Өмір салтымен, берік ұстанымымен көпке үлгі болар жандар көп. Тағдыр сынақ берсе де сынбай, қайсарлығы мен еңбекқорлығының арқасында айналасындағыларға өнеге болғандардың бірі – Смайл Сражадинұлы Салыхов, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Смайл – Онды ауылының абыройлы азаматы. Ол өмірдегі қиындықтарға қарамастан, еңбек етуді ұмытпаған.
40 жылдан бері көлік жүргізіп жүрген азамат 1988 жылы жол апатына түсіп, ауыр жағдайда ауруханада көзін ашқан. Содан бері екі аяғы жансыз. Көлігінің тежегішін, газын өзіне ыңғайлы қылып жасап алғандықтан бүгінде көлік жүргізушісі болып жұмыс істеуде. Ауыл тұрғындарын аудан орталығына, Ондыдан Шетпеге, Ақтау мен Жаңаөзенге де жеткізеді.
«Жүре алмай қалғанда бұдан былайғы өмірім өксікпен, өкінішпен өтеді ғой деп ойладым. Туған туыстарыма масыл боламын ба деген жаман ой жанымды жегідей жеді. Мені шыңыраудан туыс-туғандарым алып шықты. Олардың қолдауы маған өмірге басқа көзбен қарауды және оны басқа қырынан көруді үйретті. «Бордай үгітілгенше, болаттай беки түс», бұл менің өмірлік ұстанымым. Бүгінгі қоғамда мүмкіндігі шектеулі адамдар былай тұрсын, аяғы мен қолы балғадай адамдардың өзі жұмыссыздықтың шырмауына шырмалған. Мұндайда мойымау керек. Салыңды суға жіберсең, мүлде сынып қаласың»,- дейді Смайл Салыхов.
Ондылық тұрғын Смайлдыдың физикалық мүмкіндігі шектелгенімен, ол үшін шығармашылықпен айналысуға ешқандай кедергі жоқ. Көлік жүргізушісі бос уақытында шығармашылықпен айналысады, өлең шығарып, ән жазады. Кейде аяқ киім тігетін шебер ағайын шежіресін де жазып шығарған.
«Көпшілікті мүгедек адамның жұмыс істеуі қиын деген ой тежейді. Бұл – қате түсінік. Адам өзіне өзі шектеу қоймауы керек. Жалпы еңбек етемін деген адам ебін табары анық. Жалқаулық көп нәрсеге сылтау болады ғой»,- деп бөлісті жан-жақты Смайл.