Алматы қаласында ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасымыздың Жолдауымен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мемлекетіміздің «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру аясында халқымыздың сан ғасырлар бойы жинап қалыптасқан озық салт-дәстүрімен мәдени жауһарларын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында "Ғұмырдария" балалар мен жасөспірімдер арасындағы XI Халықаралық және Республикалық ән-би және өнер байқауы өтті. Өнер байқауына Алматы, Қызылорда облыстарына қарасты қалалар мен аудандардан, өзге де облыстар мен қала, аудандардан екі жүзге жуық өнерпаз вокал, вокалды топтар, хор (академиялық, эстрадалық, халықтық), дәстүрлі ән, аспаптық жанр (барлық түрі), хореграфия (топтық, жеке би), көркем сөз, ақындық өнер, театрланған қойылым, бейнелеу және қолөнері аталымдары бойынша қатысып, бақ сынады. Жоғары деңгейде өткен халықаралық байқауда көркем сөз оқу аталымы бойынша қырыққа жуық дарын арасынан Бейнеу ауданының атынан қатысқан Ерасыл Естөре І дәрежелі дипломмен марапатталып лауреат атанса, Шолпанай Тәуекелова "Үздік бас жүлде" иегері атанып, арнайы сыйлықтармен марапатталды. - Биыл Бейнеудегі мәдениет ұжымы үшін жеңіске толы жыл болды, шәкірттері бірнеше рет облыстық, республикалық додаларда жеңіс тұғырынан көрініп, жүлдеге ие болып жүр, - деді бүлдіршінді байқауға дайындап, жетекшілік еткен Ерасылдың анасы - Маржан Қуанышбекова. Байқауларда топ жарып, оза шауып, белестерді бағындырып жүрген жеңімпаз өрендерге жүлделеріңіз құтты болсын дегіміз келеді.
Үміт ҚАЗДАЕВА