Ақтаудағы 15 шағынаудандағы IT лицейге қазір 82 адам орналасқан, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов бүгін аталған мектепке барып, балалармен кездесті. Айт мерекесімен құттықтап, сыйлықтар таратты.
-Қазір ел болып жұмылып, су тасқынынан зардап шеккен адамдарға көмек көрсетіліп жатыр. Бүгінгі күннің батырлары осындай сын сәттерде танылады. 7 жасар баладан 70 жастағы қарттарымызға дейін тілеуін тілеп, моральдық және материалдық қолдау білдіруде. Облыстық мешіт пен аудан және қалалардағы мешіттерде де жоспар құрылып, күні-түні жұмыстар атқарылып жатыр. Басқа түскен осы сынақты бірге көтеру – барлығымызға ортақ міндет. Қазақта «Шүкір етсең Алла Тағала тағы береді» деген сөз бар. Алланың алдында шүкір мен сауаптың дәрежесі әрдайым артық. Мұндай нәубет, апат айтып келмейді. Кез-келген адам осындай жағдайда қалуы мүмкін. Ең бастысы – басымыздың амандығы екенін ұмытпайық. Құран кәрімде «Қиындықпен бірге жеңілдік келеді» делінген. Бабаларымыз талай зауалды, аштықты бастан кешірді, қиындықты еңсерді, сағы сынбады, күш бірлікте екенін танытты. Сол себепті бірлігіміз бен ауызбіршілігімізді жоғалтпайық. Ең бастысы – көңілімізді түсірмейік, - деді Әнуар Елжанов.
Бас имамның айтуынша, Атырау облысынан келген тұрғындарға көмектесу үшін имамдарға еріктілер қол ұшын беріп жатыр.