Халық ағарту ісінің үздігі, ҚР-ның білім беру саласының «Құрметті қызметкері», педагогика ғылымдарының профессоры, көптеген кітаптар мен ғылыми-зерттеу мақалалардың авторы, ауылдық жерлердегі білім беру мекемелерінде үлгілі еңбек еткен ардагер ұстаз, ақын Бесінбай Бегенішұлы биыл 80 жыл толды. Соған орай оның кейбір өмір көріністерін көпшілік назарына ұсынғалы отырмын.
Бесінбай Бегенішұлы 1938 жылы 10-наурызда Гурьев (Атырау) облысы, Форт-Шевченко (қазіргі Түпқараған) ауданы, Ақшұқыр елді мекенінде қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Мектепті алғашқы рет 1947 жылы Ақшұқырдан бастап, одан кейінгі жылдары Сенек және Форт-Шевченко интернатында жалғастырып, орта білім алған. 1963-1969 жылдары Алматыдағы С.М.Киров атындағы Мемлекеттік университетінде оқып, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, одан кейінгі жылдары Гурьев (Атырау) ауыл шаруашылығы техникумын зоотехник мамандығы бойынша бітірген.
...Біздер сонау 1948 жылы Сенек интернатында жатып, тәрбиеленіп, сол кезеңдегі қиындықтарға төзіп, білім алдық. Соғыстан кейінгі жылдары ауылдық жердің жағдайы онша мәз емес еді. Оқу құралдары жетіспейтін, жазуды күйген ағашты пайдаланып газеттерге, қолдан дәптер жасап алып, заттарды орайтын сары қағаздарға жазатынбыз. Киіміміз жұқа, тамақтарымыз әлсіз болатын. Төсек орындарымызды матрацтар мен жастық қаптарда селеулерді толтырып алып пайдаланатынбыз. Бір кереуетке екіден, кейде үш баладан жататынбыз. Оқу басталарда Үстірттегі малшы балалары ат, түйе көліктерімен бір ауылға жинақталып, ересек балалардың бастауымен (6, 7 сынып оқушылары) түйемен, жаяу-жалпы Сенекке келетінбіз. Келгеннен кейін мініп келген түйелерімізді бір-бірлеп, кезекпен бағып, елден адам келгеннен кейін беріп жіберетінбіз. Осындай қиындыққа қарамастан білім алуға деген құштарлығымыз ерекше жоғары болатын.
Сол кезеңдегі ел басына түскен қиын жағдайға байланысты мектептің бірінші сыныбына ересек ұл, қыздар қабылданатын. Біздер мектепке барғанымызда бірінші сыныпта 11-12 жастағылар да болды.
Сол кезеңдегі үлкен кісілердің айтуы бойынша Сенек мектебі алғашқы рет 1943 жылы ашылған. Алғашқы ұстазы соғыстан жараланып келген Жұмабай Ақбердіұлы деген азамат болған. Мектеп үшін бұрыннан салынған шағын мешіт үйін пайдаланған. Бір мұғалім 1-3 және 2-4 сынып оқушыларын біріктіріп оқытқан. Кейіннен жергілікті шеберлер балшықтан кірпіш жасап, содан мектеп үйін тұрғызған. Біздер сол кірпіштен салынған үйде оқыдық. 1952 жылы қазан айында сабақ жүріп жатқан кезде мектебіміздің жарты бөлігі құлап қалды. Абырой болғанда балалар да, ұстаздар да аман-сау болды. Содан 5-6-7 сынып оқушыларын Форт-Шевченко қаласындағы интернатқа алып барып оқытып, бастауыш сынып оқушыларын мектептің құламай қалған бөлігінде оқытуды жалғастырды.
Келесі жылы таудың жарқабақ тастарынан салынған жаңа мектепте оқуды жалғастырдық. Міне, балалық, жастық кезіміздегі осындай қиыншылықтар біздерді шыңдап, азамат болуымызға ықпал етті.
Бесінбай Бегенішұлы мектептің үздік оқушысы болумен қатар қоғамдық-көпшілік жұмыстарға да белсене араласты. Сол кездегі жастар ұйымы звено жетекшісі, отряд белсенділік танытып, қатарластарына үлгі көрсетті. Өзі оқыған кластың (сыныптың), мектептің қабырға газеттеріне мақала мен өлеңдерін жазып тұрды, редакция алқаларының белсенді мүшесі болды. Оның республикалық баспасөздердегі алғашқы мақаласы төртінші сыныпта оқып жүрген кезінде «Пионер» газетінде жарияланды.
