Ежелгі тарихы көне дәуірлерден басталатын атажұрт Маңғыстау өлкесі қашанда өзінің сұлу табиғатымен, ақбортас тауларымен, келісті келбетімен, қазыналы қазба байлығымен, тамсандырған тамаша сәулет өнерімен, киелі жерлерімен, шырайлы елімен өзгені өзіне тартып тұрады. Осынау керемет өлкені көріп, танысуға және зерделеп-зерттеуге кезінде талай саяхатшылар мен тарихшылар, ғалымдар, елшілер, географтар, этнографтар, натуралистер ынтық болған. Тарихта «Ұлы жібек жолы» деген атпен қалып, әлемдік цивилизацияның (өркениеттің) дамуына өзіндік үлес қосқан, сауда-саттықтың, мәдениет пен әдебиеттің, әлеуметтік экономикалық өркендеу қозғалысының күре тамыры болған Ұлы жібек жолының бір тармағы осы Маңғыстау өлкесінің шығыс өңірі - Бейнеу арқылы өткені белгілі. Негізгі керуен жолы еліміздің оңтүстігіндегі Сыр бойында орналасқан Отырар, Түркістан, Сайрам, Жаркент, Сауран, Сығанақ тағы да басқа көптеген шаһар-кенттердің үстімен өтіп тұрған. Қазіргі кезде бізге жеткен Ұлы жібек жолының картасына көз салсақ, керуен жолы Бейнеу жері арқылы да жол тартыпты. Арысы - Қытай мен Үндістан, берісі - Бұхара мен Хиуа, Көнеүргеніштен шықққан керуендер Үстірт қырының үстімен Белеулі, Құсшы, Ноғайты, Жезді, Белдеулі, Сам керуен сарайларына аялдап, Жемдегі Таскешуден өтіп, Сарайшыққа жетіп, одан әрі Еуропа асқан. Осы керуен жолының маңызы жайлы қазір кезде ғалымдар орынды пікірлер білдірген. Мысалы: «...Ол жерде 40 күннен аспайтын Сарайшық пен Үргенішті тұтастырып отырған жербетілік жол керуен сарайының желі жүйесіне қосылып жатты. Осы барлық жолдар континентаралық хабарлау жүйесінің ең маңызды аумағын қалыптастырды және Маңғыстау Алтын Орданың саяси орталықтары мен Хорезм, сондай-ақ Орта және Шығыс Азия елдерінің арасындағы тұрақты алмасуды қамтамасыз етіп отырған көлік болды..» депті, Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұраларын зерттеуге бағытталып ұйымдастырылған халықаралық конференцияда баяндама жасаған Оксфорд университетінің ғылыми қызметкері Мори Фаверо-Думенжу («Маңғыстау» газетінің 2019 ж. №38-39 санынан.) Сонымен әңгімеміздің басында айтқандарымыз дәлелді болу үшін бізден бұрын жазылған тарих беттерін парақтап көрелік. Ең алдымен орта ғасырда өмір сүрген Отырарлық ғұлама, тарихшы Әл-Жауһариды «тыңдалық», ол: «...Жібек жолының үлкен тармағы ең әуелі Киев Русінен, Бұлғар жерінен өтіп,Үстірт үстімен Аралды айналып, Жент қаласына жететін. Жентке жеткенше, сауда керуені құс қанаты талған шөлден, түйе табаны күйген құмнан өтеді, арып-ашып әбден әлсірейді. Көліктерінің жартысы орта жолда қаңқа болып қалады. Әйтсе де керуен көгілдір Жент қаласына енгенде баяғы азаптың бәрі көрген түстей ұмыт болады...» дейді. Сол секілді әйгілі кезбе Вильгельм Рубриквис күнделік дәптерінде: «...Жент, Тараз қалалары адамның көптігінен ортасы шүңірейген ығы-жығы, етек-жеңі айырықша мол, ба- зарлары асыл жиһаздарға бай болушы еді, онда араб елінен, Мысыр қаласынан жеткен әшекей бұйымдар, Рум елінің әсем көрнекті суреттері, піл сүйегінен жасалған бұйым, алтынмен аптап, күміспен күптеген Қытай кітаптары мол ұшырасады» деген екен. Қазір өзіміз өмір сүріп жатқан Бейнеу көлемінің Сам құмы қойнауы, Үстірт үсті арқылы өткен Ұлы жібек жолының бір тармағы «Ноғай жол» деп аталған. Өткен тарихты парақтасақ, ортағасырда Шыңғысхан Көнеүргеніш қаласын тас-талқан етіп қиратқан соң, Ақсақ Темір Сарайшық қаласын жаулағаннан кейін (Сарайшықтың әдемілігінен оны қиратуға көзі қимапты-К.