1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесінде Мұнайлы ауданына қарасты Батыр ауылындағы 4 пәтерлі 40 тұрғын үйдің кілті табысталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Баспаналы болғандардың қатарында халықтың әлеуметтік жағынан қорғалатын тобына жататын – 22 отбасы (оның ішінде: 1,2 топтағы мүгедек отбасы - 4, көп балалы отбасы -1, мүгедек баласы бар 4 жанұя, 1 зейнеткер және 12 толық емес отбасы) және 18 бюджет саласының қызметкерлері бар. Шараға қатысқан Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Әлихан Қыраубаев ауыл тұрғындарын 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтап, күні кеше ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Халқы Ассамблясының сессиясында атап өткендей, бұл мерекенің маңызы зор екендігін айтты. «Атажұртын аңсап келген қандастарымыз көптеп қоныстанған жас аудан мемлекеттік саясатқа сай шешімді іс-қимылдардың, бірлікпен жасалған тірліктің, төгілген тер мен есепсіз еңбектің, көп күш-жігердің арқасында күн санап дамып, шаңырағы биік ырысы мен берекесі дарыған өлкеге айналып келеді Міне, біз бүгін жаңа баспанаға қол жеткізген 40 отбасының қуанышына куә болып отырмыз. Мұның барлығы Елбасымыздың әлеуметтік бастамалары мен реформаларының сәтті жүзеге асқандығының айқын көрінісі. Халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс-тіршілігін жақсарту мемлекеттің жіті назарында», - деді Әлихан Қыраубаев. Сонымен қатар 2019 - «Жастар жылы» аясында Қызылтөбе ауылдық округіндегі жаңадан бой көтерген «Жастар» саябағын аралады. Демеушілердің қолдауымен салынған әмбебап спорттық саябақтың жалпы ауданы 22 626,0 шаршы метрді құрайды. Ойын алаңында футбол, баскетбол ойнап, жас спортшыларға стрит-воркаутта шұғылдануға және демалушыларға қолайлы жағдайлар жасалған.
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