Қоғамдық штаб мүшелері су тасқыны салдарынан эвакуацияланған Атырау облысының тұрғындарына көмек көрсетеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Штаб құрамында облыс, қала, аудан мәслихаттарының төрағалары мен депутаттары, саяси партиялардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жалпы 30-ға жуық адам бар.
Қазір штаб мүшелері түрлі бағыттар бойынша жұмыс істеуді бастады. Штаб басшысы Аят Сүгірбайдың айтуынша, ең алдымен эвакуацияланған азаматтарға ақпараттық және құқықтық қолдау көрсетіледі. Штаб қызметінің негізгі бағыттарының бірі - азық-түлік бағасының мониторингі. Осыған орай штаб басшысы барлық кәсіпкерлерді бағаны көтермеуге шақырды.
- Кәсіпкерлерден әлеуметтік жауапкершілік танытуды және апат аймағынан эвакуацияланған азаматтардың мәселесіне түсіністікпен қарауды сұраймын. Бұл жағдайды бағаны негізсіз көтеру үшін пайдалануға болмайды. Ел тарихындағы осы қиын кезеңнен лайықты өтіп, барлық қиындықты жеңетінімізге сенімдімін, - деді Аят Сүгірбай.