Ә.) жолмен өтетін керуен легі сұйыла бастаған. Арадан бірнеше жүз жыл өткен соң осы жолмен орыс патшасы 1 Петрдің тапсырмасымен 1717 жылы жазға салым 4000 қолды бастаған князь Александр Бекович-Черкасский Хиуаға барғаннан кейін сапары сәтсіз аяқталады. Содан соң арадан 100 жылдан астам уақыт өткен соң, яғни 1825-26 жылы Ф.Ф.Берг экспедициясы Сарайшықтан Үстірт арқылы Хиуаға дейінгі жерлердің су көздерін зерттеп, ара қашықтықтарын картаға түсіріпті. Айта берсек, бұл жолмен талай саяхатшылар мен тарихшы-ғалымдар жүріп өткен. Жалпы бұл жолдың кезінде зор маңызы болғанын әлгіндей тарихи деректер дәлелдейді. Қарап тұрсаңыз, бүгінде бұл жолдың сілемі - тепсең болып ойылған күйде, шығыстан батысқа қарай құм төбелерден асып, қырға өрмелеп, көз жетпейтін көкжиекке шұбатылып сіңіп жатыр. Әрине, оны мұқият зерделеп, байқағанда ғана көреміз. «Ноғай жолы» Шығыс пен Батысты жалғаған «Ұлы Жібек жолының» бір саласы. Осы «Ноғай жолы» арқылы Орта Азияның асыл тауарлары Руске, Еуропаға жеткен. Осы жолдың бойындағы керуен сарайлардың біздің дәуірімізге сұлбасы жеткені-Белеулі. Сөз болып отырған Белеулі керуен сарайы жайлы осыдан екі ғасыр бұрынғы тарихшы А.И. Левшиннің жазба дерегін келтірелік. «...Сарайшық қаласынан Хиуаға дейін Арал мен Каспий теңіздерін бөліп тұрған мойнақ арқылы өтетін бірнеше жол бар, соның ішінде ең тамашасы-«Ноғай жолы» деп аталады. «Ноғай жолында» ескі құрылыстардың құлаған орындары көп. Білеулі-Үстірттің дәл ортасында. Ол жерде қырғыздардың (қазақтардың) айтуы бойынша мешіт пен медресе салынған. Құрылыстың (Білеулі) тас плиталарымен салынған, кірпіштен өрілген еңселі қақпасы әлі де бар...».(А.И.Лепшин. Описание киргиз-казачих и киргиз-кайсацских орд. и степи.СПБ.1854 г.) Бұл айтылып отырғанБелеулі керуен сарайының жұрнағы Өзбекстан территориясындағы «Киік сай» теміржол бекетінен 70 шақырым шамасында жерде тұр. Белеулі керуен сарайы Ұлы Жібек жолындағы біздің жеріміздегі Жезді, Құсшы, Көптам, Белдеулі керуен сарайларының орындарымен салыстырғанда ең көлемдісі, әрі Үстірттің орталығында тұрғанымен маңызды болғанға ұқсайды. Бұдан басқа да Сам құмы арқылы өткен «Ноғай жолында» кездесетін керуен сарайлар бірнешеу. Бұл жөнінде 1946 жылы Сам өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді арнайы есепке алып зерттеген экспедиция жетекшісі Т.К.Басенов «Архитектурные памятники в районе Сам» деген кітабында: «..По этой территории, величественно пересекая ее в направлениях от Аралского до Каспийского моря, прошел древний караванный путь из Средней Азии в Восточную Европу. Часть этого пути становится впоследствии «старой ногайской» дорогой. По этому же пути лежала часть нашего маршрута на Сам (от Шагырли, Шуль-Кум до песков Сам, фигур 37.)» деп жазған архитектор ғалым. Зерттеу барысындағы пікірінде ол: «...