Есенов университетінің қазақ филологиясы кафедрасы – университеттегі маңдайалды, ғылыми әлеуеті жоғары кафедралардың бірі. Оның әр мүшесі туралы ауыз толтырып айтар әңгіме көп. Кафедра құрамының 80 пайызы – нәзік жандар. Отбасы шағын мемлекет болса, сол мемлекеттің шаруасын үйіріп әкететін – әйел. Әйел – ана, әйел – жар. Бір сөзбен айтқанда, әйел – отбасының ұйытқысы. Ер-азамат үйдің егесі болса, әйел – үйдің шегесі. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Қарап отырсақ, қазір арамызда тек үйде бала-шағасына қарап, үй тірлігімен ғана айналысатын әйелдер аз. Керісінше, қыз-келіншектер үйдің де, түздің де жұмысын істеп, бәріне үлгеріп жүр. Тіпті ағайын-туысқа да қызмет етіп, өзіне қарауға да уақыт бөледі. Қысқасы, қазіргі әйел бейнесінің қыры көп.
Біздің бүгінгі әңгімеміз адал жар, аяулы ана, ұлағатты ұстаз, білікті ғалым Бибатпа Әмірханқызы хақында болмақ.
Көшімова Бибатпа Әмірханқызы 1970 жылы 20 шілдеде Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Жыңғылды ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. Ол Маңғыстау ауданы Шетпе ауылындағы №4 орта мектепті бітіргеннен кейін, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетіне оқуға түсіп, осы оқу орнын 1992 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1992 жылы Тұщықұдық ауылындағы С.Жанғабылов атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған Бибатпа Әмірханқызы 1995 жылы Атырау педагогикалық университеті Ақтау филиалының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасына оқытушылық қызметке ауысады. Осы кезден бастап Ш.Есенов атындағы КТИУ қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор м.а. және 2012 жылдан 2020 жылдар аралығында педагогика факультенінің деканы болып қызмет етті. Педагогика» факультетінің деканы қызметінде ұжым арасында беделді, өз ісін жауапкершілікпен атқаратын басшы ретінде қызметін абыроймен атқара білді. Қазіргі таңда қазақ филологиясы кафедрасының профессорының м.а. болып, ұстаздық қызметімен қатар Есенов университетінің ғылыми кеңесінің хатшысы қызметін қоса атқаруда.
Бибатпа Әмірханқызы қызметкер отбасында дүниеге келген. Әкесі Әмірхан, анасы Айдаш алты баланы тәрбиелеп өсірген. Ұл-қыздарына жоғары білім берген. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған асыл жанды адамдар еді. Бибатпа – отбасының тұңғышы. Әкесі Әмірхан Көшімов 1966 жылы Қазақ Мемлекеттік Ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп, Маңғыстау ауданының Екпінді колхозында, Куйбышев атындағы кеңшарында бас инженер болып жасаған. 1975 жылдан Маңғыстау аудандық партия комитетінде өндіріс-транспорт ұйымдастыру бөлімдерінің меңгерушісі, екінші хатшы қызметтерін атқарған. 1991 жылдан 2006 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін 15 жылдай аудан орталығы Шетпе кентінде әкім болып қызмет атқараған. Анасы Айдаш Мақсымова бүкіл ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған. Бибатпа Әмірханқызы анасы туралы: «Анам жылы жүзді, жарқыраған, энергиясы мол, жұмсақ сөзді, ақылы көп, ағайын-тумаласқа ақ жүрегі әрқашанда елжіреп тұратын жан болды. Ешкімге дауыс көтеріп сөйлемейтін. Әкем екеуі ағайын-тумаластың бір қуаныш, бір қайғысына қалмай баратын, ағайын-тумаластың ыстық-ықыласына бөленген жандар еді. Анамыз ағаш үйдің барлық жабдықтарын өз қолымен тігетін, тоқитын, он саусағынан өнер тамған шебер кісі болды. Біз ес білгелі өрмек құрып, бау-басқұр, алатеру тоқитын. Жаз болса, бізді қасына алып, жүн сабап, киіз, оюлы текемет басатын. Киіз басу мен өрмек тоқу өнеріне баулитын. Алты қанат ағаш үй жаз мезгілінде үйдің ауласында тігіліп тұратын. Сонымен қатар анамның қонақ күтуі ерекше болды. Сүрлеген еті, дастарханындағы тағамы дәмді әрі мол болатын. Қазы тығу, ет тұздау шеберлігін көріп өстік. Біздер қыздары анамыздан азаматын сыйлауды, жарастырып сәнді киім киюді, қонақ күтуді, тумаласқа барынша қамқор болуды бойымызға барынша сіңіріп өстік», – деп сағынышпен еске алады. Ал әкесі туралы: «Әкемнен бойыма басшылық қызметтегі жауапкершілік, тәртіп, сауаттылық, жазу өнері сияқты қасиеттер дарыды деп ойлаймын. Әкем көп сөйлемейтін, сыртқы келбеті қатал көрінгенімен жүрегі өте жұқа, бауырмал адам болды», – дейді. Бұл екі кісінің бір-біріне деген асыл сезімі, құрметі өмірлерінің соңына дейін жалғасын тапты. Біз осындай отбасында дүниеге келгенімізге, осындай асыл әке-шешеміздің болғанына олардың рухтарының алдында басымды иіп, рақмет айтамын! Жатқан жерлеріңіз жайлы болсын! Ұрпақтарыңызды желеп-жебеп жатқайсыздар» деп ойын түйіндеді Бибатпа Әмірханқызы.
