше айдан бері «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС қарасты Маңғыстау, Бозашы, Жетібай технологиялық көлік басқармаларында өткен сайыстарда топ жарып шыққан үздік мамандар бақ сынауға келген. «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС бас директоры Серік Кеулімжаев сайысқа қатысушыларға құттықтау тілегін жеткізді.
–Құрметті «Үздік маман» байқауына қатысушылар! Сіздер серіктестікке қарасты құрылымдардың ішінде өткен байқауда білімдеріңіздің қандай деңгейде екенін көрсетіп, өз мамандықтарыңыздың мықтысы екендіктеріңізді дәлелдедіңіздер. Бүгінгі байқауда оза шапқан мамандар «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес компаниялары арасында өтетін сайысқа жолдама алып, «ОТК»-ның намысын қорғайды. Сынақтан сүрінбей өтіп, артылған сенімді абыроймен ақтаңыздар!, – деді Серік Жеткіргенұлы. «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС кәсіподақ комитетінің төрағасы Марат Темірқасов қатысушыларға сәттілік тілеп, артылған сенім үдесінен шығатынына сенімділік білдірді.
Салтанатты сәтте «Ақжарма» фольклорлық ансамблінің өнерпаздары күмбірлетіп күй төгіп, ән-жырдан шашу шашты.
Сайыс қызықты өтті
Ақтық сайысқа жолдама алған 21 маман екі аудиторияға бөлініп, теориялық сұрақтарға жауап берді. Алғашқы кезеңде автокран, цементтеу агрегатының машинистері, жүк көлігінің, автобустың жүргізушілері, жөндеушілер мен жас жөндеушілер 1 сағаттың ішінде 50 сұраққа жауап беруі тиіс.
Белгіленген уақыттың ішінде екі аудиториядағы мамандардың барлығы сынақтың сұрақтарына жауап беріп, емтихан тапсырып шықты. Комиссия мүшелері қатысушылардың білім деңгейін тексеруге кірісіп кетті.
Өндірістік алаңда сайыстың екінші кезеңі басталар сәтте сайыскерлер көліктеріне мініп, тапсырманы орындауға қамданды. Сөйтіп, төрешелердің нұсқауынан кейін алғашқы болып самосвал көлігінің жүргізушілері жарысты бастады. Бұл сайысқа қатысушылар 8 санын салу, көлікті тұраққа қою,алға және артқа жылжу, гаражға салу сынды тапсырмаларды орындап шықты.
Уақыт пен дәлдікті қажет ететін бұл сайыста төрешілер ақ жалауды көтерсе, жүргізушінің жарыс ережесін бұзбағаны, ал қызыл жалау талаптың сақталмағанын, жүргізушінің шатасқанын білдіреді. Бұл мезетте келесі алаңда автокран жүргізушілері су толған бөшкені көтеріп, ішіндегі суды төкпей, белгіленген жолмен жүргізу тапсырмасын орындап жатты. Техникалық қауіпсіздікті сақтай отырып, уақыт пен ұқыптылыққа жұмыс істеген жүргізушілер өз қабілеттіліктерін көрсете білді.
Цементтеу агрегатының машинистері бұрғылау үдерісінде күрделі өндеу кезіндегі тығыздық пен қысымды ескере отырып, жасанды ұңғымаларды цементтеу кезіндегі шеберліктерін байқатты. Жас жөндеушілер де көліктердің құрылымдарын жөндеу, шашу және қайта жинау тапсырмаларын шапшаңдықпен атқарып шықты.
–Техникалық қауіпсіздік пен қойылған талапты орындай отырып, жұмысты ойдағыдай аяқтап шықтық. Әріптесім Рақымжан Мәдиев екеуіміз жинақылық, жылдамдық, ұқыптылық көрсеттік деп ойлаймын. Мен 14 жылдан бері Бозашы технологиялық көлік басқармасында цементтеу агрегатының машинисті болып жұмыс жасаймын. Осы жылдар ішінде әріптес ағаларымның арқасында мамандығымның қыр-сырын меңгеріп, жұмысқа төселіп қалдым, – деді сайыскер Айтқали Оразбай.
Өндірістік алаңның әр жерінде өтіп жатқан қызу тартысқа толы сайыста қатысушыларға «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС қызметкерлері қолдау көрсетіп, жанкүйер болды.
Қорытынды шықты: кім жеңімпаз?