Возможно археологические раскопки докажут, что именно здесь находилось древнее городище Сам и в ХYI В.., быть может,использовали его остатки и батыра Ногайлы место расположения возвышенное и обозреваемость окружающей месности достаточная...» дейді. Міне, бұл пікірде ескерткіштердің, соның ішінде «Ноғай жолындағы» керуен сарайлардың құрылысы жөнінен біршама жәйттерді аңғартады. Енді осы керуен сарайларының ел үшін маңызы мен өркениетке қосқан үлесін ой елегі- нен өткізіп, зерделеп көрелік. Біріншіден, бұл сарайларды кезінде сауда-саттық жасауға мүдделі мемлекеттер салдырған болуы мүмкін. Себебі тауар артқан түйе керуендері ұзақ жол жүргенде тынығуы қажет екені айтпасақта түсінікті. Сол үшін сауда жасауға мүдделі болған ел жол бойына аялдайтын осындай керуен сарайларын тұрғызуға мәжбүр болған секілді. Сарайлар дегеніміз үлкен кешенді құрылыс. Оның ішінде жолаушыға қажетті тұрмыстық қызметтің сан алуан түрлері болған. Атап айтқанда, моншасы, асханасы, демалыс орындары болу заңды. Және сарайларды мейлінше алыстан көз тартатындай сәулетті де көрікті етіп салып, ұзақ жол жүргенде шаршап-шалдығып, шөлден кенезесі кеуіп, әрең жеткен керуеншілерге қолайлы жағдай туғызуды мақсат еткен жергілікті жұрт жолаушыларға қызмет көрсету арқылы күнкөріс жасап, пайда (табыс) тауып отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Сарайларды салатын шеберлер мен құрылыс материалдарына да ерекше мән беріліп, өрілген тастардың нобайы жергілікті жерден жоғары технологиямен өңделген.Тастар төрт қырлы, беті теп-тегіс. Шеберлерді Иран,Үндістан, Араб елдерінен және Хорезмнен әкелсе, қабырғаларын тұрғызған күйдірген белдеулі қызыл кірпіштерді Хиуа мен Бұхарадан тасып салған. Маңғыстау тарихын терең таныған ғұлама-жазушы Әбіш Кекілбаев «Ұйқыдағы арудың оянуы» деген кітабында Хорезм мен Еділ бойы арасындағы қарым-қатынастарда Маңғыстау мен Үстірт қандай маңызға ие болғандығын айта келіп, осы өңірдегі Ұлы Жібек жолы тарихының білгірі археолог-ғалым С.П.Толстовтың «Ежелгі Хорезм цивилизациясының іздерімен» атты еңбегіндегі деректерін: «...Осынау «Хорезм шахтары» жолының бойындағы толып жатқан керуен сарайлардың ішінде жан-жағын 8х8х-6х8 метр шаршытас қоршаулармен қоршалған төрт шегенді құдықтың қасындағы Белеулі деп аталатын сәнді сарай ерекше көзге түседі. Әлгіндей шараш-шаршы тас қоршаулардың ішіндегі құдықтың қасында сом тастан ойып жасалған үлкен–үлкен астаулар жатыр. Керуен сарай-өте мұқият өңделген ұлутастардан шаршылап қиып қаланған аса сәнді құрылыс. Оның төрт бұрышына күмбездеп өрілген көрікті төрт мұнара орнатылыпты. Ал сарайдың кірер қақпасындағы жақтай боп иілген маңдайшаның екі жағына көне сасанид үрдісімен екі арыстан мүсіні тастан қашап бейнеленіпті. Төрт бұрышты керуен сарайдың кең ауласында қос қапталада қос қабат құжыралар орналасыпты да, ал түп жаққа кең-кең бірнеше зал салыныпты, қақпа алдындағы шағын аулада ежелгі хауыз бен құдықтың жұрнағы жатыр. Сарай маңынан табылған ыдыс-аяқ сынықтары Х-ХI ғасырлардағы Хорезм керамикасы қалдықтары екендігін аңғартады. Белеулі сарайының құрылысы, қақпадағы әшекейі мен маңдайшаның иіні Бұхара түбіндегі ХI ғасырда салынған атақты Рабат и Мәлік керуен сарайын еске түсіреді» деп алға тартады. Керуен