Қарақия ауданында халықты жұмыспен қамту бойынша ауқымды іс-шаралар жүргізіліп келеді. Осындай іс-шаралар аясында жуырда аудандық мәдениет үйінің фойесінде «100 нақты қадам» бағдарламасы шеңберінде Қарақия ауданы әкімдігі және жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Е.Күмісқалиев жұмыссыздық мәселелеріне кеңінен тоқталып, ауылда жұмыс істеуге ынталы жастар қатарының жыл санап артып келе жатқандығын тілге тиек етті. «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бағдарламасы туралы жастарға кеңінен мағлұмат берді. Сонымен қатар осы ұйымдастырылып отырған игі шараның жастар үшін маңызы зор екендігіне тоқталып, өткізіліп отырған шараға жаппай атсалысуын сұрады.
Бұдан кейін орталық мешіттің имамы Е.Режепов: «Саналы ғұмырда адал жолмен мал табу, қоғамға, Отанға адал қызмет ету – адам баласына Алла Тағалланың жүктеген міндеттерінің бірі. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен, тер төкпей мал тапқан дүниенің қайырлы болмасы анық»,-деп жастарды еңбек ету мен адал табыс табуға шақырды.
Халықты тұрақты жұмыспен нәтижелі қамтуға жәрдемдесу және жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында өткізілген жәрмеңкеге 60-қа жуық жұмыссыз жастар қатысып, 12 мекемеден 130 бос орындар ұсынылды. Бос орындар жәрмеңкесі әртүрлі мамандықтар бойынша жұмыстар ұсынды. Соның ішінде құрылыс саласына сұраныстың көп болғаны байқалды. Бірнеше рет түйіндеме толтырып, жұмыс таппағандар осы жолы тағы да бақтарын сынап көрді. Жұмыс берушілер тұрақты жұмысқа тұрудың маңыздылығы мен қажеттілігін жете түсінген ауыл тұрғындарын өз кәсіпорындарының қызмет ету аясымен таныстырып, жұмысқа қабылдау барысын түсіндірді. Жұмыс берушілер түйіндеме ұсынушыларды еңбек біліктілігіне сәйкес осы апта ішінде әңгімелесуге шақырып, тиісті шешім қабылдайтынын жеткізді.
Жұмыссыздық мәселесі қай кезде де өзектілігін жойған емес. Әлемнің алпауыт елдерінде де бұл мәселе назардан тыс қалмаған. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың барлығы да елімізде жұмыссыздықты азайтуға бағытталған. Осыған орай «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы өз нәтижесін беруде. Заман талабына сай әр адам өзінің шама шарқына қарай еңбек етіп, табыс табуы керек. Еңбек адамды үлкен мұраттарға жетелейді.Тынымсыз еңбектің арқасында ер атанасың. «Кедейлік кетсін десең, еңбек ет, молшылық жетсін десең, еңбек ет» дегендей, еңбек еткен адамға жоқшылық жоламайды. Еңбек бар қиындықтарды шешіп қана қоймай, үлкен жетістіктерге жетелейді.
Фариза РОЗАНҚЫЗЫ