©
Елбасы, Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары қоғамға жаңа леп, тың серпіліс алып келгені баршаға аян. Рухани жаңғыру деген сөз адамзаттың ой-санасының кемелденуі, өткеніміз бен бүгінгі күнімізге, болашағымызға жаңаша көзқараспен қарау дегенді аңғартатыны анық. Аталған құнды еңбектерді қайталап оқудан жалыққан емеспін. Өйткені қайталап оқыған сайын маған ерекше әсер етеді. Елбасы айтқандай, тарихқа жаңаша көзқараспен қарау үшін мен көптен бері ойымда жүрген Айтумыс атамыз жайлы пікірімді қағазға түсіруді жөн көрдім. Халқымызда «Өмірден озғандар жайлы тек қана жақсы сөздерді айт» дейтін тұжырымды сөз бар. Бұл — өмірдің бұлжымайтын заңдылығы. Біздер бүгін ертеде өткен аталарымызды санамызда жаңғыртып, олардың елдігіміздің іргесін бекемдеудегі ерліктерін, жоқ дегенде ерлікке пара-пар істерін дәріптесек, өмірден өткен кезімізде артымызда қалған ұрпақ біздерге дәл осындай құрмет жасайды. Бес күндік жалғанның жарығында жүргенімізде тек қана өрелі, өнегелі ісімізбен мәңгілік туралы қам жасаудың қажеттігін әрбір саналы азамат түсінеді. Сөздің шыны керек, біздер қазақ қазақ болғалы жер тағдыры, ел болашағы үшін талай азулылармен жан аямай айқасқан аталарымызға лайықты құрмет жасай алдық па? Өзгелерін айтпағанымызда, шамамен он алтыншы ғасырда өмір сүрген Айтумыс атамыздың рухы алдында борышымызды толықтай атқардық па? Жасырмай айтайықшы, атқара алмай жүрміз. Атқару тұрмақ, «Еркіндіктің арқасында ертедегі шалдардың бәрін батыр деп жүрміз. Әйтпесе, Айтумыс дейтін атамыз да көптің бірі болған шығар. Нағыз батыр болғанда осы кезге дейін, тіпті кешегі кеңес заманында-ақ аты тарих кітаптарына енбес пе еді?» дейтіндей пікірлер кедергісіне тап болар ма едік. Кейбір замандастарымыз осындай неше түрлі алып-қашпа әңгімелерді көңірсітіп, қасиетті атамыздың рухын негізсіз қаралап, «Асылымызға шаң тигізбейік» дейтін азаматтардың көңілін жаралар ма еді? Дұрыс, Айтумыс атамыздың есімі тасқа басылған тарих беттерінде көрінбей жатыр. Бұл тарихта Айтумыс атты тұлға болған жоқ деп үзілді-кесілді пікір айтуға негіз болмайды. Өйткені қазірге дейін жарық көрген тарихтың өзі түгел емес. Тарих бүтін болғанда, Елбасы мен қазақтың марқасқа азаматтары «Тарихымызды түгенделік» деп жар салмас еді. Ақиық ақынымыз Есенғали Раушанов «Аулақпын дерегі жоқ болжамдардан. Әр жұртта ұмытылып олжаң қалған. Жамағат, біздің тарих алтын шынжыр. Жиі үзіліп, әр жерден көп жалғанған» деп жырына қосар ма еді. Шындығында біздің тарихымыздың үзіліп, әр жұртта, әр заманда қалған бөлегі аз емес. Айтумыс атамыз туралы деректер алтын шынжырдың қай жердегі үзігінде жатқаны бір Құдайға белгілі. Біздер бүгінгі күнге дейін төл тарихымыздың еуропаланған, орыс тарихшылары жазған нұсқаларымен танысып келдік. Шындықтан алыс жүрдік. Сондықтан өмірі ұлт азаттығы жолында күреспен өткен Айтумыстай аталарымыз жайлы білгенімізден білмейтініміз көп болды. Мен бұл сөздерді жайдан-жай айтып отырған жоқпын. Өмірімде өзімнің көзім жеткен оқиғаларға сүйеніп айтып отырмын. Мен 1950-1960 жылдары комсомол қызметінде (бүгінгі тілмен айтқанда жастар мәселесімен айналысатын қызметкер) жүрдім. Біздерге лайықты ардагерлерді тауып, олардың өмір өнегесі бойынша жастар- ды тәрбиелеу міндеттелетін. Сол тапсырма бойынша ізденіп жүргенімде ескі тарихты терең білетін Күзенбай деген қариямен кездесіп, танысуымның сәті түсе қалды. Ол ағамызбен алғашқы кездескен кезімізде қасымдағы жігіт пен менің руымды сұрады. Мен руымды айтып, жауап беріп едім, ол маған ошарыла жалт бұрылып, «Сен Ай- тумыс батырдың ұрпағысың. Осыны есіңде сақта» деді қадала қарап. Сол күннен ба- стап менімен ықыластана сөйлесіп жүрді. Омбы кадет корпусын бітіріп, ақ патшаның офицері болған, ең негізгісі араб тілінен бастап төрт ұлттың тілін білетін өте сауатты кісі екенін білдім. «Мен 1904-1905 жылдары Элиста қалалық кітапханасының арнайы кітап қорынан қалмақ (Ойрат) жылнамасы жазылған бір кітапта Айтумыс туралы жазылған мәліметтерді оқып едім», - деді де төмендегі әңгімесін бастады. «Қазақтардың Еділдің (Волганың) арғы бетіндегі қоныстың билігінен айырылып, орыстардың қазақ жерін қоныстануы алдындағы (1500-1600 ж.