сарайларының маңызына қайта оралсақ, алыс жолдан шаршап-шалдығып жет- кен керуеншілер осында келіп, тынығатын болған және қол қусырып қарап жатпай сауда жасаған. Алыс-беріс жүрген. Яғни тауарларын өздеріне қажетті басқалардың әртүрлі тау арларына айырбастап, базар саудасын қыздырып отырды. Сауда-саттық кезінде бір-бірінің тілін үйренуге де мәжбүр болған. Әйтпесе, саудагерлер бір-бірімен түсінісіп, сауда жасай алмайтыны белгілі ғой. Мұны-екі деңіз. Үшіншіден, базарда кітаптар да сатылған. Ол өз кезегінде араласып жатқан өзге елдердің мәдениетінен, әдебиетінен, салт-дәстүрінен, әдеп-ғұрпынан хабардар болуға, үйренуге және білім мен ғылымды жаңартып отыруға сеп болды десек, жаңылмаймыз. Бір ел мен екінші елдің арасында жүріп, сауда-саттық жасаған керуеншілер аялдаған кезінде жолаушыларға мәдени қызмет көрсету үрдісі қалыптасқан. Соның нәтижесінде цивилизация дамыған. Яғни өркениет өрістеген. Бұдан біз сарай маңында шоғырланған елдің заманына қарай өркениет көшінен кейін қалмауына ықпал еткеніне көзіміз жетеді. Міне, осындай тарихи-мәдени ескерткіштер біздің қазақ жұртының,соның ішінде Бейнеу өңірінде мекендеген ата-бабамыздың кезінде әлемдік цивилизациядан (өркениет көшінен) кенже қалмағанын көрсетеді. Тағыда тарих қойнауына үңілсек, осыдан 1090 жылдай бұрын әлгінде аталған Ұлы Жібек жолы арқылы Мысырдан Европаға дейін көш-керуенге еріп саяхатқа шыққан араб тарихшысы, әрі елші болған Ибн Фадланның күнделігінен де біраз жайға қанығуға болады. Бұл жөнінде өткен Кеңес одағы кезінде көп тиражбен әлем елдеріне тараған «Вокруг света» атты саяхат, қилы қызықтар мен фантастикалық материалдар жарияланатын журналдың тілшісі, Ибн Фадланның ізімен «Сафир» атты экспедицияда саяхатқа шыққан Александр Юрченконың осы журналдың 1989 жылғы №10 санында мақаласы жарияланған. Онда: «...В группе возникла критическая ситуация, которую психологи назвали бы конфликтом целей. Было предложено большую честь степного маршрута проехать поездом, минуя при этом средновековые караван сарай Устюрта...Ибн Фадлан описывает погребения кошевников-огузов с глиняными куполами.Такие мавзолей мы видели и на современных степных кладвышах Казахстана. А не подалеку от станции Бейнеу мы посетили древнее кладбище. Издалека силуэты белых мавзолеев казались волшебными городами, возникшими как мираж. Словно изподземли поднялись сотни каменных столбов, по форме близких к человеческим фигурам. Поверхность каменных богатырей покрыто ажурным орнаментом и надписами на арабском языке..» деп сапар барысында өзінің көргенін жазыпты. Бұл жазып отырғаны Ескі Бейнеудегі Бекет атаның жерасты мешітіне қатысты пікірі. Бейнеудің солтүстігінде Тоқсанбайдың тауы деп аталатын тағы бір тарихи орын бар. Бұл жерде де ерте дәуірлерде қала мәдениеті қалыптасып, өмір қайнаған, тіпті әлемдегі санаулы өркениеттің алғашқы ошақтарының бірі болған деген ғалымдардың болжамы айтылады. Бұл жердің тарихы жөнінде атыраулық қаламгер Өтепберген Әлімгереевтің «Тоқсанбай» атты 1997 жылы жарияланған материалын келтіре кетсек, артық болмас. Автор Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғалымдарының тарихи орындарға біршама қазба жұмыстарын жүргізгенін айта келіп, біздің аудандағы Қособа, Жезді, Тоқсанбай секілді тарихи жерлерге ғалымдардың, соның ішінде мәскеулік археолог ғалым Лев Леонидович Галкиннің назарын аударып, көзіне түскен Тоқсанбай жеріне сапарлас болып барғанын әңгімелейді. Ол сапары жайлы әңгімелей келе: «...