©
Басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін.
Елбасы Н.Назарбаевтың
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан
Маңғыстау ауданының 90 жылдығы, «Отпан» тарихи- мәдени кешенінің 10 жылдығына тарту ретінде Шетпе ауылының тумасы, кәсіпкер Сұңғат Мұңалбаев туған жеріне спорт кешенін салып берді. Ізгілікті істердің иінін тауып, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қайырымдылық жасап жүрген кәсіпкер шетпеліктерді шаттыққа бөледі. Бұрын ауыл балалары спорпен шұғылдану үшін орталықтағы спорт кешеніне қатынайтын. Енді спортшылар ауылдан ұзамай-ақ жаңа спорт кешенінде алаңсыз жаттыға алады. Шетпе-1 шағынауданының кіре берісінде бой түзеген еңселі ғимараттың ашылуына айтулы күнді аңсап күткен ауыл тұрғындары көп жиналған. Көтеріңкі көңіл мен шадыман шаттықа бөленген шетпеліктерді облыс әкімі Ералы Тоғжанов құттықтай барды. «Азамат» спорт кешені еліміздің көк туын биікке көтеретін жеңімпаздар ордасы болсын деген тілегін жеткізіп, демеушілік көмек көрсеткен кәсіпкерге алғыс айтып, ат мінгізді. Көптен күткен қуанышты сәт те келіп жетіп, жаңа спорт кешенінің лентасы қиылғанда тұрғындар шашу шашып, құтты болсын айтты. Қонақтар мен ауыл тұрғындары ғимараттың ішіне кіріп, жаңа нысанды аралап көрді. Спорт нысанында бір уақытта 50-дей адам жаттыға алады. – «Азамат» спорт кешенінің құрылысын 1 жыл бұрын басталған еді. Кіндік қаным тамып, туып-өскен жеріме осындай спорт кешенін салып беру көптен бері ойымда жүрген болатын. Бүгін сәті түсіп, бұл арманым жүзеге асты. Спорт кешенінің құрылысы мен құрал-жабдықтарға 200 млн.теңгеден астам қаржы жұмсалды. Ішінде бассейн, ерлер, әйелдер шұғылданатын залдар, тениис залы, 500 шаршы метр футбол алаңы бар. Алдағы уақытта балалар ойын алаңын, күрес, бокс залдарын ашамыз. Мұнда 10-нан аса адам жұмсайды. Халықтың жағдайына қарай қолжетімді бағада болады. Жаңа кешен келешекте спортшылар ұстаханасы болсын! – деді меценат Сұңғат Мұңалбаев. Ауыл тұрғындары спорт кешенін салып берген кәсіпкерге ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды. – Бізге осындай үлкен сый жасаған ел ағаларына алғыс айтамыз. Енді ауыл жастары бос уақытын осында өткізеді. Келешекте Шетпенің атын шығаратын, биік белестерді бағындыратын спортшы болғым келеді, – деді Серік Әкімов.Фарида Мұңалқызы
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="40426,40425,40423,40430,40422,40429"]