Он жыл өте шығыпты... Күні кеше сияқты еді... Бірақ әсері әлі жадымда... Ш.Есенов атындағы КМТИУ-нің соңғы курс студенті кезімде 2009 жылдың 28-31 мамыры күндері қазақстандық делегация құрамында Ресей Федерациясына қарасты Қалмақ Республикасының астанасы Элиста қаласында «Каспий-2009» халықаралық жастар форумына қатыстық. Оған Каспий маңы елдерінен мемлекеттік университеттер ректораты мен профессор-оқытушылары және білімдар һәм өнерпаз студенттері арнайы шақырылған. 560 адам қатысқан форумда университеттер арасында жүргізілген басқарушылардың ынтымақтастық келісім-шарттары, академиялық ұтқырлық бағытындағы ғылыми қарым-қатынастар, шығармашылық ұжымдардың мәдениет пен өнер бойынша мерекелік іс-шаралары, білім саласындағы студенттер олимпиадалары, бәрі-бәрі жоғары деңгейде өтті. Өйткені 2009 жыл – Ресейде жастар жылы еді. Биылғы біздегідей мемлекеттік деңгейде жастар үшін көңіл бөлініп жатқан. Жоқ! Өзімізді олармен салыстырғым келмейді! Құдай сақтасын! Неге?! Өйткені... ең бастысы – ол форум қалмақ елінің Ресейге өз еркімен қосылуының 400 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Осы датаны алғаш естігенімде тәубамды айттым, кейін қанша рет есіме түссе, сонша есе шүкір етемін. Азат ел, тәуелсіз Мемлекет болғанымыз – баға жетпес ұлы бақыт екенін ой-санаммен, жан-жүрегіммен сезіндім. Сонау өткен ғасырларда ормандай ойрат қытайдың қолшоқпарына, қалың қалмақ орыстың ойыншығына айналғанын ойлағанымда, өкініш пен аяныш қатар келеді. Шыңғыс ханның өзі түгілі ұлыстарға бөлінген ұрпақтарының да ықпалы басылған заманда Жоңғарияны, одан бөлініп хандық құрған Еділ қалмақтарын әлгі екі империя қазаққа айдап салып, тозғындатып, титықтатып барып түбіне жеткені – үлкен тарихи трагедия. Терістікте Самар, Орынбор, Тобыл, Омбы, Томск губерниялары жүргізген патшалық Петербордың отарлау саясатына қарсы күресе жүріп, Шығыс пен Жетісуда Қытаймен аңдысып, арбасып, Орта Азияда Хиуа, Бұхар, Қоқан хандықтарымен дүрдараздықта жағаласып жүргенде, қалмақтардың етектен алып, балаққа жармаса бергені қазақты да әбден діңкелетті. Екеуі де жауынгер, көшпелі елдер бір-бірімен соғысуға мүдделі емес еді. Мемлекеттер үшін «Біздің мәңгі одақтас досымыз да, мәңгі алауыз жауымыз да жоқ. Мәңгі мүддеміз ғана бар және оны қорғауға тиіспіз» деген ұстаным дұрыс екеніне тарих көзімізді жеткізді. Сөйткен қалмақтар төрт ғасырдан бері орысиеттің ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында жүрген жұртқа айналды. Халық саны екі жүз мыңға жетер-жетпес Калмыкия – автономиялы республика, Элиста қаласы – астанасы деген ресми мәртебесі болғанымен, ұлттық негіздерінен айырылған. Кейбір үлкендерін айтпағанда, жастар мен жасөспірімдер жағы тілінен, ділінен, дінінен ажырап қалған. Қалмақ екендерін тек түрлері ғана білдіріп тұр. Өзге ұлттармен ортақ некеден туғанын, әсіресе, орыстармен араласқандарын да байқауға болады. Тәуелсіз ел болу туралы арман ойларына да кіріп-шықпайтын сияқты. Ата-бабаларымыздың бірнеше буыны өмір бойы соғысып өткен елдің төрінде Каспий аймағы елдерінің ұлттық өнерлерін таныстырған көршілес республикалармен бірге қазақ елінің өнерпаз