Бибатпа Әмірханқызы: «Мен мұғалімдікке жүрек қалауыммен келгенмін, сондықтан да өмірдегі басты миссиям – жастарға білім беру, білгеніммен бөлісу. Мұғалімдік миссияға адал болу үшін, алдымен адамдық миссияға адал болу менің басты ұстанымым болды», – дейді. Ол студенттерге «Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы мен сөзжасамы», «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы» және өзінің авторлық курсы «Маңғыстау топонимиясы» бойынша дәріс оқып, тәжірибе сабақтарын жүргізеді. Ғылыми, әдістемелік жұмыстармен шұғылданумен қатар, тәрбиелік шаралар ұйымдастыру, түрлі қоғамдық жұмыстар атқаруда елеулі үлес қосып келеді. Атап айтсақ, Маңғыстау облыстық «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің және Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы Ономастикалық комиссияның мүшесі.
Б.Көшімова университетке қызметке орналасқан кезден-ақ студенттерге білім берумен қатар үздіксіз ғылыми жұмыстармен айналыса бастайды. 1998–2001 жылдар аралығында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ізденуші болып тіркеліп, 2001 жылы «Қазақ лексикасындағы бейонимдену үрдісі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты.
Б.Көшімова – тынбай еңбектенуінің және ғылыми әлеуетінің жоғарылығы арқасында қазақ тілі біліміне, оның күрделі саласы ономастикаға айтулы үлес қосып келе жатқан ғалымдардың бірі. Ол кандидаттық диссертация қорғаған кейін, 2001 жылдан бері қарай, зерттелуі кенже қалып келе жатқан Маңғыстаудың жер-су атауларын барынша жинақтап, кешенді түрде зерттеуді қолға алды. Зерттеу жұмысының негізгі мазмұны мен тұжырымдары бойынша 70-ке жуық ғылыми мақаласы халықаралық (Қытай, Германия, Болгария, Ресей, Украина, Әзірбайжан, Қырғызстан т.б. елдердің), республикалық конференцияларда, ғылыми журналдар мен импакт-факторы бар журналдарда жарияланып, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Лингвистикалық жұма» атты ғылыми семинарында баяндалған. Осы уақытқа дейін ғалымның Маңғыстау өңірі жер-су атауларына қатысты бірнеше еңбектері жарық көрді. Атап айтқанда, «Маңғыстау топонимиясы» (оқулығы, 2010); «Маңғыстау өңірі топонимдерінің түсіндірме сөздігі» (24 б.т. 2010); «Маңғыстау өңірі топонимиясын қалыптастыратын халықтық немесе жергілікті географиялық терминдер мен басқа сөздер сөздігі» (2012); «Маңғыстау өңірі жер-су атауларының қазақша-орысша, ағылшынша түсіндірме сөздігі» (2012); «Маңғыстау өңірі топонимиясының тарихи, мәдени, энциклопедиялық ақпараттар жүйесі» (монография, 19 б.т., 2011); Маңғыстау облысының тілдерді дамыту жөніндегі бақармасының тапсырысы бойынша дайындалып, басылып шыққан «Маңғыстау топонимиясы» атты жинағы (2014); Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «Үстірттегі көненің көздері» (33 б.т., 2017) атты кітап-альбомы жарыққа шықты. Сонымен қатар Маңғыстау телеарнасының «Бабалар ізімен» танымдық жобасында Маңғыстаудың тарихи жерлері, су көздері, олардың маңызы, мән-мағынасы туралы ақпарат беріп, хабарға түсіп отыруы дәстүрге айналған.
