Бүгінде рухани өміріміздің өзегі іспеттес ғылымды көпшілік оқырманға, ертеңгі ел тізгінін ұстар жас жеткіншек ұрпаққа насихаттауда, рухани мәдени байлығымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші кітапхана болса, сол байлықты өз оқырманына таныстырып, табыстаушы өзіндік тұлға, ол – кітапханашы. Кітапханашы – еңбегі көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын сәуле сияқты.
«Бейнеу кітапханасы» мемлекеттік мекемесінде жуырда ұйымдастырылған «Кітапханашы болу – бір бақыт» атты кәсіби мерекелік кеш осы өлшеусіз еңбектің иелері кітапханашыларға арналды. Кештің мақсаты – көпшілік шаралардың жаңа формалары мен әдістемелік көмектің жүргізілу барысы жайлы топтық кеңес беру, жаңа жобалармен таныстыру, кітапханашылардың білімі мен біліктілігін арттыру.
Мерекелік кешті «Бейнеу кітапханасы» мемлекеттік мекемесінің директоры Таңат Амалбаев Қайнарбайұлы ашып берді.
Мекеме директорының орынбасары Гүлмира Абуова: – «Заманға сай оқырмандардың сұранысы ұлғайған сайын кітапханашыларға да қатаң талаптар қойылуда. Бүгінгі заманның жас кітапханашылары өз кәсіби міндетін жетік білумен шектелмей, озық технология құрал-жабдықтарын өз жұмысында пайдаланып, қолдана білетін, мемлекеттік тілмен қатар орыс, ағылшын тілдерін меңгерген, ақпараттық сауаты мол, білікті маман болуы тиіс», - дей келе, осы орайда 2019 жылға арналған мәдени-көпшілік шаралар мен «Кітап жабылғанмен, оқиға жалғасады», - үздік фанфик байқауы, «Book Dating» - әйгілі адамдармен кездесу алаңын ұйымдастыру, «Happy book day» - «Бақытты кітап күні» әдеби автобус акциясы атты жаңа жобаларды таныстырып, ұсынды.
Жас оқырмандар мен кітапхана қызметкерлері бірлесіп дайындаған «Бәріміз кітап оқимыз» атты флешмоб биі орындалды. Кітапхананы дамыту бөлімінің әдіскері Рабиға Амандыкова онлайн - орталықтардың жұмысы бойынша әдістемелік ұсыныстар дайындап, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көтерілген көкейтесті мәселенің бірі - латын әліпбиіне көшу, яғни әліпбимен танысу жалғасуда», - деп айта келіп, «Латын әліпбиіне көшу - заман талабы» бағытында анкеталық сұрақтар қойып, оқырман ойларына сараптама жасады.
Сондай-ақ әдіскер Аймекен Байманова 2019 жылы атап өтілетін ақын-жазушылар мерей тойларына орай жырау, ақын Маңғыстаудың жыр жауһарларын ұрпаққа насихаттаушы, жыр сүлейі Сүгір Бегендікұлының 125 жылдығына сценарий бағдарламасын дайындап ұсынды. Әдістемелік бөлім үлестірме ретінде «Кітапханалардағы көпшілік жұмыстың жаңа формалары» бүктемесін дайындап, «Флешбук» онлайн - 2019, акция бағдарламалары, сценарийлер, т.б. таратты. Шет тілдер секторының жанынан құрылған «Speak English club» үйірмесінің жетекшісі Салтанат Рапбергенова және балалар кітапханасының жанынан құрылған «Шебер қолдар» үйірмесінің жетекшісі Гүлмайра Алтыбаева қазіргі таңда үйірмеде жасалып жатқан бұйымдарды көрсетіп таныстырса, кітапхананың тұрақты оқырманы Амандық Айнашов кітапханашы апайларына деген өзінің жүрек жарды лебізін «Арнау» өлеңі арқылы жеткізді. Бейнеу жастары КВН мүшелері келген қонақтарға өздерінің әзілдерін ұсынып, тамаша көңіл-күй сыйлады.
Қазіргі таңда білім қуып Астана, Алматы, Ақтөбе, Қостанай қалаларында жүрген кітапхананың тұрақты оқырмандарының жылы лебіздері, әріптестердің «Кітапханалық тосын сый» жасап, құттықтауы бейнеролик арқылы тамашаланды. Кешті қорытындылай келе, Бейнеу гуманитарлық-экономикалық колледжінің кітапханасы, Құлшар атындағы өнер мектебі, мәдениет үйі, жастар ресурстық орталығы және ауданның барлық білім ошақтарының кітапханалары «Бейнеу кітапханасы» мемлекеттік мекемесінің әкімшілігі атынан Алғыс хатпен марапатталды.
Ақбілек СЕЙЛХАНОВА, кітапхананы дамыту бөлімінің меңгерушісі