Даңқты мұнайшы Нәсіпқали Әбуғалиұлы Марабаевтың туғанына 80 жыл толуына орай Жаңаөзен қаласында ауқымды іс-шара өтті. Шара қаланың кіреберісі "Жаңаөзен" стелласынан бастау алып, қоғам және мемлекет қайраткері Н.Марабаевтың жары, ұрпағы, дос-жарандары, әріптестерін қошеметпен, ыстық ықыласпен қарсы алды. Қадірлі қонақтар қазақы дәстүрге сай шұбат, бауырсақпен қарсы алған Жаңаөзен басшылығына, халқына алғыстарын білдіріп, шын көңілден рахметтерін жеткізді. Бұдан кейін, шара "Бұрғышылар" аллеясында өткен митингке жалғасты. Жиналған қауым алдында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Сүйіндік Алдашев, ардагер мұнайшы, мемлекет және қоғам қайраткері Равиль Чердабаев, "Өзен бұрғылау жұмыстары" басқармасының ең алғашқы бригадасының бұрғышысы Болатбай Қарамұрзаев, Н.Марабаевтың ұлы Ермек Марабаев сөз сөйледі. Ардагер бұрғышының рухына тағзым етіп гүл шоқтарын қойды. - Н.Марабаев өзінің еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, барлық күш-жігерін еліміздің экономикалық-әлеуметтік басқа да салаларын, соның ішінде мұнай өндірісін дамытуға жұмсаған ірі тұлға.Сонау алпысыншы жылдары енді-енді мұнай беріп бастаған "Өзен" кенорнын игеруге зор үлесін қосты. Ағамыз басқарған "Өзен бұрғылау жұмыстары" басқармасы мыңдаған мұнай ұңғыларын қазып, өнім алды. Ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілеттері арқылы мұнай саласы дамыды. Жалпы айтқанда, бүгінгі күннің жемісі ағамыз секілді ел азаматтарының еңбегі, - деді облыс әкімінің орынбасары С.Алдашев құттықтау сөзінде. Осы күні Н.Марабаевтың тұрған үйі "Самал" шағынауданы №36-шы үйіне орнатылған мемориалды тақтасы салтанатты түрде ашылды. Ескерткіш тақтайшаны ашу рәсімі қала әкімі Елубай Әбілов және ардагер мұнайшы Жолдас Тоқтасынға берілді. Шара аясында "Мұнайшы" МҮ-де ғылыми конференция ұйымдастырылып, еліміздің белді геологтарының баяндамасы тыңдалды. Қадірлі қонақтарға арналып "Атамекен" мейрамханасында ас берілді. "Бұрғылау" ЖШС-ы демеушілігімен Нәсіпқали Әбуғалиұлы Марабаевтың туғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шараға қала әкімдігі атсалысты.
Жаңаөзен-Ақпарат