Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Жаңаөзен қаласында «Bahadur» шахмат мектебі ашылды. 31 мамыр күні мектептің лента қию рәсімі өтіп, салтанатты шараға қалалық кәсіпкерлік және спорт бөлімінің өкілдері, тұрғындар қатысты. Ақыл-ой спортына үйрететін мектепті қаламыздан жүзеге асырушы елордалық кәсіпкер Аян Ықылас. Мақсаты - балалар мен жасөспірімдердің, тіпті ересектердің бос уақытын тиімді өткізіп, жүйрік ойлауды, дұрыс шешім қабылдауды, тығырықтан шығуды, бір сөзбен айтқанда өмір сүруге қажетті ең бір сапалы қасиеттерді қалыптастыру болып табылады. Сондай-ақ, жаңаөзендіктердің шахматқа қызығушылығын арттырып, болашақ мықты гроссмейстерлерді дайындау. - Қызылорда облысы, Қазалы ауданының тумасымын. 17 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс жасадым. Осыдан екі жыл бұрын денсаулық жағдайыма байланысты қызметтен кетіп, жеке кәсіпкерлікке бет бұрғаным бар. Кәсіпкерлікпен айналысуды көздегенімде өзіме түсетін пайдадан бұрын менің басқаларға сіңіретін, үйрететін білім-білігімді жоғары қойдым. Сол себепті де, ақыл-ойды дамытатын мектепті ашу ең тиімді нұсқа болды. Қазіргі таңда, мектептер бірнеше аймақта бар, Жаңаөзендегісі осы кәсібімнің жалғасы, - деді мектеп иесі. Алғашында Ақтөбе қаласында ашылған мектеп бір жарым жыл жұмыс жасап, жемісін береді. Мектептен шыққан талай шәкірт әртүрлі деңгейдегі жарыстарда ойын көрсетіп, жүлделі орындарды иеленеді. Кейін Аян Ықылас отбасымен Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударып, елордада да кәсібін жалғастырады. - Негізі, шахмат ойнап білсең есепке жүйрік боласың. Өмірдің кез-келген ситуацияларынан шығатын жолды анық білесің. Есте сақтау қабілетің артады. Жады жақсы жұмыс жасайды. Айта берсең, адамға пайдалы жағы өте көп. Осы себептен болар, осынау ғажайып ойынды үйренгісі келетін, қыр-сырын меңгергісі келетіндер көп. Соңғы уақыттарда, біздің елімізде осы ақыл-ой спортында мықты екенін дәлелдеп, аты әлемге танылып жүрген спортшыларымыз артып келеді. Әлемдік деңгейде кіл мықтылармен бақталасып жүрген Д.Сәдуақасов, Ж.Әбдімәлік, Д.Сәдуақасова, Б.Асаубаева және тағы да басқа шахматшыларымыз шахмат спортына деген қызығушылық оятып, қазіргі жастарға үлгі-өнеге көрсетуде, - дейді А.Ықылас. Мектептің ашылу салтанатынан соң қатысушылар арасында бірден шахматтан турнир ұйымдастырылды. Өткізілген 6 турда да 21 баланың ішінде үздік ойын көрсеткен Ринат Рахатұлы жеңімпаз атанды. Алты жасар Нұрас Амангелді ІІ орын, Абылай Сейтмұханов ІІІ орын иеленді. Ал, ересектер мен жоғары разрядты балалар арасындағы ойында І орынға Еркебұлан Өтепов, ІІ орынға Ақниет Ермеков, ІІІ орынға Нұрбол Жиенбаев жайғасты. Турнир жеңімпаздарына «Bahadur» шахмат мектебі басшысы А.Ықылас медальдар мен мақтау қағаздарын, естелік сыйлықтар табыс етіп, алдағы уақытта мұндай жарыстар жалғасын табатынын жеткізді.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА