Ақтау жүргізушілері көршілес өңірдегі су тасқынынан зардап шеккендерді тегін тасымалдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Төтенше жағдай жарияланған көршілес өңірдегі су тасқыны кезінде маңғыстаулық тұрғындар қолынан келгенше қолдау білдірді. Осы орайда атыраулық ағайынды облысымызға эвакуациялауға белсене ат салысқан ақтаулық көлік жүргізушілерін айта кетуіміз қажет. Көлік жүргізушілері сын сағатта қиындыққа тап болған Атырау облысының тұрғындарына тегін қызмет көрсетті. Олардың бұл әрекеті халқымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағын көрсете білді.
- Су тасқыны кезінде зардап шеккен Атырау тұрғындарының жағдайын естіп, көмек қолын созғымыз келді. Атыраулықтар қауіпті аймақтан тезірек кету үшін қолдау-көмекке мұқтаж болды. Біз де жолдас жігіттердің бір ауыздан келісуімен өз үлесімізді қосқымыз келіп, Ақтау-Құлсары бағытында жолға шықтық. Атыраулық ағайындардың көбі Бейнеу ауданы мен Ақтау қаласына келді. Біз қажет болса бұл көмегімізді алдағы уақытта да жалғастырамыз, - дейді Қуаныш Сейсенбай.
Айта кетейік, қазір осы бастамаға Маңғыстау облысының басқа ауыл-аудандарындағы көлік жүргізушілері де қосылып жатыр.