Қарақиядағы кешкі мектепте Әбіштану кабинеті ашылды
[ 2019 ] 28 наурыз, 10:25 | Аудан тынысы
Қарақия ауданындағы №3 кешкі жұмысшы жастар орта мектебінде «Әбіштану» кабинеті ашылды. Заманымыздың заңғар тұлғасының өмір жолы мен әдеби мұраларын насихаттау мақсатында ашылған бұл кабинеттің салтанатты рәсіміне Қарақия аудандық әдістемелік орталығының директоры А.Досжанова мен «Қарақия» газетінің тілшісі Ф.Хайдарова қатысып, әдеби мұраларға бай кабинеттің лентасын қиды. Енді оқушылар осы кабинеттерде бірегей тұлғалардың өмір жолымен жақын танысып, шығармашылықпен қатар ғылыми зерттеулер де жасай алады. Ең алдымен мектеп ұстазы Н.Нәдірхан қазақ әдебиетінің классигі, шебер прозашысы Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын таныстырып, өмір жолына тоқталды. Кабинет қабырғасында заңғар тұлғалардың өлеңдер жинағы, баллада, повестері және мақалалары жинақталған екен. Жазушының әр жылы шығарылған жинақтары мен өмір тарихы жайлы қалам тербеген қаламгерлердің зерттеулері орналасқан кабинетте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Бишенов сөз сөйлеп, осындай кабинеттер арқылы жастарымыздың ой-өрісі рухани жаңғыратынын айтты. Сондай-ақ оқушылар қазақтың дара тұлғасы Әбіш Кекілбаев жөнінде сөз өрбітіп, оған арнаған өлеңдерін шабыттана оқыды. Біртуар тұлғаның ел мүддесі жолындағы еселі еңбектерінің жетістіктеріне молынан қаныққан оқушылар жиналғандарды күмбірлі күйге бөлеп, ән шырқады. Маңызы зор жиынды қорытындылаған аталмыш мектептің директоры Ф.Бектемірқызы бірегей тұлғаның өмір жолындағы еңбегін білуге құштарлық танытқан оқушылар мен ұжымына алғысын білдіріп, болашақта «Әбіштану» кабинетіндегі өтетін іс-шараларды қолға алып, жандандыратынын айтты. Қаламгердің осындай білімгерлігі мен білгіштігіне тәнті болған оқушылар бұл тағылымы мол ісшарадан терең ой түйіп, ғибрат алды.
Фариза РОЗАНҚЫЗЫ
1511
Желіде бөлісу: Facebook Twitter ВКонтакте
WhatsApp Mail.ru Telegram
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.