Құқық қорғау органдары мен мемлекеттік құрылымдардың беделін көтеру сондай-ақ, жергілікті полияция қызметіне халықтың сенімін арттыру мақатында ҚР ІІМ мен «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы бірлесіп, «Жолда қабылдау» акциясын өткізді.
Мақсат – халықпен жүзбе-жүз кездесіп, талап, тілек, ұсыныстарын тыңдау және құқықтық, консультативтік көмек көрсету, апаттылықтың алдын алудағы жол қауіпсіздік ережелерін насихаттау.
Халықтың сұрағына толық жауап беру үшін барлық құзырлы орган қызметкерлері жиналды.
-Бүгінгі акцияның негізі мақсаты – халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беру, тұрғындармен байланыс орнату. Жол қауіпсіздігіне қатысты, полиция қызметкерлерімен немесе қоғамдық орындарда туындаған сұрақтары болса бүгін осында келіп қоя алады. Ал егер тікелей қойғысы келмеген жағдайда осында арнайы жәшік бар, жазбаша түрде соған салып кетуге болады. Егер сұрақтар шешілмей жүрсе немесе біздің жолда жүрген инспекторларымыздың қате-кемшіліктері бар болса, осы жерде шағымдарды қабылдаймыз. Шағымдарға қатысты дәлелдемелер табылса, шаралар да қолданылады, - деді Ақтау қалалық әкімшілік полиция бастығы, майор Нұржан Оразұлы.
https://www.youtube.com/watch?v=aBOnkTV27aUСұрақ: Мен 12 шағынаудан 68 үйдің тұрғынымын. 15 шағынаудан жақтан келе жатқанда 70 үйдің жанында ішке қарай кіретін жол бар еді. Соны алып тастады, қазір 1 үйдің жанынан кіріп жүрміз. 67, 68, 69 үйде барлығы 320 пәтер, 250-300 көлік бар. Оның бәрі кешкісін жұмыстан шығып, үйге қайтқанда мектептің қасынан өтеді. 6-да біз жұмыстан келгенде мектептен балалар шығады. Мектептің алдында баласын күткен ата-аналар да тұрады. Олардың қатарында мен де бармын. Сол жерде кептеліс болады. Өзім үшін емес, балалар үшін алаңдаймын. Бізге қатты ыңғайсыз. Сол үшін 70 үйдің бір жағынан болса да кіруге рұқсат берсеңіздер немесе бұрылыс болса.
Жауап: Сұрағыңыз өте орынды. Ол жерден айналғанда кептеліс туындайды, өзім де байқап жүрмін. Әрі қарай мектепке тіреледі. Сіздің сұрағыңызды қарастырамыз.
Сұрақ: 2011 жылы Атырау-Орал тас жолында жылдамдықты арттырғаным үшін айыппұл салынды. Қалаға оралған соң оны төледім. Бірақ екі жыл өткен соң сайттан қарасам, әлі төленбеген деп тұр. Әлі күнге дейін сол айыппұл менің мойнымда. Айыппұлды шектеу ережесі бар ма әлде оны қайта төлеуім қажет пе?
Құқық қорғау органдары өкілдері сұрақ иесіне әкімшілік полиция басқармасына жүгінуді ұсынды, онда осы айыппұлды қайтару туралы немесе шектеу мерзіміне байланысты тоқтату туралы өтініш жазуға болатынын жеткізді.
Сұрақ: Автожолдарға қатысты сұрақтарымызды онлайн қайда қоюға болады?
Жауап: Маңғыстау облысының ІІД-нің баспасөз қызметі бар, сұрағыңызды сонда электрондық пошта арқылы тікелей жіберіп, толыққанды жауап ала аласыз.
Кездесуде осы және өзге де жол ережелері, қала жолдары, айыппұлға қатысты сұрақтар қойылды.
Сұрағын жәшікке салғандар мекен-жайын көрсетуі тиіс. Сол бойынша оларға заң талабы шеңберінде 10 күнге дейін хат арқылы жауап беріледі.
Мұндай акцияны әрбір үш сайын өткізіп тұрамыз дейді мамандар. Өйткені олар мұны әр тоқсан сайын тұрғындар алдында есеп беруіміз деп біледі.
-Ең көп қойылатын сұрақ жол қауіпсіздігіне қатысты. Жол белгілері, ережелері, оның ішінде жол-көлік оқиғалары мен қылмыстар бойынша да бар. Оған себеп – қазір автокөліктің құралдарын ұрлау көбеюде. Ол бойынша рейдтік шаралар ұйымдастырып тұрамыз, - дейді Нұржан Оразұлы.
Бұдан бұрынғы акцияда тұрғындардан 130-ға жуық (50-і жазбашы) сұрақ түскен.
Айта кетейік, өткен 9 айда Маңғыстау облысында 57 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2 адам қаза болған. Ал 60 адам әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алған.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="39684,39685,39686,39687,39688,39689"]