©
Бұрынғы өткен абыз бабалар ұлы даламыздың ажарын асқақтатып тұрған тау тастары, ұшқан құс пен жүгірген аңдары, арасан бұлақ пен құдық қайнары туралы тылсым шежірелерін айтып, күй тартып, жыр жырлаған. Осылайша бабалар мұра етіп қалдырған табиғат пен оның шексіз байлығын қорғау, оларды тиімді пайдалану мәселесі бұл күндері дүние жүзілік аса маңызды мәселелердің біріне айналды.
Табиғатты қорғаудың негізгі формасы — оның ресурстарын тиімді пайдалану. Жабайы жануардың біраз бөлігінің жер бетінен жойылып кету қаупі бар екенін ескеріп, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін сақтап қалу үшін басқа облыстар сияқты Маңғыстау облысы да қорық, ЕҚТА және парктер құрған болатын. Алайда жойылып кету қауіпі бар жабайы аңдарды қаскерлік жолмен аулау әрекеті тоқталар емес. Үкімет тарапынан қаскерлікке қарсы әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, Қазақстан Республикасы 2004 жылы 9-шы шілде де «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану» туралы заң қабылдады. Заң аясында киік аңын 2020 жылға дейін аулауға қатаң тиым салу жөнінде Үкімет қаулы қабылдады. Республика бойынша 1978 жылдан бастап 2008 жылдар арасындағы зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша «Қызыл кітаптың» 4-ші басылымы жарық көрді. Аң аулау ережелері жасақталып, пайдалануға берілді. Аталған іс-шараларға қарамастан қаскөйлер броконьерлікті қояр емес. Сондықтан Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзумен келтірілген зиянның орнын толтыру мөлшерін бекіту туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 ақпандағы № 18-03/158 санды бұйрығы шығарылды. Осы бұйрықты басшылыққа ала отырып, қаскерлік жолмен ауланған жабайы аң, құс, т.б. жабайы жануарлар арқылы қаскердің аңшылық қоғамға келтірген зиян мөлшерін анықтаймыз және бұл бұйрық бойынша келтірілген зиян мөлшері бұрынғы зиян мөлшерінен әлдеқайда көп. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысал келтіре кетейік. Жабайы аңдардың басым бөлігі қорық аумағы не ерекше қорғалатын аумақта болатындығын ескеріп, заңсыз аң аулау фактісі аталған аймақтардың бірінде болса деп алайық.
1( бас арқар) х2405х 1500 х1,5х3х3=48 701 250 теңге. 1(бас қарақұйрық)х2405х400х1,5х3х3=12 987 000 теңге. 1 (бас қоян) х 2405х5 х1,5 х3 =54 112 теңге. 1 ( бас үйрек) х2405 х5 х1,5 х 3 = 54 112 теңге. 1 (бас киік) х 2405 х500 х1,5 х3 х3= 16 233 750 теңге.Шығын мөлшерінің есептелуіне түсінік бере кетейік, 2405 (АЕК) айлық есептік көрсеткіш, 1,5 заңсыз ауланған аңға қосылатын коэффицент, 3 ерекше қорғалатын аймақта болған үшін қосылатын коэффицент, 3 жойылып кету қаупі бар не «Қызыл кітапқа» енген аң үшін қосылатын коэффицент.
1500, 400, 5, 500 сандары — әрбір дараққа АЕК ретінде салынатын шығын мөлшерінің сандық көрсеткіші.
Мүмкін осыншама шығын мөлшерін халық арасында екінің -бірі біле бермеуі мүмкін. Жоғарыда көрсетілген қыруар соманы төлеу кез-келген адам қолынан келе бермейтіні белгілі, мүмкін қаскерлер осыдан сескеніп, қылмыстан аяғын тартар ма екен деген ойдамыз.
С.БАЙТАЛАСОВ, инспектор