Маңғыстау ауылдық «Миғраж» мешіті жанынан құрылған «Үммет жастары» тобы екі жылдық мерей тойына орай «Өнер» мейрамханасында рухани кеш өткізді.
Шараға Маңғыстау облысының өкіл имамы С.Сейтбеков, Мұнайлы ауданының бас имамы А.Муталиев, Маңғыстау ауылы әкімінің орынбасары Б.Қасымов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы С.Ноғаева, «Ақ жол» жастар қанатының жетекшісі А.Исаева, аудандық жастар орталығының мамандары, кәсіпкерлер және мешіт тізімінде тіркелген 50 отбасы қатысты.
− Бұл кеш «Үммет жастары» тобының құрылып, халықпен етене араласып жұмыс жасағанына екі жыл толуына және келе жатқан мұсылмандардың қасиетті мерекесі - құрбан айт мерекесіне арнап ұйымдастырылды. Кешті ұйымдастырудағы басты мақсатымыз артымыздан ерген жастарымызға үлгі көрсету, оларға рухани азық сыйлау. Және оларды әрбір іске қайырымды болуға тәрбиелеу, - дейді «Миғраж» мешітінің бас имамы Руслан Сағынтайұлы.
Жақсылықтың жаршысы болып, игі істердің басы-қасынан табылып жүрген топ осы кеште де арнайы шақырту алған 50 отбасыға қайырымдылық жасауды да ұмытпады. «Мектепке жол» акциясының аясында 25 ер бала мен 25 қыз балаға оқу-құралдарымен, аяқ киімдерін тарту етті. Сонымен қатар әрдайым «үммет жастарына» қолдау көрсетіп, қайырымдылық шараларға қаржылай көмек көрсеткен кәсіпкерлерге ризашылықтарын білдіріп, Алғыс хаттар табыстады.
Кешке қатысқан қонақтар құттықтауларын арнап, ауданымыздағы жастардың басын бір арнаға тоғыстырып, оларды жақсылық жолына жетелеп, дұрыс бағыт беріп жүрген топтың өміршең болуына тілек білдірді.