Тағы да бір түнімізді Жездідегі оғыздар қамалы басында өткізген біз күн көкжиектен тұсау бойы көтерілгенде ту алыстан іздеп келе жатқан Тоқсанбайға да жеттік. Оның өзі таулар ортасындағы Арал сияқты бөлек үлкен шоқы екен. Өткен жылдары оны Лев Леонидович қазып, зерттесе керек. Бірақ мұрағаттарды дәл қай кезеңге жатқызарын білмей, біраз бас ауыртқан. Ал Зейнолла ағамыз болса («Самашов» болуы керек-К.Ә.) ондағы жер қыртыстары үш түрлі кездесетінін, тастар мен сүйектер, садақ оқтары, қайрақ тастар, көмір қалдықтарын біраз бажайлады да; «Мынаның ең астынғы қабаты шамамен қола дәуіріне (осыдан 4 мың жыл бұрынғы) жатады. Бұған дейін тап осындай отырықшылық (қала орны) Малайзияда (Трон), Оралда, (Аркаим, Синташ) ғана табылған. Ал мынау одан да бұрынғы дәуір жәдігері. Бұл Қазақстан, жалпы ТМД елдері, керек десеңіз дүниежүзі үшін үлкен жаңалық. Екінші қабатта біздің эрамызға дейінгі бір мыңыншы, ал үшінші қабатта біздің эрамыздың 9-10 ғасырларындағы орта ғасырлық оғыздар тұрмысын көрсететін материалдар бар» деп таң-тамаша қалды. Біз де бұл жаңалыққа мәз боп туған жер құпиясына қаныға түстік. Сөйтсек, бұған дейін Евразияда адамдардың шоғырлану тұрмысы дүниежүзінде алдымен Малайзия, Иран жерлерінен басталған десе, Орал тауларынан (Архим, Синташ) табылған белгілерге орай орыс ғалымдары бұл процесті өз отандарында басталған деп келген. Енді мынау деректерге бас иер болсақ, екеуі де емес,өзіміздің Үстірттің етегі-Тоқсанбайдан басталады екен. О,ғаламат десеңші! Бар жаңалық осы емес пе?!» деп жаза келе, «...Ал біз болсақ бес мыңжылдық тарихы бар Тоқсанбай мәдениетінің сыйы деп, қазба жұмыстарынан табылған қойдың асығы мен қозы құйрық қайрақ тасты еншілеп, мәз боламыз» депті жаңалықты жария еткен мақаласында. «Тас» дегеннен шығады, осы ретте қазақ жұртының арғы-бергі тарихының тамырын басып сөйлеткен, тарихтың сүрлеуімен жүріп, көркем тілмен бірнеше тарихи шығармалар жазып қалдырған заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевқа жүгінсек, ғұлама Әбекең «Ұйқыдағы арудың оянуы» атты кітабында Ұлы Жібек жолының тарихынан да біраз ой толғап, қалам тербеген. Соның ішінде Адамзаттың тасты қолданған «тас дәуіріне» қатысты: «...Адамзаттың қолына алғаш түскен қару-тас. Тас дәуірі адамзат тарихының ең ұзаққа созылған бөлігі. Тас дәуірінің ең ежелгі кезеңін палеолит, одан кейін орта кезеңді-мезолитең аяққы кезеңін неолит деп атайды. Палеолит кезінде алғашқы адамдар бір тасты екінші тасқа ұрып сындыру арқылы алынған ешқандай өңдеуден өтпеген дөрекі тас құралдарымен пайдаланады. Мезолит тұсында олар тасты қабыршақтап қашауды үйреніп, жартылай өңделген тас құралдарымен пайдаланды, ал неолит кезеңінде тасты қашап, егеп, тегістеп өңдеуді үйреніп, өңдеген тас құралдарымен пайдалануға жетілді...» деген. Олай болса, тас құралдары табылған біздің жеріміздегі Тоқсанбай тауындағы тарихи орында да адамзаттың алғашқы қадамдарындағы тұрмыс-тіршілігінің ізі қалған деп айтуымызға болады емес пе?!. Осыған дейін Тоқсанбайға бірнеше рет барып, зерттеген әйгілі ғалым Лев Леонидович Галкин 1991 жылғы экспедициясы кезінде бұл жерден басқа да ауданымыздың көлеміндегі қамалдармен қоса Жайық пен Жылой аумағында қамалдарды тауыпты. Бұл жайлы ғалым С.