Ғалым қазіргі таңда топонимиялық бағыттағы зерттеу жұмыстарын одан әрі кеңейтіп, «Каспий маңы елдері топонимиясындағы түркі тілінен енген атаулардың тарихи-лингвистикалық, этномәдени негіздері» тақырыбы бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді қолға алды. «Бұл жобада Каспий маңы елдері дегенде Каспий теңізімен шектесетін Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстан елдерінің топонимиясының қалыптасу тарихы, көші-қон мәселесі, топонимдердің, географиялық терминдердің таралу ареалы т.б. мәселелер қарастырылатын болады», – дейді ғалым. Әзірбайжан қаласы Шушада Түрксой Түркі мәдениеті мен өнерін дамыту жөніндегі халықаралық ұйымға мүше мемлекеттердің 40-отырысы өтіп, онда 2025 жылы Ақтау «Түркі әлемінің мәдени астанасы» болады деп маңызды шешім қабылданғаны баршаңызға мәлім. Сондықтан да бұл аталған бағыттағы бастаған ғылыми-зерттеу еңбегі түркі әлеміне қосылатын құнды зерттеу болады деп есептейміз.
Б.Көшімова – өзінің университеттегі ұстаздық және ғылыми қызметтерімен қатар өзін жан-жақты дамытуға, жаңа бағытта ізденуге үлкен мән беретін әріптестеріміздің бірі. Университет ұстаздарымен қатар Ресейдің «SkilLFolio» платформасынан «SkilLFolio junior эксперт» бағдарламасын (72 сағат) меңгеріп, арнайы сертификатқа ие болды. Осы алған білімі негізінде «Soft skills: тұлғалық және кәсіби дамуға арналған икемді дағдылар» атты қазақ тілінде авторлық курсын жасақтап, облысымыздың жас мамандарына, оқытушылар құрамы мен мұғалімдерге, студенттерге дәріс оқып, қазіргі таңдағы тренд Soft skills-ті дамыту бойынша өз білімімен бөлісуде. Атап айтсақ, 2022-2023, 2023-2024 оқу жылдарында «Yessenov University білім беру интенсиві» бағдарламасы аясында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның жұмысқа қабылданып жатқан 300-дей жас маманына «Soft skills: тұлғалық және кәсіби дамуға арналған икемді дағдылар» атты курсын сәтті ақтады. Курстан өткен жас мамандарға арнайы сертификат табысталды. 2022 жылы Ақтау қалалық №9 және №25 орта білім беру мектебінің мұғалімдеріне ұйымдастырылған «Педагогикалық білім беруді жетілдірудегі заманауи трендттер» атты біліктілікті арттыру курсы аясында «Педагогикалық қызметтегі икемді дағдылар» тақырыбында тәжірибелік семинар өткізіп, ХХІ ғасыр мектебі, оның мұғалімі дайындаған жаңа ғасырдағы оқушы моделі қандай? Бүгінгі күннің жақсы мұғалімі қандай болу керек? деген сұрақ төңірегіндегі ойларымен бөлісті. Қоғамымыз болашақта өздігінен білім іздейтін, жеке тұлға ретінде өзіндік көзқарасы бар, сыни ойлай білетін, өз білімін жетілдіруге мүдделі, өзінің алдына нақты мақсаттар қоя білетін, өз білімін кез келген ортада іске асыра отырып, пікірін еркін жеткізе алатын оқушыны заманымыз талап етуде. Осындай дағдыларды оқушы бойында қалыптастыратын да, ұлт болашағына сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісін ұйымдастыратын да орта бұл – мектеп және ондағы негізі тұлға – мұғалім. Сондықтан да әр мұғалім бүгінгі күннің талабына сай көшбасшы, білікті, эмоционалды интеллектісі жоғары, оқушылармен, ұжыммен тиімді қарым-қатынас құра білетін, ақпаратты технологияны жете меңгерген, жаңаша ойлай білетін тұлға болуы тиіс. Аталған семинарларда осы икемді дағдыларды (Soft skills) дамытудың маңыздылығына үлкен мән берілді.
