Әрбір істі жұмыла атқаратын азаматы көп ауылдың ажары уақыт өткен сайын ашылып, ел таңдана қарайтын көрікті мекенге айналатыны хақ. Құдайға шүкір, соңғы жылдары біздің ауылымызда да ел игілігі жолында жұмылып, ерікті түрде жұмыс жасауды үрдіске айналдырған азаматтар көбейіп келеді. Міне, осындай азаматтардың бір тобы - Бейнеу ауданымыздағы орта білім беру ошақтарының кәрі шаңырағы, 55 жылға жуық тарихы бар Абай атындағы орта мектептің түлектері өздерін түлеткен алтын ұя жанында бос жатқан аумақта ашық футбол алаңы құрылысын жүргізуді ерікті түрде қолға алды. - Абай атындағы мектеп дегенде Бейнеу ауданың тұрғындары жас ұрпаққа терең білім мен ұлттық болмысқа сай тәрбие беру қалыптасқан, орта білім беруде өнегесі мол қара шаңырақты көз алдына елестетеді. Шындығында, жарты ғасырдан астам уақыт еншісінде мектептен түлеп ұшқан түлектердің азамат болып қалыптасуында ұстаздар ұжымының еңбегі ерен. Сол еңбектің өтемін қайтара алдық па? Осыларды ой елегінен өткізе келе, биыл өз қаржымызға және өзіміздің күшімізбен мектеп жанында ашық футбол алаңын салу жөнінде шешім қабылдадық. Ұзындығы 40, ені 20 метр, газон төселген футбол алаңының жаңа үлгідегі құрылысы үшін алдын ала есептеуге қарағанда жобамен 5 миллион теңге қажет. Бұл, әрине, аз ақша емес. Десек те, «Көп түкірсе көл» деген бар емес пе? Алғашқы кезде бұл ерікті шараға мектеп бітірген түлектердің бір бөлегі қатысатын шығар деп ойлап едік. Бүгінгі таңда қатарымыз көбейіп келеді. Мен де үлесімді қосамын деушілердің арасында кәсіпкерлер, жомартжүрек, мырзақол азаматтар да аз емес екен. Бұл жұмысты қолға алған 20 күндей уақыт аясында алаңды тегістеп, топырағын нығыздап үлгердік. Қажетті қиыршық тасты алып келдік. Қолға алған жұмысымыздың ауа райының қолайлы уақытында бітетініне сеніміміз мол, - дейді ашық футбол алаңы құрылысында ерікті түрде жұмылып жұмыс жасап жатқан жігіттер. Олар осы жұмысты қолға алған азаматтардың барлығын, олардың арасында Әсет Сүлейменов, Асылбек Бекқожаев, Жандос Майланов, Қази Жарылғапов, Қазбек Тегісбаевтың есімдерін ерекше тілге алады. Ерікті азаматтар тобы салып жатқан ашық футбол алаңы құрылысы аяқталғаннан кейін Абай атындағы орта мектептің құзырына беріліп, мектеп оқушыларының, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып жүрген футболшы жастардың еншілі ойын орыны болады. Футбол ойнауға құмар ауыл жастары да бұл алаңнан пайдалану мүмкіндігіне ие болып, ауылымызда бұқаралық спорттың дамуына мүмкіндік ұлғаяды. Жігіттердің жұмыла жұмыс жасап жүргендерін көріп, олардың бұл жұмысты өздері межелеп отырған мерзімде аяқтайтындарына сеніммен қараймыз. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», «Көп біріккен жерге Алланың нұры шашылады» дейді халқымыз. Айта кетуіміз керек, Абай атындағы орта мектептің жарты ғасырдан астам тарихында түлетіп ұшырған түлектері – ауданымызда ерікті түрде ауқымды жұмысты тегін атқарушылардың тұңғыш ізашарлары. Бұлар осындай іс-шараларды алдағы уақытта жалғастыруды жоспарлап отыр. Ерікті түрде жұмыла жұмыс жасаудың ауданымызда қанат жаятындығына сеніммен қарайды.
Қартбай ҚОЖАЕВ