Қондыбай: «...Ал Л.Л.Галкин болса, Маңғыстау, Үстірт және жапсарлас Жайық пен Жылыой аумағынан орта ғасырлық 19 қамал орны табылғандығын атап көрсеткен. Олар Ескі Бейнеу-Бейнеу ауданының орталығынан 15 шақырым жерде, Жезді-Бейнеудің солтүстік шығыс жағында» деп жазыпты. Бейнеудегі тарихи орындарға қатысты қосымша тағы бір дерек: «Маңғыстау облыстық өлкетану мұражайының қызметкері В.Сумская Үстірттегі Қосқұдық, Маңсуалмас, Көптам, Сам керуен сарайларын 1950 жылдағы С.П.Толстов бастаған, 1991 жылы Л.Л.Галкин бастаған археологтар экспедициясының зерттегенін көрсете келе, «Харазмнан Хасарлы» жағалауына дейін басқа тағы бір керуен сарайларының қирандылары Өлі қолтық шығанағына таяу жердегі Борқұдық алқабында (№2 теміржол бекетінің тұсы-К.Ә.) Қаракөл теміржол айырымы қасында, Қызылқұз шымыраулары төңірегінде табылғандығын көрсетеді. Осы автор атаған керуен сарайлардың өмір сүру заманын 9-11 ғасырмен, яғни оғыздар мен хорезмшахтар уақытымен көрсеткенімен осы керуен сарайлардың 14 ғасырда, Алтын Орда заманында өмір сүргендігінің қисындырақ екенін айтқымыз келеді. Бейнеу ауданы аумағындағы аттары аталған керуен сарайлары мен жол тармақтары біздің «Есен-қазақ» тақырыпқа қатысты реалға кіреді» деп пікір білдіріпті «Арғы қазақ мифологиясының» негізін салған талантты ғалым Серікбол Қондыбай «ЕСЕН-ҚАЗАҚ» кітабында. Әлгінде айтылған Борқұдық-Манашы сайының бойында. Осы орайда Бейнеу көлеміндегі Манашы мен Сыңғырлау сайларының тарихына байланысты мына бір дерек те есімізге түсіп отыр. Сонау 1825-1826 жылдарда Үстіртті зерттеген ғылыми экспедиция Бозашы түбегінің шығыс жағындағы Сыңғырлау, Манашы өзендерінің жағалауларынан ерте дәуірдегі адамдарға тән өткір ұшты тас құралдарын тапқан. Осы деректерге сүйеніп, табиғат зерттеуші Э.А.Эверсман «бұл өзендер тұщы кезінде ертедегі адамдар қонысы болған» десе, Л.А.Гольденбург, М.М.Кейнер, А.П.Яшиндер бұл құралдарды - үшінші мыңыншы жылдардағы Келтиминар мәдениетіне жатқызады. Міне, біз жоғарыда келтірген ғалымдардың бұл пікірлері мен ғылыми тұжырымдары көне тарихи-мәдени ескерткіштерге қатысты деректер. Бұл ғасырлар қойнауындағы ел мен жердің тарихы. Жалпы біз жазылған тарихты оқып,заңдылықтарға жүгінсек,елдің бір ортаға шоғырлануы адамзаттың тірлігі-өмір қажеттілігіне байланысты өзен алқаптары мен жол бойларына тікелей тәуелді екенін білеміз. Яғни қай заманда да өзен алқаптары мен ұлы жолдың бойлары елдің өркендеуіне мол мүмкіндік береді. Әсіресе, бірнеше мемлекеттерді бойлап өтетін ұлы жолдар елді мекендердің мемлекеттің әлеуметтік экономикалық жағынан өсіп, өркендеуіне ықпалы зор болатынына көз жеткізеді. Қазіргі біздің тәуелсіз Қазақстанда аталған керуен жолдары қайта жаңғырып,соның ішінде Маңғыстау арқылы өткен «Ноғай жолының» ізімен 1969 жылы Бейнеу-Қоңырат, 2018 