Бейнеу ауданындағы алғашқы білім ордаларының бірі Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің ұжымы 1978 жылы іргесі қаланып, бой көтерген білім ошағының 40 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерейтойға ардагер ұстаздар, осы уақыт ішінде тәлім алған мектептің әр жылғы түлектері мен аудан әкімі, өзге де мекеме басшылары қатысып, қуанышқа ортақтасты. Білім ғимараты ішінде мектеп тарихынан сыр шертетін арнайы сурет көрмесі ұйымдастырылып, жиналғандарға таныстырылым жасалды. Көрменің жалғасы «Абыл» мәдениет үйінде салтанатты жиынға ұласып, кеш домбыра ансамблінің күмбірлеген күйімен ашылды. 40 жыл бойы қара шаңырақта саналы ұрпақ тәрбиелеп, мыңдаған шәкірттердің жүрегіне нұр құйып, білім нәрімен сусындатып, алтын ұядан түлетіп ұшырған ұстаздардың еңбегі жайында, мектептің ірге тасы қаланған жылдардан бастап өткені мен бүгінгі тарихынан үзінді бейнекөрсетілім көпшілік назарына ұсынылды. Осы салтанатты жиында мектептің түлегі, аудан әкімі Бейнеубек Әбілов өзінің алғашқы құттықтау лебізін білдіріп, мереке барысында ұжым қызметкерлеріне аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Әрі қарай аудандық, облыстық деңгейдегі жарыстарда жүлдегер атанып жүрген мектеп мақтаныштары жыр шумақтарын арнады. Аталған мектепте қызмет атқарып, қазіргі таңда өмірден озып, бақилық болған мектеп басшылары мен ұстаздардың жарқын бейнелері көрсетіліп, бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына құрмет көрсетілді. Сонымен қатар аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Демократұлы құттықтау сөз сөйлеп, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебіне сый ұсынып, мерейтойға орай мектеп ұстаздарын облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен, білім бөлімінің Алғысымен марапаттады. Бүкілодақтық жастар фестивалінің лауреаты, «Маңғыстауға 40 жыл» медалінің иегері, ардагер ұстаз Отарова Батиха Төленқызы «Мәңгілік от» әнін әуелете шырқады. «Көреген басшы елді өсіреді, Күшті майдан ерді өсіреді», дегендей мектеп ісінің алға басуына рухани демеу беріп, бағыт сілтеп, бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған мектеп басшыларының бірі Өтес Шығанбайұлы жүрек жарды тілегін арнап, өзіне дейінгі алғашқы мектеп директорлары марқұм Сейілхан Дәулетбаев, Мұханмеди Насухаев, Құрмаш Сынабаевтардың атқарған елеулі еңбектері мен жасаған ізгі істерін айтып өтті. Санаға ақыл ұялатып, арманды алдан қиялататын, өмірді ұғынуыңа себеп болып, тірлікке кіруіңе көмек болатын, әрбір шәкіртіне мейірім шуағын аямайтын құрметті қонаққа ретінде шақырылған бірқатар зейнеткер ұстаздар арасынан Еңбек ардагері, Қазақ ССР-ы үздік қызметкері, облыстық, республикалық Құрмет грамотасының иегері Әсима Сәмешқызы мектеп қабырғасында қызмет атқарған кезеңдеріндегі қуаныштарымен, естеліктерімен бөлісіп, білім берген шәкірттері ішінде өздерінің жетістіктерімен жоғары лауазым қызметінде жүрген мақтаныштарына лебізін айтып, бүгінгідей бейбітшілік заманда жас буынға дәріс беріп жүрген ұстаздар қауымына зейнеткер ұстаздар атынан алғысын айтты. Сондай-ақ, мектептің алғашқы түлектері атынан Айман Есбосынова, тұңғыш «Алтын медаль» иегері Берік Қанатов алтын ұяға деген қимас сағынышын, ұстаздарына деген алғысын білдіріп, үн қосты. Мерекелік шара барысында мектеп жанынан құрылған аналар ансамблі, өнерпаз Азамат Лесбаев ән шырқап, бишілер қазақ биі «Қуанышты» билеп, жиылған көпшіліктің көңілдеріне қуаныш ұялатты. Осылайша Ы.Алтынсарин ұжымының мерейлі мерекесі жоғары деңгейде өтіп, шараға келген қонақтар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп жатты.
Үміт ҚАЗДАЕВА