өрендері де қалың көрерменнің қошеметіне бөленді. Бұл күндер менің ғұмырымдағы ұмытылмас, қайталанбас шақ болғаны рас. Өйткені ол жаққа ең алдымен туған елімнің мәдениетін насихаттауға бардым. Халықаралық сахнада Сәттіғұл шайырдың жырларын төгіп қайттым. Бірақ елім үшін еңсем көтеріліп, көңілім қанша асқақтаса, элисталықтарды көріп жүріп, еріксіз элегиялық күй кешкем... Бірақ оны он жылдан кейін неге қайта еске алып отырмын?! Жақында жерлес ақынымыз, Бейнеу ауылының түлегі Асылбек Жаңбырбайдың «Сармыс батыр» дастанын оқыдым. Оқыдым да ойландым. Үш ғасыр бойы қазақ-қалмақ соғыстарында ерекше ерлік көрсеткен ерлердің есімдерін тарихтан оқып, ақын-жыраулардың жыр-дастандарынан, терме-толғауларынан жаттап келдік. Жеке өзімнің репертуарымдағы әдеби мұраларда Шоғыдан шығып, «Қырықмылтық» атанған қырықтан астам батырдың біразы аталады. Маған әсер еткені – Асылбек жырлаған заманауи жаңа нұсқадағы сол соғыстардың ақыры «Шаңды жорық» оқиғасымен Сармыс батыр Тікенекұлының тұсында аяқталатын жері. Бұл – сан ғасырлық соғыстардың соңғы салдары ғана еді. Себебіне үңілсек, ақын меңзегендей, жер бетінен жоғалған жұрттың жұрнағын Ресей мен Қытайдан табамыз. «Тарихты жеңімпаздар жазады» десек, оның деректерін қазақх алқының тіл ұшындағы тарихынан да тыңдай аласыз. Өйткені көзі ашық, көкірегі ояу, тарихтан хабары бар әр ұрпақ өзгені айтпағанда, өз ата-бабаларының ерлік істерін жақсы біледі. Көбіміздің арғы әжелеріміз – сондай үлкен соғыстарда қолға түскен қалмақ қыздары. Бір мысал, олжа ретінде дүние-мүлік пен мал-жанды бөліске салған Еңсегей бойлы Ер Есім ханнан менің түп атам – Жеменей Жомарт атанған Аталық мырза сауғаға алып келген Ақсұқсыр анамыздың тарихын бүкіл ел біледі. Жаңай Қожаназар байдың жас тоқалы Ақшолпан анамыздан да тараған ұрпақтары бар. Солардың тағы біріне Сармыс батырдың үшінші зайыбы Меруерт анамыздан тарайтын ұрпақтары дәлел. «Отының болсын жантақтан, қатының болсын қалмақтан» деген сөз сол замандарда мақалға айналып кеткен. Бірақ ол бар қазаққа арналып айтылған сөз емес. Қалмақ қыздарын тек хандар, батырлар, билер, байлар ғана ала алған. Датұлы Сырымның немересі Қазы бидің өзі: «Екі Адай кездессе, көрсеткен ерлігі мен жасаған зорлығын айтады», – деп мінездеме берген ғой. Сырт көзге қазір әлімжеттік, тізе батыру, күш көрсету сияқты көрінгенімен, бұл – жауынгер жұрттың қанға сіңген қасиетінің бүгінгі көркем шығармадағы бір көрінісі ғана. Бірақ ақын біздер сияқты емес, кең тұрғыда қарайды: «Сахара, майдан дала – толғауымыз, Жалғасар елдің шебін қорғауымыз. Ақыры не болғанын білдіңіздер – Қалмақтай қыл жалаулы зор жауымыз...» Сөйткен қалмақ елі қазір қандай жағдайда?! Оны жоғарыда жаздым. Ол ол ма?! Осы дастанда батыр бабаларымыздың орысты да ойрандап, Орал анамызды олжалағанын оқып, айызым қанып қалды. Патшалық Ресейдің империалистік пиғылын тарихи тұрғыдан батыл әшкерелейтін азат ойлы жастардың өсіп келе жатқаны қуантады. Олар әлі кешегі кеңес үкіметінің де, бүгінгі Ресей Федерациясының да сепаратистік саясатын ашық айыптайтыны сөзсіз. Сол заманның өзінде Сармыс қана емес, кейінгі інілері мен балалары, немерелері – Дәуімшар мен Құдабай бастаған, Өтеміс пен Рақ қостаған батырлардың орысқа қарсы шайқастары Қожалақ пен Қарағұлдардың, Әуезберді мен Серғазылардың Хиуа әскерімен қақтығыстарына дейін баяндалған. «Ұлттардың түрмесі» болған патшалық Россияның дүркіреген дәурені не болды? Патша үкіметіне де, большевиктерге де көп қарсылықсыз берілген хиуалықтар, бұхаралықтар, қоқандықтар қайда?! Бұған ақын тілімен жауап берсек: «Қазаққа қас қылғанның түбі оңбайды!» Мұнымыз – табалау емес, бағалау деп білген жөн. Өзіміз де көп шығынмен бүгінге жетіп отырмыз. Осы жолдағы құрбандықтарымыз – азапты өткеніміз бен азат көктеміміздің садағасы болғандай. Тек соның қадірін біле алсақ қой... Осы тұрғыдан қарағанда Асылбек Жаңбырбайдың аталмыш жыр-дастаны – ұлттық патриотизмді, мемлекетшілдікті арттыратын дүние болып шығыпты және ол Маңғыстауда жазылғаны, Адайдың қаршадай бір баласының қаламынан туғаны көңілімізді өсірді. Қалмақ елінің Ресейге өз еркімен қосылғанына 400 жыл толуын тойлап жатқандарға: «Айналайындар-ау, бір ел бір елге өз еркімен қосыла ма? Бұл – бодандық! Оны өзіміз де тарихымыздан білеміз» – деп айтқың келеді. Бірақ онымен не өзгермек?! Құлдық психология етінен өтіп, сүйегіне жеткен. Бәрібір көп көптігін істейді. Мен өзім осындай ойлар түйдім. Әрбір оқырман бұл шығарманы оқып, өзінше пікір қалыптастырары сөзсіз, тек бейжай қалмайтыны да белгілі. Жем бойы, Үстірт пен Сам құмы өңірлерінде туып-өсіп, өмір сүрген, әр жылдары түрлі жорықтар мен соғыстарға қатысқан қаһарман тұлғаның өмірі мен ерлігі кейінгіге үлгі-өнеге. Бір жарым ғасыр бұрын Қалнияз кәкеміздің: «Сармыс, Шотан, Ер Жанақ Қалмақ жаумен шабысқан, Атағозы, Ер Лабақ Дұшпанды қуған қоныстан...» – деген бір үзік шумағында белгілі бес батырды бірге атайды. Мұндағы Шотан батыр мен Ер Жанаққа арналып кітаптар жазылып, ас беріліп, деректі фильмдер түсірілді. Алла разы, аталар әруағы шат болғай! Ескі Бейнеу қорымында Атағозы батыр мен Лабақ батырға қойылған ескерткіштер бар. Ал Сармыс батыр әлі күнге елеусіз қалып келеді. Былтыр жазда дала іссапарымен жүріп Үстірт үстіндегі Сармыс құдығының басында болғанбыз. Оны да қамқорлық пен қорғауға алу керегін білдік. Осы орайда қосымша ұсынысым да бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Бейнеуде аудан кәсіпкерлері қолға алған «Батырлар композициясы» аллеясын салу туралы жоспары – өте құптарлық, игілікті іс. Руға емес, рухқа қызмет ететін болсақ, заманы бір үзеңгілес, қарулас, майдандас бабаларымызды бөлу қателік пен қиянат болар еді. Жекелеген тарихи тұлғаларды айтпағанда, Ақтөбе қаласында 2013 жылы жазушы Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романындағы көркем шығарма кейіпкерлеріне де ескерткіш қойылды. Ал өмірде болған, ыстық қаны мен ащы тері Маңғыстау топырағына, әсіресе, қазіргі Бейнеу жеріне сіңген тұлғаларға ортақ ескерткіш қою – тарихи әділдік, абыройлы да сауапты дүние болмақ. Сондықтан даңқты бабаларымызды үлгі қылып, елдік пен ерлікке үндейтін жаңа кешенге Сармыс, Атағозы, Лабақ үшеуін қосып, қатарын арттырып, ескерткіш мазмұнын байыта түсуге шақырамын.
Ізжан ҚАЛҚАНОВ, Маңғыстау облыстық тарихи-мәдени қорығы