14 қараша күні Қарақия ауданында бес мыңдай адам жалпыхалықтық диктант жазды.
ҚР Премьер-Министрі Б.Ә.Сағынтаевтың төрағалығымен өткен 2018 жылғы 27 қыркүйектегі Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес, «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің жобасын» практикалық тұрғыда меңгеру барысын нақтылай түсу мақсатында өткен шараға жалпы аудан бойынша: мектептерден 937 мұғалім, 15 жастан жоғары немесе 10-11 сыныптардан 721 оқушы, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен 279 тәрбиеші және колледж студенттері қатысты. Сондай-ақ аудан және ауыл әкімдіктері мен бөлім, мекемелердің барлық қызметкерлері қамтылса, тек білім бөлімінен 25 қызметкер диктант жазды.
Республикалық шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, «Рухани жаңғыру» тақырыбындағы, аудиодиск тыңдау арқылы жазылған диктанттың алдын-ала болжам бойынша жалпы сауаттылығы – шамамен 60 пайызды құрайтындығы байқалған. Жаңа әліпбиден қорқып жүргендердің өзі диктантты жап-жақсы жазып тастапты. «Көз – қорқақ, қол – батыр» - деген осы болар.
Шынар КЕНДІН