Шетпе гимназиясында Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласын іске асыру аясында "Маңғыстаудың ұлы тұлғасы - Әбіш" тақырыбында шығармашылық үшкүндік өтіп, кітап көрмесі ұйымдастырылды. Мектеп директоры Гүларша Нұрмағанбетова мектеп оқушыларына "Ұлы даланың жеті қырының Әбіш шығармаларындағы көрінісі" тақырыбында таныстырылым жасады. Үшкүндік аясында Ә.Кекілбаевтың «Ең бақытты күн» әңгімесі, «Үркер» романы бойынша оқушылар қойылым қойды. Соғыс жылдарындағы қарапайым жанұяның тіршілік әрекеті, береке-бірлігі, азаматтарын күткен ана, асыл жардың үміті, тілегі, ерен еңбегі туралы әңгімеде кездесетін салт-дәстүрлер мен кейіпкерлерді бүгінгі күнмен салыстыра от-ырып, бақыт сөзінің мағынасын тереңірек ашты. Бүгінгі күннің бақыты- елдің бейбітшілігі, отбасы амандығы, деннің саулығы мен жетістіктер екені айтыла отырып, қорытындыланды. Ал «Үркер» романы - қазақ елі басынан өткерген аса ауыр кезеңдерді, XVII-XVIII ғасырларда орын алған ірі-ірі оқиғаларды тарихи деректерге сүйеніп жазылған, көп қанатты, тарих шежіресін жырлайтын тамаша туынды. Бұл роман — қазақ елі өміріндегі аса қиын, асулы кезеңдерді қамтитын, әлеуметтік дамудың өзекті мәселелерін әңгіме ететін кең шығарма. Роман мазмұны, ең басты, нағыз өзекті мәселесі – қазақ елінің өз жері, өз бостандығы, дербес ел болып қалыптасуы үшін талай жылдар бойы табан тіресіп жүргізген күресінің жайы, айбынды асулары. Осы күресті керемет бейнелей білген қойылымға оқушылар ерекше ықылас білдіріп, ұзақ қол соқты. Әбіш Кекілбаев – адам жанының шындығын танудың алуан түрлі тәсілін шеберлікпен игерген жазушы. Ә. Кекілбаев кейіпкерлері қарапайым адамдар болғанымен олардың өзіне тән өмірі, тағдыры, мінез-құлқы бар. Жазушы олардың жан дүниесінің тереңіне барады. Кейіпкерінің жеке басындағы түрлі сезім иірімін сипаттай отырып, олардың іс-әрекетіне баға береді. Жазушы кейіпкерінің ішкі толғанысын, жан күйзелісін, жүрек тебіренісін қасиетті қара сөз құдіреті арқылы толғап жеткізеді. Апта соңында үшкүндік қорытындыланып, 5-сынып оқушылары Әбіш шығармаларынан таныстырылым жасады. Сонымен қатар жазушының өмірі мен шығармашылығынан викториналық сұрақтар қойылып, оқушылар белсенді жауап берді. Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбайұлына арналған үшкүндік оқушы бойына рухани-патриоттық тәрбиені сіңіретін маңызды шара болды.
Сандуғаш АМАНҚОСОВА, қосымша білім беру педагогі