...Интернатта жатып, ұйықтар алдында балаларға ертегі, әңгіме айту дағдымызға айналған еді. Сол кезде Бесінбайдың ойдан құрастырған әңгімелері, қияли ертегі тәрізді ойлары бала көңілімізге қатты ұнайтын. Кесте бойынша кезегі келерде Бесінбайдан сүйкімді әңгімелер күтетінбіз. Оның сондағы айтқан әңгімелерін қызыға тыңдайтынбыз.
...Армансыз жас болмайды. Бәріміз де алдағы өмірімізге ерекше үмітпен қарайтынбыз. Бесекең: «Адам жанының инженері – ұстаз боламын», - деп арман ететін.
Ұстаз жолының ауыр еңбегіне қарамастан өздерімізге тәлім-тәрбие берген Әбдікерім Рысбаев, Оғылан Ерғазыев, Мұстахи Бимағанбетов, Зылиха Бимағанбетова, Қытайы Бимағанбетова, Мұфтахиден Шамылов, Есбол Өмірбаев, Бердіхан Қарайшықов, Сапар Ергембаев сияқты ардагер ұстаздардың еңбек жолдарын жалғастырсақ деген ойда болдық. Сол бағытта Бесінбай ұстаздық жолды қалап, осы саланың профессоры деңгейіне көтерілді.
Ол еңбек жолын 1957 жылы Сенек интернатында тәрбиеші болудан бастады. 1961-1969 жылдары Ақшұқыр мектебінде әдебиет пәнінің мұғалімі, директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, интернат меңгерушісі сияқты жауапты қызметтерімен жалғастырды. Қарақия аудандық білім бөлімінің басшылары қайда да талантты жастарға үміт артады. Сондықтан Б.Бегенішұлын шалғай ауылдардағы мектептердің басшылығына жұмсады. 1961-1971 жылдары Оңды мектебіне директор, 1971-1973 жылдары Аққұдық мектебінде директорлық қызметті абыроймен атқарып, сол аймақтардағы интернаттың және мектептің оқу-тәрбие жұмысын жолға қоюда аудандық білім беру басшыларының сеніміне ие болды.
Өткен ғасырдың 70-80 жылдарында аудан басшылары алдыңғы қатарлы белсенді ұстаздарды ауылдық кеңестерді басқаруға және ауыл шаруашылығы жұмыстарын дамытуға жұмсауға әдетке айналдырған еді. Сол бағытта Бесінбай Бегенішұлы он екі жыл бойына (1973-1985 жылдары) Сенек селолық кеңестің төрағасы қызметін абыроймен атқарды. Шаруашылықты, ауылдың мәдениетін, әлеуметтік жағдайын жаңарту бағытында ел сенімін ақтап, абыроймен қызмет етті. Арасында мал шаруашылығын дамыту бағытында жұмыс жасап, ферма меңгерушісі болды. Негізгі кәсіби мамандығы педагог болғандықтан соңғы жиырма жылында Сенек мектебінде әдебиет пәнінің мұғалімі, интернат меңгерушісі қызметтерін атқарып, зейнеткерлікке шықты.
Арамызда бірнеше жыл болғанымен Бесінбай екеуіміз де Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіргенбіз. Сол оқу орнындағы екеуміздің де жетекшіміз Хасен Кәрімов еді. Бұл азамат менің диалектология бағытындағы диплом жұмысымның жетекшісі болды. Сол оқу орнындағы Мархан Томанов, Мәулен Балақаев, Кәкен Аханов, Зейнолла Қабдолов, Темірғали Нұрғазин, Аманжолов, Нұрғалиев, Ғалым ұстаздардан тәлім-тәрбие алған азаматтармыз.
Бесінбай Бегенішұлы ұстаздық ауыр жолдың барлық өткелдерінен сүрінбей өтті. Ол әсіресе жастардың моральдық тәрбиесі мен ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты үйрету бағытына күш жұмсады. Сондықтан да мектепте жұмыс жасаған кезінде балалар арасында ақындар айтысын өткізу, термешілік дәстүрді үйрену, мәнерлеп оқу, шығармашылықпен айналысу, тарихи, киелі орындарға барып тағзым ету, өлкеміздің көрікті аймақтарына саяхатқа шығу сияқты мәселеге басты назар аударды.
Бесінбай Бегенішұлының алдынан жүздеген шәкірттер білім-тәрбие алып, ар салада еңбек етіп жүр. Сенек мектебінен тәрбие алған Гүлбану Жүгенбаева – тарих ғылымдарының докторы, Жібек Досбаева – филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Нұркамал Құлшынбаев – мұнайшы, Жаңбырбай Қиялбаев – мұнайшы, Тұрғанбай Сәулеев – қажы, Оғыландыдағы Бекет ата мешітінің шырақшысы, көптеген шәкірттері облысымыздың әр аймағында өндіріс, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау салаларында, құқық қорғау органдарында абыройлы еңбек етіп жатыр.