Қазіргі таңда оқытушыларға қойылатын негізгі талаптардың бірі, әдетте, бұрын айтылмайтын, жұмсақ дағдыларды меңгеру болып табылады. Бұл белгілі бір кәсіптік саламен байланысы жоқ әлеуметтік-психологиялық бағдардың «икемді дағдылары» (soft skills) деп аталатындар. Оларға коммуникативті дағдылар, сыни ойлау, проблемаларды шешу дағдылары, шығармашылық, командада жұмыс жасау қабілеті, өзін-өзі ұйымдастыру, уақытты басқару, жанжалдарды шешу дағдылары және өз педагогикалық тәжірибесінде көшбасшылық дағдылары жатады. Оның ішінде, қазіргі таңда әр оқытушы педагогикалық ортада оқушылармен сауатты қарым-қатынас жасау дағдыларына ие болуы маңызды. Тұлғааралық қарым-қатынас ең маңызды «жұмсақ дағдылардың» бірі – онсыз тиімді оқу процесін құру мүмкін емес. Сондықтан да жазғы мектеп аясында осы Soft skills икемді дағдылар туралы, оларды дамытудың маңызы, дамыту, оны оқу процесінде қолдану жолдары туралы әріптестерімен тәжірибесін бөлісіп, мәселені талқылауы Б.Көшімованың ізденімпаз, жаңашыл, білгенін үйретуден жалықпайтын ұстаз екенін тағы бір айғақтайды.
Б.Көшімова өзінің «Soft skills: тұлғалық және кәсіби дамуға арналған икемді дағдылар» атты қазақ тіліндегі 6 модульден тұратын онлайн авторлық курсын одан әрі жетілдіріп, курсын Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары білім алушыларының оқуына мүмкіндік беретін Халықаралық дәрежеде статусы бар «COURSERA» платформасында жүктеуге ұсынып отыр.
Қазіргі уақытта әлемде өзгеріп жатқан жағдайларға икемді жауап беруге және кәсіби міндеттерді шығармашылықпен шешуге дайын креативті, қалыпқа сай ойламайтын мамандарға деген сұраныс артып келеді. Сондықтан да әр азамат инновациялық ортаны дамыту үшін өз дағдыларын дамытудан бастауы керек. Қазіргі әлемде табысты болу үшін терең білім мен тәжірибе жеткіліксіз. Ғалымдар адамдардың жетістікке, табысқа жетуінде hard skills (қатты дағдылар) 15%, soft skills (икемді дағдылар) 85% рөл атқаратынын анықтаған. Soft skills – адамның ішкі менінің дұрыс қалыптасуы, уақытты дұрыс басқаруы, лидерлік қабілет, жеке дамуы, қарым-қатынас құра білуі, т.б. тұлға болу үшін қажетті дағдылар. Бұл дағдылар мен қабілеттер өмірде де, жұмыста да дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Қазіргі әлем өте құбылмалы, сондықтан адамдар өзгерістерге жауап беру және бұрын-соңды болмаған шешімдерді таба білуге ұмтылуы қажет. Икемді дағдыларсыз бұл мүмкін емес. Болашақ – жасампаздар мен жанашыр, заңдылықтарды айқындайтын және өмірдің мәнін түсінетін адамдарға тиесілі. Сондықтан да кез келген өзіңдегі жетіспейтін қасиеттерді, дағдыларды біліп, сезініп, оны шешуге, дамытуға ұмтылу– табысқа жетудің бұл бірінші қадамы! Олай болса, бұл курспен танысқан әр жастың тұлғалық және кәсіби дамуына үлкен көмегі тиеді деп ойлаймыз.
2022 жылы Б.Көшімова Yessenov University-де өткен «Мамандығым – болашағым» жобасы аясында «Маңғыстау облысының жаңа мамандықтар атласы» форсайт-мектебінде Skills Technology Foresight әдістемесі бойынша «Модератор» біліктілік курсын үздік аяқтап, жоба аясында Маңғыстау облысын қажетті кадрлармен қамтамасыз етудің өңірлік стандартын жасақтап, «Жаңа мамандықтар атласын» әзірлейтін команда құрамында жұмыс жасау мүмкіндігіне ие болды. 2022 жылдың қараша айларында «Мамандығым – болашағым» жобасы аясында Маңғыстау облысындағы кадрларға деген қажеттіліктің өңірлік картасын қалыптастыруға арналған білім беру, туризм және мұнай-газ ісі, химия бағыттары бойынша форсайт-сессияларды алғаш рет қазақ тілінде жүргізгендігін мақтанышпен атап өтуге болады. Қазіргі таңда 2023-2025 ж.ж. арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша «Skills Technology Foresight әдісі негізінде Қазақстан өңірлерінің жаңа кәсіптері мен құзыреттерінің атластарын әзірлеу» (қаржыландыру сомасы: 249 929 572 теңге) жобасының мүшесі. «Форсайт-болжау әдісін пайдалана отырып, еңбек нарығын озыңқы кадрлық қамтамасыз етудің өңірлік стандарттарын әзірлеу» бағдарламасы шеңберінде Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Алматы облысы, Түркістан, Қостанай облыстарының өңірлік стандарттарын жасау жоспарлануда.
