Жаңаөзен қаласы мен Қарақия ауданының мемлекеттік қызметкерлері арасында волейболдан достық кездесу өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Аудан мен қаланың достық-әріптестік қарым-қатынасын нығайту, мемлекеттік қызметкерлерді бос уақытында салауатты өмір салтын насихаттап, спортпен айналысуға шақыру мақсатындағы спорттық сайыс Сенек ауылында ашылған жаңа спорт залда ұйымдастырылды. Достық кездесуге Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров, Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков және аталған қала, аудан әкімдіктері мен Сенек ауылы әкімдігінің мемлекеттік қызметкерлерінен құралған командалар қатысты. Тартысты да қызықты өткен сайыста екі тарап та тамаша ойын үлгісін көрсетіп, достық жеңді. Командалар құрамында ойнаған қос әкім әріптестерін құттықтап, ауыл жастарын спортпен айналысуға шақырды.
Шынар КЕНДІН