Бесінбай Бегенішұлының отбасын ұстаздар ұясы деп айтуға негіз бар. Бұл ұяда он екі ұстаз тәрбиеленіп, Маңғыстаудың әр аймағындағы білім беру мекемелерінде абыройлы еңбек етіп жүр.
Ұлы Нұрболсын – Оралдан бітірген географ, биолог, көп жылдан бері Сенектегі мектеп директоры, келіні Жұмагүл Керелбаева – Алматыдан бітірген, математик, келіні Мария Шынаманқызы – жоғары білімді тарих пәнінің мұғалімі, қызы Бостан Бегенішева – Сенек мектебінде балаларды өнер-шеберлікке баулу мұғалімі, қызы Фархад Бегенішева – Ақтөбеден бітірген, жоғары бастауыш сынып озат мұғалімі, қарындасы Бақтылы Бегенішева – зейнеткер мұғалім (Аққұдықта), оның қыздары Марал, Ақшұқырда Жансая және Гүләйка – Аққудың мектебінде, інісі Кендебайдың қыздары Феруза – мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, Гүлбаршын – Сенекте мұғалім, Құралай – Ақтауда мұғалима, Айжан – жоғары білімді ағылшын тілінің маманы, Қызылсайда.
Бесінбай Бегенішұлы жастайынан ауыл ақсақалдарының жанында болып, ел тарихы, Маңғыстау тұрғындарының өткен өмірі, халық батырлары мен ақындары жайлы, шешендік сөздің шеберлері - атақты билер туралы, ғұлама дін иелері мен ел басқарған болыстары, атақты палуандары, сал-серілері жайында әңгімелерінен тыңдап, оны рухани азық етіп, бойына сіңіреді, көкірегіне орнықтырады. Сол жағдай оның әдебиетке деген құмарлығын арттырып, ой-өрісін кеңейтті. Сондықтан да Бесінбайдың шығармашылықпен айналысуы бойына бітіп, қалыптасқан өнері еді. Ол қолы босаған кездерде шығармашылық жазумен айналысты. Дана қарттардан естіген оқиғаларды ой таразысынан өткізіп, ақ қағаз бетіне шимайлайды. Оның маңғыстаулық тұңғыш геолог Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы туралы басылым материалдары, Шыңырау құдық қазушы Қараш Бейнеубай туралы, Бекет ата, Шопан ата жайындағы деректі әңгімелері, аңыз-әпсаналары әр деңгейдегі басылымдарда жарияланды. Жылқы, ат туралы және атбегілері мен шабандоздар жайында жазған топтама өлеңдері – поэзиялық көріністің айқын шеберлік белгісі болатын. «Балуанияздың құласы», «Шабандоз Мизам», «Жылқы қара», «Қанатты қара», «Барахаттың көк байталы», тағы басқа жылқы малына арнаған поэзиялық шумақтары Бесекеңнің ақындық шеберлігін шыңдай түсті.
Мен 1988-2008 жылдар аралығында Жаңаөзен қаласында және қала маңында өткен атаулы күндер қарсаңында ұйымдастырылған әт бәйгелерінің бас судьясы болып, жарыс көріністерінен репортаж беріп келдім. Сонда атаулы күндер туралы хабарламалар, соған қатысты тарихи әңгімелер айтумен қатар Бесінбай Бегенішұлының жылқы туралы өлеңдерін көпшілік назарына ұсынып отырдым. Бұдан көрермендеріміздің ризалық сезімдерін байқадым.
2000 жылы Сұмса жерінде өткізілген Бекет атамыздың 250 жылдығындағы әр түрлі қашықтықтағы ат бәйгесінің бас судьясы болып репортажды жүргізген кезімде жылқы жайындағы Бесінбай өлеңдері кеңінен пайдаланылды.
Сондай-ақ Бесінбай өлеңдері туған жер, өскен аймақтың киелі қасиетін жас ұрпақтың бойына сіңіруге арналған шығармашылық толғауы деп мән берген дұрыс.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жарнамаға түсемін деп, айыппұл төлейтін болдыЕнді ақынның «Жыр арқауы – Маңғыстау» деген өлең топтамасына назар аударалық.