жылы Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы автокеруен жолы салынып,жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Өзбекстан шекарасы-Тәжен-Бейнеу-Құрық порты арқылы күн сайын сан мың тонна жүк тасымалданып, Парсы шығанағына қарай жөнелтілсе, Бейнеу-Қоңырат теміржолы арқылы Еуропа елдері мен Орта Азияға жолаушы мен жүк тасымалданып жатыр. Бейнеу-батыс пен шығысқа шығатын алтын қақпа іспеттес. Бұл да өз кезегінде мемлекетіміздің экономикасының дамуы мен халықтың әл-ауқатының артуына даңғыл жол ашты. Сонымен қатар кешегі Кеңес заманындағы белсенділер мен шолақ ойлайтын тарихшылардың «қазан төңкерісіне дейін Қазақстанда халықтың 2-ақ проценті сауатты болған» деген бір жақты жаңсақ пікіріне – қазіргі кездегі Қазақстан жеріндегі тарихи ескерткіштеріміз бен қазба жұмыстарында табылып жатқан құндылықтарымыз, асыл жәдігерлерміз, бала оқытқан мешіттердің болуы тойтарыс беріп, жаңсақ пікірді жоққа шығаруда. Ерте замандарда да жұртымыз сауатты, өнерлі бола тұра өркендемей, өркениет көшінен кейін қалған болса, қазіргідей көргендердің көзінің жауын алатын сәулет ескерткіштерін салып, тамаша тарихын тасқа қашап жазбаған болар еді. Осылайша тарихи ескерткіштерді екшеп, ой елегінен өткізе келе «шіркін-ай әлі де құпия сыры толық ашылмаған тарихи орындардағы көне көмбелерді ғалымдарымыз ғылыми тұрғыдан жүйелі зерттеп, бағасын берсе, ел тарихына тереңдеп қанығар едік» дейсің туған жердің тарихын білуге деген құштарлықпен. Әрине, бұл қарапайым адамдардың қолынан келетін оңай шаруа емес. Өте маңызды мәселе. Бұл келер күндердің еншісіндегі археолог, ғалымдарымыздың жұмысы десек,артық айтқанымыз емес. Қазіргі кезде бұл мәселеге Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жол ашып отыр. Осыған орай тарихи-танымдық бағыттағы жұмыстар қолға алынып, жүріп жатыр. Аталған бағыт бойынша облыс әкімі Е.Тоғжановтың ұйытқы болуымен және төрағалығымен Маңғыстау тарихи ескерткіштерін түпкілікті зеттеуге негізделген осы жылдың наурызында Ақтауда конференция өтті. Оған Ұлыбритания, Ресей, Иран, Әзербайжан, Өзбекстан және Қазақстанға танымал тарихшы, ғалымдар қатысып, Маңғыстау тарихи ескерткіштерін зерттеудің маңыздылығы жайлы пікірлер айтты. Бұл жүргізіліп жатқан ғылыми жұмыстар Маңғыстау тарихи-мәдени ескерткіштері санатындағы көне дәуірлердің тарихи көмбелерін аршып, зерттеудің ілкі қадамдары болып табылады. Сөйтіп, ескерткіштер ғылыми тұрғыдан зерттеліп, халықаралақ деңгейге көтерілсе, өз кезегінде елімізде туризмнің дамуына да оң ықпал ететіні сөзсіз. Жақында тағы бір хабардан мұрағаттарды көздің қарашығындай сақтап,әлі сыры ашылмаған тарихи орындарда археологиялық қазба жұмыстарын тиянақты жүргізіп, табылған жәдігерлердің кім көрінгеннің қолында із-түзсіз жоғалып кетпеуі үшін заң жобалары дайындалуда дегенді естідік. Дұрыс бағыт. Біз осындай Ұлы даламыздың баға жетпес тарихын археологиялық тұрғыдан зерттеу бағытындағы бағдарламалардың қабылданып жатқанына қуаныштымыз. Сондықтан тарихи-танымдық бағыттарды қолдап, сәттілік тілейміз. Өйткені, ескерткіштер мен көне тарихи көмбелер-еліміздің әлі де ашылмаған ортақ тарихының бір парағы емес пе?!
Кәрісбай ӘДІЛ, 2019 жыл 15 наурыз