Б.Көшімова жемісті еңбек пен тынымсыз еңбегінің арқасында, жоғары оқу орындарының ұстаздары арасында жыл сайын жарияланатын бәйгеде топ жарып, 2010 жылдың «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын жеңіп алды. 2014 жылы Маңғыстау облысы бойынша «Жыл адамы» байқауында «Жыл ғалымы» номинациясының жеңімпазы. 2015 жылы ҚР Президентінің сайлау науқанына белсенді қатысқаны үшін Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғысымен марапатталған. Бірнеше рет Маңғыстау облысы әкімінің Алғысымен (2014, 2015 жж) марапатталған. 2023 жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбектің Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласын дамытуға елеулі үлесі мен адал қызметі үшін Алғыс хатымен, 2023 жылы «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапат та өз иесін анық тапқанына қуандық. Бибатпа – университеттегі ғылыми кеңестің ғалым хатшысы бола жүріп, барлық құжатты қазақ тіліне аударды, ғылыми кеңес, жиналыстардың тек қазақ тілінде жүргізілуіне тікелей мұрындық болды.
Б.Көшімова – бір қолымен әлемді тербетсе, екінші қолымен бесік тербеткен сүйікті жар, асыл ана. Жолдасы Нұрлан Дүйсебеков Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін механик мамандығы бойынша бітіріп, қазіргі таңда «Қаражанбасмұнай» АҚ-да басшылық қызметте. Екеуі сол студенттік кезде Алматы қаласында кездесіп, отбасын құрады. Жолдасымен 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, Ильяс, Шерхан атты екі тәтті немеренің қызығын көріп отырған бақытты отбасы. Қайын ене топырағынан дегендей екі келіні Айзада мен Ақгүл де– инабатты жандар. Ұлдары Еркебұлан, Руслан жоғары білікті маман. Ұлы Еркебұлан Пекин мұнай-газ университетін мұнай инженері мамандығы бойынша тәмамдап, қазіргі уақытта «Қаражанбасмұнай» АҚ-да геолог болып еңбек етеді. Руслан Абердин университетін (Англия) мұнай-газ ісі мамандығы бойынша, магистратураны Хериот-Ватт университетінен мұнай-газ ісі мамандығы бойынша бітірген. Қазіргі таңда «Қазақ мұнай және газ ғылыми-зерттеу және жобалау» институты АҚ-да аға ғылыми қызметкер болып жұмыс жасайды. Қызы Ақниет Бибатпа Әмірханқызы өзі білім алған білім мен ғылымның қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінде шет тілі: екі шетел тілі мамандығы бойынша білім алуда. Биыл 4-курсын тәмамдап, білікті маман болмақшы.
Бибатпаны танитын әрбір жан «Әйел бақыты неде?» деген сауалды тікелей қояры сөзсіз. «Әйел бақыты деген, ол – сүйікті болу, сүйікті жар атану, сәби сүю, ер-азаматты құрметтеу, отбасыңа да, қоғамға да, ғылымға да адал қызмет ету. Кейде бәріне үлгеруге уақыт жетпейді деу– қате пікір. Уақытты тиімді пайдалансаңыз, бәріне үлгеруге болады. Керісінше көбірек міндет болған сайын уақыттың қадірін жақсы білеміз. Тұрмыстық міндеттер ғылыммен айналысуға кедергі болмайды деп ойлаймын», – дейді Бибатпа Әмірханқызы. Арамызда Бибатпа сияқты салиқалы жандардың үлгілі істері, саналы ғұмыры – толыққанды қоғамның кепілі. Бибатпаның ғалымдық, ұстаздық еңбегіне толайым табыстар тілей отырып, «шыққан биігің аласармасын, Бибатпа!» дегім келеді.
Нағбду ҚАМАРОВА,
Yessenov University профессоры,
қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі,
ҚР Журналистер одағының мүшесі