Мұнайлы ауданында Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 орта мектептің Президент кабинетінде «Үкіметтік емес ұйымдардың адам құқықтары саласындағы мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл деңгейін арттыру» тақырыбында «Еуразиялық құқық қорғау орталығы» жеке қорының ұйымдастыруымен семинар өтті. Жиынға әлеуметтік осал топтардың және мемлекеттік қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ауыл мен ауылдық округтердің мамандары, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, көп балалы аналар қатысты. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заң ғылымдарының докторы, профессор Еңлік Нұрғалиева Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басқаруы мен тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның әлеуметтік саладағы жетістіктері туралы баяндама жасады. Тұңғыш Президенттің тың идеялары мен жүргізген саясаты, экономиканың дамуы жолында жасаған еңбегіне тоқталды. – Бұл жиында сіздерге Елбасы жайында 1994 жылдан бастап Әділет министрлігінде жұмыс жасағанда көзіммен көріп, көңіліме түйгенімді айтайын. Егемендік алған 27 жылда әлеуметтік салада не жасалды? "Ешқандай жетістік жоқ" деп барлығын жоққа шығаруға болмайды. 1995 жылы Конституция жазыларда Президенттің Әділет министрлігінің қызметкерлеріне 1 жазда 101 заң жазып шығуды тапсырды. Соған жауапты болдым. Ғалымдарды, мамандарды жинап заңды дайындауды қолға алдық. Көршілес елдердің тәжірибесін көру мақсатында 2 күн Англияға, 3 күн Түркияға іссапарға бардым. Бастысы, айтылған уақытта 101 заңды аяқтап, «Заң күшінде тұрған қаулылар» деп жазып тапсырдық. Президент қол қойды. Осы заңдарды жылдамдатуымыз нарыққа шығуымызға ықпалы зор болды. Сол уақытта нарыққа сай заңдарды тездетіп қабылдауға талпынған Н.Назарбаевтың дұрыс шешім қабылдауының арқасы еді. Ресейдің өзі заңды бізден кейін қабылдады, - деді ол. Профессор Еңлік Нұрғалиева Астананың «Нұр-Сұлтан» болып өзгеруі өте дұрыс шешім деп санайды. - Еліміз егемендік алған алғашқы жылдарда еліміздің солтүстік өңіріне көз тіккендер болды. Міне, сол үшін Елбасымыз 1995 жылы астананы (бұрынғы атауы Целиноградқа) көшіру туралы айтқанда бірден қолдаушылар бола қоймады. Соған қарамастан нақты шешім қабылдап, астананы көшірді. Елорда көпшілік сүйсіне көз тартатын әсем қалаға айналды, – дейді профессор Еңлік Нұрғалиева. Кездесуде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заң ғылымдарының кандидаты Шолпан Орманова биыл 1 сәуірден бастап берілетін төлемдерге тоқталды. Бұл атаулы әлеуметтік жәрдемақыны күн көрісі төмен, табысы аз көп балалы отбасыларға төленеді. Жиналысқа қатысқан көп балалы аналардың бірі жәрдемақыға құжат тапсырғанда үйінің базадан шықпағанын айтты. Ауыл әкімдігінен келген маман бұрынғы үйлердің кейбірі базаға тіркелмегенін, сол үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына үйдің құжаттымен барып, мекен-жай тіркелім кодын әкелу керектігін жеткізді. Айтып өтсек, атаулы әлеуметтік көмек - Маңғыстау облысы бойынша 23487 теңге. Сондықтан үйге кіретін жәрдемақыдан басқа табысты адам басына бөлгенде 23487 теңгеге жетпесе, әр балаға 23487 теңге төленеді. Бұл жәрдемақы бала 18 жастан асса тоқтатылады. Егер жоғары оқу орнында оқыса, онда 23 жасқа дейін атаулы әлеуметтік көмекті алуына мүмкіндігі бар. Кездесуде әлеуметтік жағынан осал топтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектерді реттейтін заңдарға шолу жасап және оған түсініктеме берілді.
Гүлнара ТАСБОЛАТОВА