ж.) заманда жер үшін қазақ пен қалмақ арасында сұрапыл соғыс болыпты. Сол соғыста қазақтың әскері қалмақтардан ойсырай жеңіліп, жан сауғалау мақсатында шегіне бастайды. Аталған соғысты Ойрат (қазіргі қалмақ) шежіресі былай суреттейді. «Жаудың (қазақтың) 17-18 жастардағы жас жауынгері Айтумыш баһадүр (ойраттардың Айтумыс атамыздың жасына дейін жобалап білуіне қарағанда осы соғыстан сәл бұрын ойраттарға атамыздың тісі батқан сыңайлы) қазақ әскерінің негізгі бөлігі Волгадан өтіп, шегінгенше, біздің (қалмақтың) қолымызды кідірту үшін жүз шақты әскермен алдымы- зды бөгеді.Бөгегенде, айлалы Айтумыш баһадүр ертедегі қыпшақтардың «Қалқан» әдісін қолданды. Бұл — «Көрініп тұрған өлімге бас тігіп», ел үшін, жер үшін жаным пида дейтін ердің ері ғана баратын әдіс. Басқа амал қолдану мүмкін болмай қалған кезде ғана қыпшақтар осы әдісті қолданғаны тарихтан белгілі. Айтумыш баһадүр сол әдісті қолданып, жаудың (қалмақтың) қолы жүретін жалғыз жол өзенге құлайтын екі жарқабақтың арасындағы тар жасқаға өзіне сенімді жүз шақты әскері өз өздерін бір- біріне қайыс белбеулермен ши етіп байлап-матап тұра қалды. Бұл өлсек, өлеміз, әсте шегінбейміз дейтін белгі. Қанша жанкешті болса да соғыста аяушылық жоқ, сол жер- де олар түгел жер жастанды.Олар тектен тек өліп кеткен жоқ. Өздерінің жанын қиып, есесіне шегініп бара жатқан қалың қолдың жау тырнағынан құтылып кетуіне мүмкіндік жасады». - Қажетті мәлімет екен. Бұл мәліметті әлі де толықтыру үшін ізденуді жалғас- тырмадыңыз ба? - деп сұрадым мен қариядан. - 1922 жылдан кейін, еліміздегі азамат соғысы аяқталған тұста кітапханалардағы осы мазмұндағы тарихи кітаптарды халықтар достығына сызат түсіреді деген желеумен түгел құрту туралы бұйрық шықты. Сол кезде болашақты ойлаған бір азамат «Керек болады» деп архивті Ұлан-Үдеге асырды дейтін сөз бар. Өмір болса, Айтумыс атаң туралы мәліметтерді тауып берермін, - деді қария. Бірақ кейін сол қариямен жолығып, айтқан деректерін алуымның сәті түспеді. Мен Айтумыс атамыздың ел үшін атқарған ұшан-теңіз еңбектерінен, ерліктерінен қалайда бір белгі табылмас па екен, деген оймен хал-қадерімше ізденіп жүрмін. Азды-көпті іздену арқылы анықтағаным – Айтумыс атамыз шейіт болған соғыс өткен жер «Айтумыш иазиги» деп аталады екен. Бұл атам заманнан осылай аталып жүрген болса, онда қазақтың төл сөзі болғаны. Ертедегі қазақтар «С» сөзін «Ш» деп атағаны тарихта бар. Қазіргі таңда Ресейдің иелігіндегі сол жерді орыстар «Языки» деп атаса, жергілікті көнекөз қариялар «Айтмешов язык» деп атайтын көрінеді. Орыс тілінде «Айтмешов язык» деген сөз ешқандай жөнді түсінік бермейді. Соған қарағанда «Айтумыс әлде Айтумыш жазығы» деген тарихи жер атауын олар мағынасына қарап аудармай, сөзбе сөз өз тілдеріне ыңғайластырып қолданып кеткен сияқты. Бүгінгі таңда өте ертедегі тарихымызды жер жүзін шарлап жүріп зерттеуге жол ашылды. Жас кезімізде, күшіміз тасып тұрған кезде мұндай мүмкіндік жоқ еді. Ал қазір ше? Мүмкіндік бар. Бірақ жас ұлғайды, қалта жұқа, денсаулық мәз емес. Жастар бүгінгі заманның мүмкіндігін пайдаланып, аталарымыздың үзік-үзік тарихын қалпына келтіруге атсалысса, мен өте риза болар едім. Бұл тарихымызды түгендеп, толықтыруға қосылған аса құнды еңбек болатыны анық. Аталарды ардақтауға барымызды салайық, ағайын!Мұсатай КӨРПЕЛИЕВ, еңбек ардагері