Қала көркі мен қауіпсіздігі басты мақсат
[ 2019 ] 27 қыркүйек, 10:08 | Қоғам
Құрылыс саласы қашанда ыждаһаттылықты қажет етеді. Өңірімізде бой көтеріп жатқан түрлі құрылыс нысандарының қала көркіне сай, тұрғындардың өміріне зиянын тигізбеуін назарда ұстау өте маңызды. Осы орайда, Жаңаөзен қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі мемлекеттік мекемесі Әсет Баймағанбетовпен сұхбат жүргізген болатынбыз.
- Жалпы сәулет бөлімінің қазаны үнемі қайнап, қызу жұмыс жүріп жатады. Ол қарапайым қоршаулардан бастап, тұрғын үй құрылысы, құжаттарды рәсімдеу жұмыстарымен тікелей айналысады. Осы жөнінде кеңірек тоқталып, бөлім жұмысымен таныстырып өтсеңіз.
- Жаңаөзен қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі жыл басынан бері жеке және заңды тұлғалардан меншік иесінің объектіні пайдалануға дербес қабылдау актілерін тіркеу бойынша 733 өтінішін қабылдап, оның 701 өтінішін заң аясында қанағаттандырды. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көрсеткіші бойынша 2019 жылға Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасымен 122 мың шаршы метр жоспарланған болатын. Қазіргі таңда көресткіш 84,5 мың шаршы метрді құрайды. Ал, мемлекеттік көрсетілген қызмет бойынша бөлім арқылы есепті кезеңде барлығы 2653 мемлекеттік қызмет көрсетілді.
Ағымдағы жылы «Елді мекен шегінде объект салу үшін жер учаскесін беру» мемлекеттік қызметі бойынша 84 қызмет, «Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарына бөлінген белдеуде, жарнаманы тұрақты орналастыру объектілерінде сыртқы жарнама орналастыруға рұсқат беру» бойынша 5 қызмет, «Қазақстан Республикасының аумағында жылжымайтын мүлік объектілерінің мекенжайын айқындау бойынша анықтама беру» бойынша 294 қызмет, «Тіреу және қоршау конструкцияларын, инженерлік жүйелер мен жабдықтарды өзгертуге байланысты емес қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын реконструкциялауға шешім беру» бойынша 271 қызмет, «Эскизді келісуден өткізу» бойынша 994 қызмет, «Сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру» бойынша 1005 қызмет көрсетілді.
- Бұның барлығы сіздердің ағымдағы жұмыстарыңыздың сан жүзіндегі нәтижесі ғой, ал оның артында қаншама еңбектің тұрғанын біле бермейміз. Құрылыс саласында жіберілген қателіктің орнын толтыру да ауыр. Жалпы қаламыздың өмір сүруге қолайлы болуы үшін қандай жұмыстар атқарылуда?
- Жыл басынан бері қала аумағында орналасқан кәсіпкерлік нысандар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен акционерлік қоғам басшыларына, кәсіпорындар мен басқа да мекемелерге тексеру жұмыстары жүргізіліп, мекеме басшыларына ғимараттардың айналасын қоқыстан тазарту және абаттандыру жұмыстарын, сондай-ақ, ғимараттардың сыртқы келбетін бояу және қоршауын сырлау, көркейту және жарықтандыру шаралары, атауы болмаған жағдайда орнату сияқты жұмыстарды жүргізуге ескерту берілген болатын.
- Соңғы уақытта қоғамымызда мүгедек азаматтардың мәселесі жиі қозғалып, олардың еркін қозғалуына арналған инфрақұрылым нысандарын бақылау жұмысы үкімет тарапынан қадағаланып келеді. Осы орайда біздің өңірде алға жылжу бар ма?
- Әрине, алға жылжу бар. Қала аумағындағы әлеуметтік, қоғамдық, акционерлік және кәсіпкерлік нысандарында мүгедектерге ыңғайлы жағдайдың жасалуына бірқатар жұмыстар жүргізілді. Аталған жұмыстардың орындалуы мақсатында Жаңаөзен қалалық мәслихатының шешімімен Жаңаөзен қаласының әкімдігі жанындағы ведомствоаралық комиссия құрамы бекітіліп, тексеру жұмыстары жүргізіліп, 36 әлеуметтік нысанның пандустары талапқа сай емес екендігі анықталды.
Сонымен қатар, «Өзенинвест» МКК-мен қала аумағындағы барлық жүргінші жолдармен саябақтардың кіру-шығу жолдарындағы кедергілерді жою жұмыстары атқарылып, қаламыздың Қ.Сәтбаев көшесінің бойында 14 жаяу жүргінші жолындағы кедергі жойылып, пандустар орнатылды.
Бұның барлығы қала тұрғындарының барлығы бірдей қолайлы ортада өмір сүруі үшін атқарылып отыр. Соған қарамастан, кемшіліктер әлі де орын алуда.
- Қандай кемшіліктер көптеп кездесуде. Олар жеке тұлғаларға қатысты ма, әлде кәсіпкерлік нысандарда көптеп кездеседі ме?
- Мысалы, қаламызда орналасқан 262 көп пәтерлі тұрғын үйлердің көбінде қосымша құрылыстар, қоршаулар салынған. ЖПИК-тің берген ақпараты бойынша Жаңаөзен қаласы бойынша 1021 пәтерде заңсыз құрылыстар, оның ішінде топчан 264, қосымша қоршау 418, шарбақ 186, галерейка қосылған 70, асылма 41, темірмен қоршау 21, көлікжай 21анықталған. Бұл заңсыздықтардың барлығы бойынша, көпқабатты тұрғын үйлерге жапсарлас жүргізілген құрылыстардың заңдылығын анықтау жөніндегі Жаңаөзен қаласы әкімінің 2018 жылғы 07 ақпандағы №06 Н/Қ өкіміне сәйкес жұмыс тобы құрылып, бүгінде шаралар қабылдануда.
Ал, кәсіпкерлік нысанға келетін болсақ, жарнамалақ билбордтарды орналастыруда өрескел қателіктерге жол берілген. Біздің бөлім жүргізген анықтау жұмыстарының нәтижесінде үлкен көлемдегі 6 билборд, 1 LED экран, 10 дана кіші көлемдегі жеңіл конструкциялы жарнама билборды орналасқан. 25 кәсіпкерлік нысанға ескерту берілді. Оған қосымша, Рахат ауылында да атаулы фактілер анықталып, рұқсатсыз көрнекі жарнама орналастырған кәсіпкерлік нысандарының тізімі жасақталып, Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына хат жолданды.
Бұның барлығы қала тұрғындарының қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Әсіресе, тұрғын үйлердегі ешбір сараптамасыз қосылған нысандардың көзін жойып, қауіпсіздік шараларын сақтау маңызды. Бүгінгі күнде тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 10 күн мерзім беріліп, қадағалауда ұстаймыз.
Біз өз қаламыздың көркі мен қауіпсіздігіне, қолайлы, өмір сүруге ыңғайлы болуына жауаптымыз.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Жазира АҚБЕРГЕНОВА
1799
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.