©
Жақында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруді және ономастикалық мәселелерді кең ауқымда түсіндіру мақсатында жиын өтті. Жиынға Маңғыстау облысының тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы, тілдерді дамыту және ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы А.Усеева, Қарақия аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы М.Төлегенов және мекеме басшылары мен қызметкерлері қатысты. Бөлім басшысы М.Төлегенов:
– Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша 2017 жылы тілдерді дамыту саласына «Мемлекеттік тіл саясатын жүргізу және жастар арасында мемлекеттік рәміздерді құрметтеу және патриотизмді қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру» тақырыбында 1 000 000 теңге қаражат бөлінді. 2018 жылы «Мемлекеттік тіл саясатын жүргізу» тақырыбында 500 000 теңге қаражат бөлініп, конкурс өткізілді. Осы қыркүйек айынан бастап іс-шаралар жоспарлануда. Сонымен қатар ономастика саласы бойынша 2016 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аясында соғыс ардагерлері Б.Алипов және Т.Лұқмановтың есімдері Құрық аулындағы көшелерге берілді. Қарақия ауданының дамуына еңбегі сіңген тұлғалар - Т.Мақтағанов, Қ.Қожанов, И.Бимановтарға сынтастар орнатылды, - дей келе, Қарақия ауданында тілдерді дамыту бойынша 2017-2018 жылдары жасалған жұмыстарға тоқталды.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев рухани жаңғыру туралы мақаласында: «Қазақ әліпбиін латын қарпіне ауыстыру -үлкен жобалардың бірі» деген болатын. Бұл аяқ астынан көтерілген мәселе емес. Елбасымыз алғаш рет 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында да бұл мәселені көтерген болатын. Ал «Қазақстан-2050» стратегиясында латын әліпбиіне 2025 жылдарда толықтай көшетініміз туралы айтты.
- Әрине, бұл өте дұрыс шешім. Елдің болашағын ойлаған әр азаматтың латын әліпбиіне қатысты көзқарастары оң болғаны дұрыс. Біздің латын әліпбиіне көшудегі мақсатымыз елдің, ұрпақтың болашағы үшін тиімді, - деді А.Усеева.
Жолдаудан бастау алып отырған қазақ әліпбиінің латын графикасына көшудің ұтымды тұстары талқыланып, ономастика саласындағы заңнамалар туралы бейнебаян көрсетіліп, латын әліпбиінің басым бағыттарын түсіндіріп, оның қажеттілігі жөнінде жан-жақты мағлұмат берілді.
Фариза РОЗАНҚЫЗЫ