Күн ұзаққа созылған сайыстың нәтижесі де белгілі болып, қатысушылар тағатсыздана күткен сәт те келіп жетті. Тәжірибесі мол мамандардан құралған әділ қазылар алқасы теория мен тәжірибені шебер меңгерген мамандарды анықтады. Жарыстың марапаттау салтанатында «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС бас директоры Серік Жеткіргенұлы сайыстың жоғары деңгейде өткізілгенін, қатысушылардың да белсенділік танытып, биік межеден көрінгенін жеткізді.
«Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС ұйымдастырған «Үздік маман» кәсіби шеберлік сайысында автобус жүргізушілері аталымы бойынша 1-орынды Жетібай технологиялық көлік басқармасының жүргізушісі Сәрсенбек Байғоджаев (ЖТКБ), 2-орынды Маңғыстау технологиялық көлік басқармасының (МТКБ) жүргізушісі Сәрсенбай Қобжанов, 3-орынды Бозашы технологиялық көлік басқармасының (БТКБ) жүргізушісі Ислам Құлынтаев жеңіп алды.
Автокран машинистері арасында өткен додада Жұмабай Нұрғалиев (ЖТКБ) 1-орынды жеңіп алса, Қайрат Бақтығалиев (БТКБ)2- орынды иеленді. Цементтеу агрегатының моторист- жүргізушілері жарысында 1-орын Рақымжан Мәдиев пен Айтқали Оразбайға (БТКБ) берілсе, 2-орын Бітімғали Орынбасаров пен Марат Бәшеновке (ЖТКБ) бұйырды.
Сонымен қатар 30 жасқа дейінгі жас жөндеушілер арасында өткен сайыста Шаттық Лұқпанов (БТКБ) 1- орынды қанжығаласа, Бақтияр Сағынбай (ЖТКБ) 2- орынды жеңіп алды. Жас жүк көлігі жүргізушілерінің сайысында 1-орынды Бақытбек Тұрғанбаев (МТКБ) иеленсе, 2-орынды Құрманғазы Қаршығаев ( ЖТКБ), 3-орынды Кеңшілік Боранбаев (БТКБ) місе тұтты.
–Мен бүгін серіктестік қабырғасында ұйымдастырылған сайыстан 1-орын алып, қуаныш үстінде тұрмын. Сұрақтарға жауап беруде жақсы нәтиже көрсетіп, тәжірибелік кезеңнен де сүрінбей өттім. МТКБ-да 9 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Өз жұмысын жанымен сүйіп жасайтын, мамандығын жақсы меңгерген маман мұндай сәттерде алдыңғы қатардан көрінеді. Мен жастардың ішінен алға озып шыққаныма қуаныштымын. Еңбегіміздің еленуі, марапатқа ие болуымыз мерейімізді өсіріп, еңбекке құлшындырып, жігерімізді жани түседі. Серіктестіктің үздік деп танылған мамандарын жеңістерімен, қуаныштарымен құттықтаймын!, – деді МТКБ көлік жүргізушісі Бақытбек Тұрғанбаев.
Сайыс ережесіне сай бөлінген 30 жастан кейінгі жүк көлік жүргізушілері жарысында Бердәулет Тапыев (МТКБ) 1-орынға лайық деп танылса, Жалғас Жұмағалиға (ЖТКБ) 2-орын, Бекболат Құлбековке (БТКБ) 3- орын берілді. Жөндеушілер арасындағы сайыста қазылардың шешімімен Нұржан Шоңқалов (МТКБ) 1- орынды, Оңдасын Қаржаубаев (ЖТКБ) 2-орынды, Манарбек Заманов (БТКБ) 3-орынды бөлісті.
«Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС бас директоры Серік Жеткіргенұлы, «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС кәсіподақ комитетінің төрағасы Марат Темірқасов жеңімпаздарды салтанатты түрде дипломдармен марапаттады. Барлық жеңімпаздарға бір жыл бойы алған жүлделеріне қарай 10,20,30 пайыз көлемінде айлық еңбекақысына қосымша қаржы төленеді.
Әріптестері белестен өткен жүлдегерлерді құттықтап, ақжарма лебіздерін білдірді. Құрмет- қошеметке бөленген мамандар мәз-мәйрам болып тарқасты.
Бұл сайыстан 1-орынды иеленген үздік мамандардың кейбірі күзде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес компаниялары арасында өтетін сайысқа қатысады. Олар үшін алда бұл жарысқа жан-жақты дайындалып, ұжымның абыройын қорғап, жеңіс тұғырынан көріну міндеті тұр.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="31001,31007,31004,31006,31003,31005,31000,31002,31047,30998,30999,30996,31008,31009,31042,31043,31044,31046,31048"]