Бүгін Қарақияда жалпы білім беретін мектептердегі үздік оқушыларға «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» табыстау шарасы өтті. Аудан бойынша 349 түлек аттестат құжаттарын алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Алтын белгіге» үміткер 13 оқушының 11-і қорытынды аттестаттау емтихандарынан өтіп, білімін дәлелдеп шықты.
- Еліміздің жарқын болашағы - жастардың қолында. Жас кезінде жалындап, жастығын білім алуға, қоғамға пайдалы болуға арнаған жас ұрпақ ата - баба жолын жалғап, еліміздің біртұтас қалыбын сақтай отырып, алпауыт мемлекеттермен тереземізді тең етері сөзсіз. Бұл – жеңімпаздар мен мектеп бітірушілер үшін де, ұстаздар мен ата-аналар үшін де қуанышты, салтанатты сәт. Мектеп бітіруші түлектерге алдағы үлкен сынақ - Ұлттық бірыңғай тестілеуде тағы бір мәрте өз білімдеріңізді дәлелдеп, жоғары нәтиже көрсетіп, ауданның намысын қорғауға шын жүректен тілектестігімді білдіремін,- деді аудан әкімі Сымбат Төретаев.
Аудан әкімінің құттықтау сөзінен кейін әр мектептен оза шапқан 11 түлекке «Алтын Белгі», 18 түлекке «Үздік аттестат» табыс етілді. Сонымен қатар түлектерге аудан әкімінің алғыс хаты, гүл шоғы және бағалы сыйлықтар берілді.
Жиын барысында аудандық мәслихат төрағасы Ж. Қалаубай түлектерге жылы лебізін білдірді.
Шара соңында түлектердің ата-анасы, мектеп директорлары жетістіктерімен құттықтап, аудан әкімімен естелік суретке түсіп, жүрек жарды тілегін айтты.