©
Өткен жұмада салауатты өмір салты қағидасын ұстану, достық пен ынтымақтастық байланыстарын нығайту мақсатында, сондай-ақ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Құрық ауыл әкімшілігі аппаратының ұйымдастыруымен «Күзгі жүгіру-2018» марафоны өтті.
Оған қатысқан жүзге жуық балалар мен ересектер қауымы жарыса бақ сынасты. Қатысушылар, соның ішінде 10-нан 14 жасқа дейінгі балалар «Сағындық ата» әулиесінен «Ынтымақ» алаңына дейін бір шақырым қашықтықта жүгірсе, әйелдер арасы «Гелиос» май құю стансасынан «Ынтымақ» алаңына дейін екі шақырым, ал ерлер арасы болса, үш шақырымға жуық жолды басып өтті.
- Жыл сайын күз мезгілінде жүгіру марафонын ұйымдастырып тұрамыз. Біздің мұндағы бар мақсат-ойымыз – салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортты насихаттау. «Күзгі жүгіру-2018» марафоны ауыл тұрғындарына, бастысы жастарға пайдасы зор деп есептейміз. Себебі мұндай игі шаралар әр адамға өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді! - деді, Құрық ауылы бойынша спорт жөніндегі нұсқаушы, әдіскер Гүлмекен Компаева байқау барысында.
Жарыс соңында белсенділік танытқан ересектер мен жастар арасындағы желаяқтар мәре сызығына да жетті. Нәтижесінде жеңіске жеткен орын иелері Алғыс хаттармен марапатталып, қаржылай сыйлыққа ие болды.
Майра ТӨЛЕУОВА
Көрнекі сурет сайттың архивінен