Маңғыстау деген - Киелілердің мекені, Әулие, бабам Мәңгілік қоныс етеді. Отпан тау биік, Рухы қайта жаңғырып, Асқақтап бүгін, Жетпей тұр көкке екі елі, - деген өлең жолдарындағы жасампаз өлкеміздің көріністері бейнеленсе, «Ақтау – әсем қала» атты өлеңінде:... Ақтауым әсем, Теңіз толқыны тербеген. Өзгерген бәрі, Шындықты көрші көзбенен. Шағала, аққу, Есігінің алдында, Мейріміділігі осындай, Жеткізу қиын сөзбенен, - деп өлкеміздегі жаңалық көріністерін суреттеген. Бұл ойын «Қарақия» деген өлеңінде жалғастырады:
Қарақия ойпаты, Сыр тарттым тылсым тереңнен, Қойнауында соның, Мұнай, газ асқан кемерден, Жан-жағын жұтып, Қазанда шұңғыл қайнайтын, Қарасаң қызық, Мұнай ғып бәрін жіберген. Шабытты ақын бүгінгі Маңғыстаудың қайтадан жасарып, түлегенін де жырға қосады:... Маңғыстау деген, Жасарып қайта түледі, Қабыл болған Әулие, бабам тілегі. Құпия, жұмбақ, Рухани қайта жаңғырған, Ғажайыптардың түбегі, - деп түйіндейді де, өлкенің қатал табиғатын да көзге елестетеді. Оған тек қана төзімді жандардың, маңғыстаулықтардың шыдайтынын жырына арқау етеді.
...Маңғыстаудың желі де, Алады тосын сілкілеп. Ыңырсып өтер желіге Түйесі алдан бүлкілдеп. Шаң-тозаң жұқса аймалап, Жат көрмей сені ұққаны. Қабылда оны жайлап-ақ, Ырысы саған жұққаны.Жастайымыздан қоян-қолтық қатар өскендігімізден күні бүгінге дейін достығымыз, бірлігіміз, татулығымыз нығая түскені болмаса ажыраған емес. Мыңдаған адамдар арасында бірлі-жарым «жан достары» болады. Бесінбай екеуіміздің арамызда сол жағдай берік қалыптасқан. Үнемі сырласамыз, мұңдасамыз, өткен кезеңдерді еске түсіреміз. Бір-бірімізге туыстықтан да бетер қолдау көрсетеміз. Жақында Бесінбайдан: «Жасың 80-ге жетті, өмірде үлкенді, кішілі талай жайсаңдармен кездестің, соларды айтшы», - дегенімде:
- Сыйлас, сырлас ағалар қатарына Темірғали Нұртазин, Қабиболла Сыдықов, Саламат Мұқашев, Төлеген Қағазов, Әбу Сәрсенбаев, Өмірзақ Нұрбаев, Хиту Бекжанов, інілер қатарында Өмірзақ Озғанбаев, Асылбек Айдаров, Бектұр Төлеуғалиев, Таңаш Меңдібаев, Құдайберген Жолымбетов, - деп жымия жауап берген еді.
Иә, өмірдің талай ауыртпашылығы мен қиыншылығын көрген, сәтті, қызық кезеңдерді бастан өткізген, әкеден жастайынан айырылып тек қана ана тәрбиесінен нәр алған, Бесінбай бұл күнде көпті көрген ардагер ақсақал қатарында. Құдай қосқан қосағы Байбоз Сатбайқызы Қағазбен бірге өмірге келген 8 ұл-қыздарын тәрбиелеп өсіріп,
30 немере-немелтайларының қызығына кенеліп отырған бақытты жанұя. Осыған орай ардагер ұстаз, елге танымал түбегіміздің абыз ақсақалы кез-келгеннің қолы жете бермейтін 80 жасқа толып отыр. Осы өміріне ол ризалықпен қарайды.
... Әулиелі ел десе, Жететін көкке төбем мың, Сүрінсем егер мен неше, Бекет ата дегенмін! Жалбарынып бәріне, Шапақты таңды атырдым. Жасаймын қанша әлі де, Сексенді ұстап отырмын. Жабырқау күнім аз емес, Жалтақтаймын әлі де. Денсаулық деген мәз емес, Аллаға аян бәрі де! Өтсе де қанша көктемім, Мұңайған күндер көңілде. Мен емес әсте өкпелің, Ренжімеймін өмірге!, – деп ойын түйіндейді.Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы болашақ ұрпақтарымыздың бойына ұлтжандылықты дарытуға, ұлттық дәстүрімізді, салтымызды, әдет-ғұрпымызды құрметтеуге, елімізді, Отанымызды, жерімізді сүюге бағытталған аса құнды бағдарламасын тұрғындар арасында насихаттау жолында шабыттана қызмет атқарып жүрген ардагер ұстаз Бесінбай Бегенішұлының шығармашылық еңбектеріне табыс тілеп, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.
Асылбек СҮЙЕУХАНҰЛЫ, Ардагер педагог, Жаңаөзен қаласының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі, Халықаралық Журналистер Одағының мүшесі